Қазақша аудармасы
Әсәд ұлдарынан бір адам былай баяндайды: «Отбасыммен бірге Бақиғул-Ғарқадқа, яғни Мәдина зиратына келіп тоқтадық. Үй ішімдегілер: “Алла елшісіне (с.а.с.) барып, бізге жейтін бір нәрсе сұра”, – деп, мұқтаждықтарын айта бастады. Алла елшісіне (с.а.с.) барсам, қасында одан жәрдем сұрап тұрған бір кісі бар екен. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Саған беретін ешнәрсе таба алмай тұрмын”, – деп жатты. Әлгі кісі: “Ант етемін, сен қалаған адамыңа бересің”, – деп ашуланып, кетіп қалды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Беретін ешнәрсе таба алмай тұрғаным үшін бұл кісі маған ашуланып кетті. Бір уқиясы немесе соған тең мал-мүлкі бола тұра сұраған адам табандап тіленген болады”, – деді». Әсәди: «Біздің сауынды түйеміз бір уқиядан әлдеқайда артық қой деп ойладым», – дейді. Имам Мәлик: «Бір уқия – қырық дирхам», – деп түсіндіреді. Әсәди сөзін жалғап: «Сөйтіп, Алла елшісінен (с.а.с.) ешнәрсе сұрамай қайттым. Кейін оған арпа мен кепкен жүзім әкелінді. Алла бізді мұқтаждықтан құтқарғанша, солардан бізге бөліп берді», – дейді.1