Мұнафықтар жайлы мәлімет №641 хадисте берілді. Осы риуаятты түсінуге қажет деректерге ғана тоқталайық. Оқиға қай жорықта өткені туралы бірнеше пікір бар. Тәбук жорығын атағандар да болған, алайда көпшілік оны Мұрайсиғ жорығында болды деп санайды. Рауилер пікірінің әркелкілігі мұнафықтардың мұндай арандатуды жиі қайталауынан болса керек. Оқиғаның өткен жерінен гөрі оның мәні маңызды.
Жәбирдің (р.а.) бір риуаяты бойынша, жорықта бір әзілқой мұһажир ансардың бірін қолымен не аяғымен бөксесінен түрткен. Бұған қатты намыстанған ансарлық төбелеспек болып тұра ұмтылады. Екеуі де жаһилият әдетімен «Уа, ансарлар!» және «Уа, мұһажирлер!» деп, өз жақтастарын көмекке шақырады.
Басқа риуаятта талас-тартыс жорыққа қатысқан бәдәуилер мен ансар арасында түйе суаратын кезде басталған: Қауызды суға толтырған бір бәдәуи әуелі өзінің жолдастарының суарғанын қалап, басқаларына тосқауыл болғысы келеді. Бір ансарлық түйесін суармақ болып алға ұмтылғанда, бәдәуи таспен ұрып ансарлықтың басын жарады. Ансарлық мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Убәйға барып шағымданады. Шамасы, әлгі ансарлық Абдулла ибн Убәйдың адамдарының бірі болса керек. Бұл жағдайға қапаланған Абдулла ибн Убәй: «Расулалланың айналасындағыларға, яғни бәдәуилерге қаржылай көмек бермеңдер, айналасынан тарап кетсін», – дейді. Бұлай айтуына олардың тамақ жеген кезде Алла Елшісінің айналасына жиналуы түрткі болған еді. Абдулла кейін өзінің адамдарына былай дейді: «Осыдан Мәдинаға (аман-сау) оралатын болсақ, ұлықтар ол жерден бейшараларды міндетті түрде қуып шығады».
Осы сөздерді естіген Зәйд, бір риуаят бойынша, көкесіне айтады, ал ол Алла Елшісіне жеткізеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Абдулланы шақыртып, сұраған кезде, ол ант ішіп жоққа шығарған соң, мұнафыққа сеніп һәм сөзін құптап, Зәйдтің көкесіне ескерту айтады. Көкесі де Зәйдке ұрысып: «Неге Расулалла мен мұсылмандарды ренжітесің?» – дейді. Зәйд: «Нақақтан-нақақ ұрыс естігеніме қатты қапаланғаным соншалық – басқа ешкім солай қапаланбаған шығар деп ойладым», – деп айтады.
Ертеңіне «Мунафиқун» сүресі түсіп, оқиғаның мән-жайы ашылды, Зәйд ибн Әркамның сөзі расталды.