Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Синай тауына барған едім. Сол жерде Кәғбул-Ахбарды кездестірдім. Екеуміз бірге отырдық. Ол маған Тәураттан біраз нәрсе айтты. Мен де оған Алла елшісінің хадистерін айтып бердім. Оған айтқан хадистерімнің бірі мынау еді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: “Күн шыққан күндердің ең қайырлысы – жұма. Адам сол күні жаратылды. Жәннаттан сол күні шығарылды. Тәубесі сол күні қабыл болды. Сол күні қайтыс болды. Қиямет те сол күні болады. Жұма күні барлық жануарлар таң шапағынан күн шыққанға дейін: ‘Қиямет болып қала ма?’ – деп қорыққанынан құлақ түріп тыңдап тұрады. Тек жындар мен адамдар ғана бұдан ғапыл. Жұма күні сондай бір уақыт бар: мұсылман адам сол уақытта намазда болып, Алладан бір тілек тілесе, Алла оның тілегін міндетті түрде береді”. Кәғб: “Ол қадірлі уақыт жылына бір күн ғана болады”, – дегенде, мен: “Жоқ, әр жұмада сондай бір уақыт бар”, – дедім. Осыдан кейін Кәғб Тәуратты оқып: “Алла елшісі (с.а.с.) рас айтқан”, – деді».
Әбу Һурайра сөзін жалғастырып былай дейді: «Ол жерден кеткеннен кейін Басра ибн Әби Басра әл-Ғиффариді кездестірдім. Ол маған: “Қайдан келе жатырсың?” – деді. Мен: “Турдан”, – дедім. Мұны естігенде, ол: “Егер ол жаққа бармай тұрып саған жолыққанымда, бармас едің. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Үш мешіттен басқа жерге зиярат ниетімен сапар жасалмайды: Мәсжидул-Харамға, осы менің мешітіме және Илия, яғни Құдыс мешітіне немесе Бәйтүл-Мақдиске’, – деп бұйырған”, – деді».
Әбу Һурайра былай дейді: «Кейін Абдуллаһ ибн Сәләмға (р.а.) жолықтым. Оған Кәғбул-Ахбармен кездескенімді, жұма күніндегі қадірлі уақыт жайында айтқанымда, оның: “Ол уақыт жылдың бір күнінде болады”, – дегенін баяндадым. Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Кәғб дұрыс айтпапты”, – деді. Мен Кәғбтың Тәуратты оқығаннан кейін: “Иә, ол қайырлы уақыт әр жұмада болады”, – дегенін айттым. Сонда Абдуллаһ ибн Сәләм: “Кәғб дұрыс айтқан”, – деді де: “Ол уақыттың қай мезгіл екенін білемін”, – деді. Мен оған: “Ол қай уақыт екенін маған айт, менен жасырма”, – дегенімде, Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Ол – жұма күнінің соңғы уақыты”, – деді. Мен: “Қалайша жұма күнінің соңғы уақыты болады? Алла елшісі (с.а.с.): ‘Мұсылман адам намаз оқып тұрып сол уақытқа тап келсе...’ – деп бұйырды. Ал сен айтып тұрған уақытта намаз оқылмайды ғой”, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Алла елшісі: ‘Отырып намазды күткен адам намаз оқылғанға дейін намазда саналады’, – демеді ме?” – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Ол: “Міне, ол да дәл солай”, – деді1».
- 1Әбу Дәуіт, «Намаз», 2/200; Тирмизи, «Жұма», 4/2; Нәсәи, «Жұма», 14/45. Жұма күніндегі дұғалар қабыл болатын уақыт «сағат әл-ижаба» деп аталады. Ең қуатты пікір бойынша, бұл имамның мінберге шыққанынан намаздың оқылуына дейінгі уақытты қамтиды.