Хадис

Күсуф (күн тұтылуы)

Муатта, 13-кітап · 4 хадис · № 1–4

1-бапКүсуф намазының оқылу тәртібі

1
Муатта, 13-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Әзірет Айша былай деп баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында күн тұтылған еді. Пайғамбарымыз дереу халыққа намаз оқытты. Намаздың бірінші рәкағатында қиямды ұзақ ұстады. Содан кейін рукуғқа барып, рукуғты да едәуір ұзартты. Сосын басын көтеріп, қиямды тағы ұзақ ұстады. Бірақ бұл екінші қиям бірінші қиямнан қысқалау еді. Содан кейін қайта рукуғқа барып, рукуғты ұзартты. Бұл рукуғ алдыңғы рукуғтан қысқалау еді. Рукуғтан басын көтергеннен кейін сәждеге барды. Сәждеден кейін екінші рәкағатты да алдыңғысы сияқты орындап, намазды аяқтады. Осы кезде күн де ашылған еді.

Жамағатқа сөз сөйлеп, Аллаға мадақ пен шүкір айтқаннан кейін былай деп бұйырды: “Күн мен Ай – Алланың барлығы мен құдіретінің дәлелдерінен. Олар ешкімнің тууына да, ешкімнің өліміне де байланысты тұтылмайды. Олардың тұтылғанын көрген кезде Аллаға дұға етіңдер, Оны ұлықтап, садақа беріңдер”. Кейін сөзін былай жалғастырды: “Уа, Мұхаммед үмбеті! Аллаға ант етемін, құлының немесе күңінің зина жасауын Алладан артық қызғанатын ешкім жоқ. Уа, Мұхаммед үмбеті! Аллаға ант етемін, егер менің білгендерімді білгендеріңде, аз күліп, көп жылар едіңдер1”».

  1. 1Бұхари, «Күсуф», 16/3; Муслим, «Күсуф», 10/1.
2
Муатта, 13-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай деп баяндайды: «Күн тұтылған еді. Мұны көрген Алла елшісі (с.а.с.) намазға тұрды, онымен бірге сол жердегілер де тұрды. Намазда қиямды Бақара сүресін оқитындай ұзақ ұстады, рукуғты да солай ұзартты. Содан кейін басын көтеріп, қиямды тағы да ұзақ ұстады, бірақ бұл біріншісі сияқты ұзақ емес еді. Сосын рукуғқа барды. Рукуғта да ұзақ тұрды, бірақ ол да бірінші рукуғ сияқты ұзақ емес еді. Содан кейін сәжде жасап, екінші рәкағатқа тұрды. Қиямы ұзаққа созылды, бірақ бірінші қиямнан қысқалау еді. Сосын рукуғқа барды. Рукуғы да ұзаққа созылды, бірақ бірінші рукуғтан қысқалау еді. Содан кейін бірінші қиямнан қысқарақ етіп қиямда тұрды. Кейін ұзақтау рукуғ жасады. Бұл да бірінші рукуғтан қысқалау еді. Содан кейін сәжде жасады. Сәлем берген кезде күн ашылған болатын. Сонда былай деп бұйырды: “Күн мен Ай – Алла Тағаланың күш-құдіретін көрсететін екі белгі. Олардың тұтылуы біреудің өліміне де, біреудің тууына да байланысты емес. Сондықтан олардың тұтылғанын көрген кезде Алланы зікір етіңдер1”.

Осыдан кейін жамағат: “Уа, Расулалла! Сіздің бір нәрсені ұстағандай болғаныңызды, сосын тартынғаныңызды көрдік. Не болды?” – деп сұрады. Пайғамбарымыз былай жауап берді: “Жәннатты көрдім, одан бір шоқ жеміс алуға ұмтылдым. Егер оны ұстап алғанымда, дүние тұрған уақыт бойы содан жер едіңдер. Тозақты да көрдім. Бүгін көргенімдей қорқынышты көріністі бұрын-соңды көрген емеспін. Тозақтағылардың көбі әйелдер екен”. Жамағат: “Неге, уа, Расулалла?” – деп сұрағанда, ол: “Шүкірсіздіктерінен!” – деп бұйырды. “Аллаға шүкірсіздік жасай ма?” – деп сұралғанда: “Күйеулеріне шүкірсіздік жасауы және олардың жақсылықтарын жоққа шығаруына байланысты. Біріне өмір бойы жақсылық жасасаң да, сенен бір ғана жамандық көрсе: ‘Мен сенен еш жақсылық көрген емеспін’, – дейді”, – деп бұйырды2».

