Абдуллаһ ибн Аббас былай деп баяндайды: «Күн тұтылған еді. Мұны көрген Алла елшісі (с.а.с.) намазға тұрды, онымен бірге сол жердегілер де тұрды. Намазда қиямды Бақара сүресін оқитындай ұзақ ұстады, рукуғты да солай ұзартты. Содан кейін басын көтеріп, қиямды тағы да ұзақ ұстады, бірақ бұл біріншісі сияқты ұзақ емес еді. Сосын рукуғқа барды. Рукуғта да ұзақ тұрды, бірақ ол да бірінші рукуғ сияқты ұзақ емес еді. Содан кейін сәжде жасап, екінші рәкағатқа тұрды. Қиямы ұзаққа созылды, бірақ бірінші қиямнан қысқалау еді. Сосын рукуғқа барды. Рукуғы да ұзаққа созылды, бірақ бірінші рукуғтан қысқалау еді. Содан кейін бірінші қиямнан қысқарақ етіп қиямда тұрды. Кейін ұзақтау рукуғ жасады. Бұл да бірінші рукуғтан қысқалау еді. Содан кейін сәжде жасады. Сәлем берген кезде күн ашылған болатын. Сонда былай деп бұйырды: “Күн мен Ай – Алла Тағаланың күш-құдіретін көрсететін екі белгі. Олардың тұтылуы біреудің өліміне де, біреудің тууына да байланысты емес. Сондықтан олардың тұтылғанын көрген кезде Алланы зікір етіңдер1”.
Осыдан кейін жамағат: “Уа, Расулалла! Сіздің бір нәрсені ұстағандай болғаныңызды, сосын тартынғаныңызды көрдік. Не болды?” – деп сұрады. Пайғамбарымыз былай жауап берді: “Жәннатты көрдім, одан бір шоқ жеміс алуға ұмтылдым. Егер оны ұстап алғанымда, дүние тұрған уақыт бойы содан жер едіңдер. Тозақты да көрдім. Бүгін көргенімдей қорқынышты көріністі бұрын-соңды көрген емеспін. Тозақтағылардың көбі әйелдер екен”. Жамағат: “Неге, уа, Расулалла?” – деп сұрағанда, ол: “Шүкірсіздіктерінен!” – деп бұйырды. “Аллаға шүкірсіздік жасай ма?” – деп сұралғанда: “Күйеулеріне шүкірсіздік жасауы және олардың жақсылықтарын жоққа шығаруына байланысты. Біріне өмір бойы жақсылық жасасаң да, сенен бір ғана жамандық көрсе: ‘Мен сенен еш жақсылық көрген емеспін’, – дейді”, – деп бұйырды2».
- 1Күн тұтылу (күсуф) намазы екі рәкағаттан тұрады және жамағатпен оқылады. Қырағат іштей оқылады, құтбасы жоқ. Үйде жалғыз оқуға да болады. Ай тұтылу намазы да екі рәкағаттан тұрады, бірақ жалғыз оқылады. Ауа райы қатты бұзылған кезде де осыған ұқсас екі рәкағат намаз оқуға болады.
- 2Бұхари, «Күсуф», 16/9; Муслим, «Салат әл-күсуф», 10/17.