Жерді қоршаудың өзі оған иелік етуге жеткілікті ме деген мәселеде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Жердің шегін таспен белгілесе немесе айналасына қоршау тұрғызса, жер сол кісінің меншігіне өтеді деп санағандар осы хадиске сүйенеді. Ал кейбір ғалымдар мұндай әрекетті жерді игеру деп есептемейді. Осы пікірдегі Турбушти «жер» сөзін де нақтылау керек дейді. Оның айтуынша, кез келген жерді қоршап алу арқылы оған иелік етуге болмайды. Тибидің пікірінше, «дуалмен қоршау» тіркесі егістікті айнала қоршап, ішіндегіні қорғау үшін дуал салуды білдіреді. Малға қора тұрғызған сияқты, мұндай дуал да белгілі бір қажетке арнап салынады. Нәуауидің айтуынша, малға қора салуға, көкөніс пен жеміс кептіруге немесе отын мен сабан жинауға арналған жерді меншіктену үшін оны дуалмен қоршау шарт. Ағаш бұтағын немесе тас қадап қою жеткіліксіз.
Илә
«Илә» сөзі «ант ету», «тыйылу» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта ер адамның әйеліне төрт ай немесе одан ұзақ уақыт жақындамауға ант етуін илә дейді. Құранда сөз болған илә жәһилия дәуірінде кең тараған ажырасу түрі еді. «Әйелдеріне жақындамауға ант еткендерге төрт ай мұрсат беріледі. Егер олар райынан қайтса, Алла – аса кешірімді, ерекше мейірімді»2.
Жәһилия дәуірінде илә жасаған ер адамның әйеліне қайта оралуға хақы болмайтын, ал әйелі өмір бойы басқа адамға тұрмысқа шыға алмайтын. Құран бұл мерзімді төрт аймен шектеді. Осы аралықта ер адам антының кәффаратын өтеп, әйеліне қайта орала алады. Ханафи ғалымдарының пікірінше, төрт ай өтіп, ер адам райынан қайтпаса, бір талақ түскен болып саналады.
Илә үш түрлі болады:
1. Илә муаққат – мерзімі белгіленген илә. Мысалы, ер адам төрт не бес ай бойы әйеліне жақындамауға ант етеді.
2. Илә муәббад – әйеліне өмір бойы жақындамауға ант ету.
3. Илә мәжһул – мерзімін атамай, әйеліне жақындамауға ант ету.
Ер адам өзі белгілеген мерзім ішінде әйеліне жақындаса, антын бұзғаны үшін кәффарат өтейді. Иләнің бұдан өзге де бірқатар тармағы бар. Олардың әрқайсысы фиқһ кітаптарында егжей-тегжейлі қарастырылған.
Төмендегі хадистерде илә сөзі тілдік мағынасында қолданылған. Алла елшісі (с.а.с.) «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған отбасылық келіспеушіліктерден кейін жұбайларына бір ай жақындамауға ант еткен. Осы ісімен ол мүміндерге иләға қатысты әдепті де көрсетті. Бұл анттың себебі риуаяттарда әрқилы айтылады. Солардың бірін осы тараудың соңында келтіреміз. Өзге риуаяттарды тәпсір кітаптарынан оқуға болады. Бәріне ортақ жайт – отбасының берекесін бұзған келіспеушілік. Аталған оқиғалар бір мезгілде немесе бірінен соң бірі көп ұзамай болған шығар. Бәрі қосылып, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына ескерту ретінде біраз уақыт бөлек тұруына себеп болуы мүмкін. Бұл шешім қатты әсер еткен. Риуаяттарда жұбайлары мен жақындары Алла елшісі (с.а.с.) талақ берген шығар деп қатты алаңдап, қайғырып жылағаны айтылады.