  1. 1Күн тұтылу (күсуф) намазы екі рәкағаттан тұрады және жамағатпен оқылады. Қырағат іштей оқылады, құтбасы жоқ. Үйде жалғыз оқуға да болады. Ай тұтылу намазы да екі рәкағаттан тұрады, бірақ жалғыз оқылады. Ауа райы қатты бұзылған кезде де осыған ұқсас екі рәкағат намаз оқуға болады.
  2. 2Бұхари, «Күсуф», 16/9; Муслим, «Салат әл-күсуф», 10/17.
3
Муатта, 13-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай деп баяндайды: «Бір яһуди әйел келіп: “Алла сені қабір азабынан сақтасын!” – деп дұға етіп, бір нәрселер сұрады. Осыдан кейін мен Алла елшісінен (с.а.с.): “Қабірде азап бар ма?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.) дереу қабір азабынан Аллаға сиынатынын айтты... Күндердің бірінде таңертең көлікке мінген еді, сол кезде күн тұтылды. Барған жерінен сәске уақытында қайтты. Қайтқан соң әйелдерінің бөлмелерінің артындағы мешітке барып, намаз оқыды. Мұны көрген мұсылмандар да оның артына намазға тұрды.

Намазда қиям мен рукуғты едәуір ұзартты. Рукуғтан басын көтергенде, қиямды тағы ұзартты, бірақ бұл бірінші қиямнан қысқалау еді. Кейін қайтадан рукуғқа барды. Бірақ бұл алғашқы рукуғтан қысқалау еді. Рукуғтан басын көтергеннен кейін сәждеге барды. Екінші рәкағатқа тұрған кезде тағы ұзартты, бірақ бірінші рәкағаттағыдай ұзақ емес еді. Содан кейін рукуғқа барды. Оны да ұзартты, бірақ алғашқы рукуғтан қысқалау еді. Басын көтерді. Алғашқы қиямнан қысқалау етіп қиямда тұрды. Кейін тағы рукуғқа барды. Бірінші рукуғтан сәл қысқалау рукуғ жасады. Содан соң басын көтеріп, сәждеге барды. Намазды аяқтаған соң Алла Тағаланың айтуын бұйырған сөздерін жамағатқа жеткізді. Жамағатқа қабір азабынан Аллаға сиынуды бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Күсуф», 16/7; Муслим, «Салат әл-күсуф», 10/8.

2-бапКүсуф намазына қатысты өзге риуаяттар

4
Муатта, 13-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Бәкір әс-Сыддықтың қызы Әсма былай деп баяндайды: «Күн тұтылған кезде Пайғамбарымыздың жұбайы Әзірет Айшаның қасына барған едім. Қарасам, жұрттың бәрі намаз оқып жатыр екен, ол да намаз оқып тұрды. Мен: “Бұларға не болды?” – дедім. Әзірет Айша қолымен аспанды ишара етіп: “Субханаллаһ!” – деді. Мен: “Бұл Алланың құдіретін көрсететін бір белгі ме?” – дедім. Ол басымен “иә” деген мағынада ишара жасады. Мен де намазға тұрып, талып қала жаздадым. Сол кезде басыма су құя бастадым.

Алла елшісі Аллаға мадақ пен шүкір айтқаннан кейін былай деп бұйырды: “Бұған дейін еш көрмеген нәрсені көрдім! Жәннат пен тозақты көрдім. Маған уаһи етілгеніне қарағанда, сендер қабірде Дәжжалдың сынағы сияқты сыналасыңдар: сендерді әкеліп: ‘Бұл адам туралы не білесің?’ – деп сұрайды. Егер әкелінген адам мүмін болса: ‘Ол – Алланың елшісі Мұхаммед. Бізге ап-айқын дәлелдер мен тура жол әкелді, біз де оған еріп, иман келтірдік, оған бағындық’, – дейді. Сонда оған: ‘Жайбарақат ұйықта, біз сенің мүмін екеніңді онсыз да білетін едік’, – делінеді. Ал әкелінген адам мұнафық болса, бұл сұраққа: ‘Білмеймін, жұрт ол туралы бір нәрселер айтатын, мен де солар сияқты айтатынмын’, – деп жауап береді1”».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/37; Муслим, «Салат әл-күсуф», 10/11.