Хадис

Кутуб ситтә, № 833

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
112. «Мунафиқун» сүресі
Нөмірі
№ 833 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
833
Кутуб ситтә, № 833 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Зәйд ибн Арқам

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْنَا مَعَ النَّبِىِّ ﷺ فِي سَفَرٍ أَصَابَ النَّاسَ فِيهِ شِدَّةٌ. فَقَالَ ابْنُ أُبَيٍّ ابْنُ سَلُولَ: لَا تُنْفِقُوا عَلَى مَنْ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ حَتَّى يَنْفَضُّوا مِنْ حَوْلِهِ. وَقَالَ: لَئِنْ رَجَعْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ لَيُخْرِجَنَّ الْأَعَزُّ مِنْهَا الْأَذَلَّ. فَأَتَيْتُ النَّبِىَّ ﷺ فَأَخْبَرْتُهُ بِذَلِكَ. فَأَرْسَلَ إِلَى ابْنِ أُبَيٍّ فَسَأَلَهُ: فَاجْتَهَدَ يَمِينَهُ مَا فَعَلَ. فَقَالُوا: كَذَبَ زَيْدٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَوَقَعَ فِي نَفْسِى مِمَّا قَالُوا شِدَّةٌ. حَتَّى أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى تَصْدِيقِى: إِذَا جَاءَكَ الْمُنَافِقُونَ. قَالَ ثُمَّ دَعَاهُمْ النَّبِىُّ ﷺ لِيَسْتَغْفِرَ لَهُمْ فَلَوَّوْا رُؤُسَهُمْ. وَقَوْلُهُ كَأَنَّهُمْ خُشُبٌ مُسَنَّدَةٌ.قَالَ: كَانُوا رِجَالًا أَجْمَلَ شَيْءٍ ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әркам (р.а.) былай дейді: «Жорыққа Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге шыққан едік. Бір кезде барлық әскерлер қиындыққа тап болды. Абдулла ибн Убәй (сол сәтті пайдаланып) былай деді: «Расулалланың жанындағыларға қаржылай көмек бермеңдер, сонда өздері-ақ бытырап тарап кетеді». Сондай-ақ мынаны да айтты: «Осыдан Мәдинаға (аман-сау) оралатын болсақ, ұлықтар ол жерден бейшараларды міндетті түрде қуып шығады». Мен дереу бұл сөздерді ардақты Пайғамбарға барып айттым. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Абдулла ибн Убәйге адам жіберткізіп, өзіне шақырып: «Осылай айттың ба?» – деп сұрады. Абдулла ибн Убәй олай айтқан жоқпын деп ант ішті. (Сол жердегілер оның осы сөзіне сеніп): «Зәйд Расулаллаға (с.а.с.) жалған айтты», – деді. Олардың бұл сөздеріне қатты ренжігенім соншалық – Алла Тағала мені растап, мына аятты түсірді: ﴿إِذَا جَآءَكَ ٱلْمُنَٰفِقُونَ قَالُوا۟ نَشْهَدُ إِنَّكَ لَرَسُولُ ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَعْلَمُ إِنَّكَ لَرَسُولُهُۥ وَٱللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّ ٱلْمُنَٰفِقِينَ لَكَٰذِبُونَ﴾ “Мұнафықтар алдыңа келгенде: “Біз куәлік етеміз: сен Алланың елшісісің!” – дейді. Алла сенің Өзінің елшісі екеніңді әлбетте біледі. Әрі Алла мұнафықтардың барып тұрған өтірікші кәззаптар екеніне куә болады.”1».

Зәйд сөзін жалғастырып: «Кейін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олар үшін Алладан кешірім тілемек болып, оларды шақырды. Сонда олар бастарын бұрып әкетті», – деді.

Зәйд ибн Әркам (р.а.) ﴿كَأَنَّهُمْ خُشُبٌ مُسَنَّدَةٌ﴾ «Шынында, олар құдды дуалға сүйеулі бөренелер секілді»2 деген аятты түсіндіріп: «Мұнафықтар өте келбетті кісілер еді», – деді.3

Түсіндірме

Мұнафықтар жайлы мәлімет №641 хадисте берілді. Осы риуаятты түсінуге қажет деректерге ғана тоқталайық. Оқиға қай жорықта өткені туралы бірнеше пікір бар. Тәбук жорығын атағандар да болған, алайда көпшілік оны Мұрайсиғ жорығында болды деп санайды. Рауилер пікірінің әркелкілігі мұнафықтардың мұндай арандатуды жиі қайталауынан болса керек. Оқиғаның өткен жерінен гөрі оның мәні маңызды.

Жәбирдің (р.а.) бір риуаяты бойынша, жорықта бір әзілқой мұһажир ансардың бірін қолымен не аяғымен бөксесінен түрткен. Бұған қатты намыстанған ансарлық төбелеспек болып тұра ұмтылады. Екеуі де жаһилият әдетімен «Уа, ансарлар!» және «Уа, мұһажирлер!» деп, өз жақтастарын көмекке шақырады.

Басқа риуаятта талас-тартыс жорыққа қатысқан бәдәуилер мен ансар арасында түйе суаратын кезде басталған: Қауызды суға толтырған бір бәдәуи әуелі өзінің жолдастарының суарғанын қалап, басқаларына тосқауыл болғысы келеді. Бір ансарлық түйесін суармақ болып алға ұмтылғанда, бәдәуи таспен ұрып ансарлықтың басын жарады. Ансарлық мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Убәйға барып шағымданады. Шамасы, әлгі ансарлық Абдулла ибн Убәйдың адамдарының бірі болса керек. Бұл жағдайға қапаланған Абдулла ибн Убәй: «Расулалланың айналасындағыларға, яғни бәдәуилерге қаржылай көмек бермеңдер, айналасынан тарап кетсін», – дейді. Бұлай айтуына олардың тамақ жеген кезде Алла Елшісінің айналасына жиналуы түрткі болған еді. Абдулла кейін өзінің адамдарына былай дейді: «Осыдан Мәдинаға (аман-сау) оралатын болсақ, ұлықтар ол жерден бейшараларды міндетті түрде қуып шығады».

Осы сөздерді естіген Зәйд, бір риуаят бойынша, көкесіне айтады, ал ол Алла Елшісіне жеткізеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Абдулланы шақыртып, сұраған кезде, ол ант ішіп жоққа шығарған соң, мұнафыққа сеніп һәм сөзін құптап, Зәйдтің көкесіне ескерту айтады. Көкесі де Зәйдке ұрысып: «Неге Расулалла мен мұсылмандарды ренжітесің?» – дейді. Зәйд: «Нақақтан-нақақ ұрыс естігеніме қатты қапаланғаным соншалық – басқа ешкім солай қапаланбаған шығар деп ойладым», – деп айтады.

Ертеңіне «Мунафиқун» сүресі түсіп, оқиғаның мән-жайы ашылды, Зәйд ибн Әркамның сөзі расталды.

  1. 1«Мунафиқун» сүресі, 1-аят
  2. 2«Мунафиқун» сүресі, 4-аят
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Мунафиқун», 1, 2; Мүслим, «Сифатул-мунафиқун», 1 (№2772); Тирмизи, «Тәпсір», «Мунафиқун» (№3312–3313, Ибраһим Жанан басылымында №3309–3310).