Қазақша аудармасы
Сәһл ибн Әби Хасмә былай деп баяндайды: «Қауіп намазы былай оқылады: имам алға шығады, жамағаттың бір тобы оның артында сап түзейді, ал екінші топ дұшпанға қарсы күтіп тұрады. Имам бұл топқа бір рәкағат оқытқаннан кейін екінші рәкағатқа тұрады. Артындағы жамағат қалған рәкағаттарын өздері толықтырғанға дейін қиямда күтіп тұрады. Жамағат намазды толықтырып, сәлем берген соң саптан шығады. Имам әлі де қиямда күтіп тұрады. Бұл жолы дұшпанға қарсы тұрғандар имамның артына келіп сап түзеді, ал намаздарын аяқтағандар дұшпанға қарсы тұруға барады. Имамның артына сап түзеген бұл екінші топ тәкбір алады. Имам оларға да бір рәкағат оқытқаннан кейін сәлем береді. Ал жамағат оқымаған рәкағаттарын толықтырып, сәлем береді1».
- 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мәликтің риуаятшылары бұл хадисті “Муаттада” Сәһлге барып тірелетін мәуқуф түрінде жеткізген. Мұндай нәрсе жеке пікірмен, яғни ақылға сүйеніп айтылмайды. Марфуғ-мүснад түрінде де риуаят етілген». Бұхари, «Мағази», 64/31; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/309.