Хадис

«Жұма» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 111-тарау · 1 хадис · № 831

Хадистер

831
Кутуб ситтә, № 831 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَا نَحْنُ نُصَلِّى مَعَ النَّبِىِّ ﷺ إِذْ أَقْبَلَتْ عِيرٌ تَحْمِلُ طَعَامًا فَالْتَفَتُوا إِليْهَا حَتَّى مَابَقِىَ مَعَ النَّبِىِّ ﷺ إِلَّا اثْنَا عَشَرَ رَجُلًا، مِنْهُمْ أَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَنَزَلَتْ: وَإِذَا رَأَوْا تِجَارَةً أَوْ لَهْوًا انْفَضُّوا إِلَيْهَا وَتَرَكُوكَ قَائِمًا الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: أَنَّهُ كَانَ قَائِمًا يَخْطُبُ وَذَكَرَ نَحْوَهُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Біз Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқып жатқанда, азық-түлік тиеген бір керуен келді. Жамағаттағылар (мешіттен шығып) керуенді қарсы алуға асықты. Мешітте он екі кісі қалды. Әзірет Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) да қалғандардың арасында еді. Осы жағдайға байланысты ﴿وَإِذَا رَأَوْا۟ تِجَٰرَةً أَوْ لَهْوًا ٱنفَضُّوٓا۟ إِلَيْهَا وَتَرَكُوكَ قَآئِمًا قُلْ مَا عِندَ ٱللَّهِ خَيْرٌ مِّنَ ٱللَّهْوِ وَمِنَ ٱلتِّجَٰرَةِ وَٱللَّهُ خَيْرُ ٱلرَّٰزِقِينَ﴾ “Олар сауда-саттықты немесе ойын-сауықты көргенде, соған еліріп, сені құтба оқып тұрған күйіңде тастап кете барды. Оларға: ‘Алланың құзырындағы (игілік) ойын-сауықтан және сауда-саттықтан әлдеқайда қайырлы! Алла – ризық берушілердің ең қайырлысы!’ – деп айт”1 деген аят түсірілді». Басқа риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) сол кезде тұрып құтба айтып жатқаны баяндалған. Оқиғаның қалған бөлігі де осыған ұқсас.2

Түсіндірме

Хадистің осы нұсқасында оқиға намаз үстінде болғаны айтылады. Басқа нұсқаларда Алла елшісі (с.а.с.) жұма құтбасын айту үшін мінберге шыққанда, Мәдинаға керуен келгені баяндалады. Әдетте керуен келсе, жұрт қуанып, жан-жақтан дауыс шығып, шаһар у-шуға бөленетін.

Аятта айтылғандай, құтба тыңдап отырған жамағаттың көбі ескі әдетімен орындарынан тұрып, керуенді қарсы алуға жүгірді. Алла Тағала олардың осы әрекетіне ескерту жасады.

Бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жанымды құдірет қолында ұстаған Аллаға ант етейін, егер барлығы кетіп қалып, құтбаны тыңдайтын ешкім қалмағанда, таудан төбелеріңе жалындаған сел келетін еді» деп, бұл әрекеттерінің сорақылығын ескерткен.

Муқатил ибн Хаййанның айтуынша, керуен ол кезде әлі мұсылман болмаған Дихия ибн Халифаға тиесілі еді. Ол Мәдинаға кіргенде дабыл қаққызған.

Ғалымдар аяттағы «тұрған күйіңде» деген сөзді құтбаны түрегеліп айтудың дәлелі ретінде келтірген. Риуаяттарда Алла Елшісінің (с.а.с.) намаздан бұрынғы құтбаны екіге бөліп, араларында біраз отырғаны айтылады.

Алла елшісі мен оның сүннетін айрықша құрметтеген сахабалардың осы әрекеті олардың қадірін кемітпейді. Бұл оқиға сахабалар Ислам әдебін үйреніп жатқан кезеңде болған. Құран кәрімнен де, Алла Елшісінің хадистерінен де бұған ұқсас екінші оқиға кездеспейді.

  1. 1«Жұма» сүресі, 11-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Жұма», 2, «Буйуғ», 6, «Жұма», 38; Мүслим, «Жұма», 36 (№863); Тирмизи, «Тәпсір», «Жұма» (№3311, Ибраһим Жанан басылымында №3308).