Нәфиғ Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) тәшәһһудты былай оқығанын риуаят етті: «Бисмилләһи, әт-тәхияту лилләһи, әс-салауату лилләһи, әз-зәкияту лилләһи, әс-сәләму ғалән-нәбиййи уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Шәһидту ән лә иләһә иллаллаһ, шәһидту әннә Мұхаммәдән расулуллаһ». Мұны алғашқы отырыста оқитын. Тәшәһһудтан кейін қалаған дұғасын оқитын. Екінші отырысында да алдымен тәшәһһуд оқып, содан кейін дұға ететін. Тәшәһһудты, яғни тәхиятты оқып, сәлем бергісі келген кезде: «Әс-сәләму ғалән-нәбиййи уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин», – дейтін. Содан кейін, егер имам оң жағында болса, оған сәлем беруді ниет етіп, оң жағына: «Әс-сәләму ғаләйкум», – деп сәлем беретін. Кейін сол жағындағы адам өзіне бұрылып сәлем берсе, ол да оған жауап беруді ниет етіп, сол жағына сәлем беретін1.
55–56. Қасым ибн Мұхаммед ардақты Елшінің (с.а.с.) жұбайы Айшаның (р.а.) тәшәһһудты былай оқығанын риуаят етті: «Әт-тәхияту әт-тайибату әс-салауату әз-зәкияту лилләһи. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ, уә әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уә расулуһ. Әс-сәләму ғаләйкә әййуһән-нәбиййу уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ, әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Әс-сәләму ғаләйкум2».
Имам Мәлик Ибн Шиһаб пен Нәфиғтан: «Имам бір рәкағат оқығаннан кейін оған ұйыған адам екінші және төртінші рәкағаттарда, өзі үшін бірінші және үшінші рәкағаттар болса да, имаммен бірге тәшәһһуд оқи ма?» – деп сұрағанда, олар: «Иә, оқиды», – деді. Имам Мәлик: «Біздің ұстанымымыз бойынша да солай», – деді3.
- 1Шәйбани, 147.
- 2Зурқани «әл-Истизкардан» былай жеткізеді: «Мәликтің Омардан, оның ұлынан және Айшадан риуаят еткені мәрфуғ үкімінде. Өйткені, белгілі болғандай, мұндай сөз жеке пікірге сүйеніп айтылмайды». Имам Әбу Ханифа мен ханафи имамдары бойынша тәшәһһуд, яғни тәхият туралы риуаят етілген хадистердің ең сахихы – намазда оқып жүрген, ілімхал кітаптарымызда жазылған және барлық ханафи фиқһ кітаптарында бар мына тәшәһһуд. Оны әзірет Пайғамбар Абдуллаһ ибн Масғұдтың қолынан ұстап үйреткен; ол Алқаманың қолынан ұстап үйреткен; Алқама Ибраһим ән-Нәхәғидің қолынан ұстап үйреткен; Ибраһим Хаммадтың қолынан ұстап үйреткен; Хаммад Әбу Ханифаның қолынан ұстап үйреткен: «Әт-тәхияту лилләһи уәс-салауату уәт-тайибату. Әс-сәләму ғаләйкә әйуһән-нәбийу уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уә расулуһ». «Мұхтар» шархы «Ихтияр», 1-том, 51-бет. Төрт рәкағатты парыздардың, бесін намазының алғашқы сүннетінің, жұма намазының алғашқы және соңғы сүннеттерінің қағда әл-уласына, яғни алғашқы отырысына отырғанда, жоғарыдағы тәшәһһудтан басқа ештеңе оқылмайды.
- 3Қараңыз: Шәйбани, 145. Бұл мәселедегі үкім ханафилер бойынша да осындай.