Хадис

Муатта, № 1

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
30. Өсиет
бап
1. Өсиет қалдыру жөніндегі бұйрық
Нөмірі
№ 1 (кітап ішіндегі рет реті)
1
Муатта, 30-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Өсиет ететін мал-мүлкі бар мұсылманның өсиетін жазып қоймастан екі түн өткізуі дұрыс емес», – деген1.

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданған үкім мынадай: дені сау кезінде болсын, сырқат кезінде болсын, құл азат ету немесе өзге бір нәрсе жөнінде жазбаша өсиет қалдырған адам оны өзі қайтыс болғанға дейін қалағанынша өзгерте алады. Өсиетін түгелдей алып тастап, басқаша жазғысы келсе де, ерікті. Алайда құлын “Мен өлгеннен кейін азатсың” деп тәдбир жолымен азат еткен болса, бұл міндеттемесін өзгерте алмайды. Өсиетке қатысты бұл үкім Алла елшісінің (с.а.с.): “Өсиет ететін мал-мүлкі бар мұсылманның өсиетін жазып қоймастан екі түн өткізуі дұрыс емес”, – деген сөзіне негізделеді».

Имам Мәлик былай дейді: «Өсиет етушіге өз өсиетін және онда көрсетілген құл азат етуді өзгертуге рұқсат берілмесе, өсиет қалдырған әрбір адамның азат етуді өсиет еткен құлына да, өзге өсиет еткен мал-мүлкіне де билік жүргізуіне тыйым салынуы керек болар еді. Алайда адам өсиетін кейде дені сау кезінде, кейде сапар үстінде қалдырады»2.

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданған үкім бойынша, өсиет етуші қаласа, өсиетін өзгерте алады. Алайда құлын өзі өлгеннен кейін азат болатындай етіп тәдбир жолымен азат еткен болса, оны өзгертуге құқығы жоқ»3.

  1. 1Бұхари, «Уасая», 55/1; Муслим, «Уасият», 25/1, № 1–3. Хадистегі «екі түн» деген сөз уақытқа нақты шек қоймайды. Бұл тіркес аз уақытты білдіру үшін қолданылған. Яғни аз ғана уақыттың өзін өсиетсіз өткізбеу керектігін аңғартады.
  2. 2Дені сау кезінде немесе сапар үстінде өсиет қалдырған адам сол мүлікке өзі де мұқтаж болады. Өсиет еткен мүлкіне билік ету құқығынан айырылса, өсиет қалдырудан бас тартуы мүмкін. Мұның зияны бүкіл жұртқа тиеді. Сондықтан оның мүлкіне билік ету құқығын шектемейміз. Өсиетті кейін өзгерту де мүлікке билік етудің бір түрі болғандықтан, бұл құқығы да сақталуға тиіс.
  3. 3Шәйбани, 734. Құлды өзі өлгеннен кейін азат болатындай етіп тәдбир жолымен азат ету – міндетті күші бар, өзгертуге болмайтын келісім. Ал өзге өсиеттердің мұндай міндетті күші жоқ, оларды өзгертуге болады.