عَنْ حُذَيْفَةَ بْنِ الْيَمَانِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «كَانَ النَّاسُ يَسْأَلُونَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَيْرِ، وَكُنْتُ أَسْأَلُهُ عَنِ الشَّرِّ مَخَافَةَ أَنْ يُدْرِكَنِي، فَقُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا كُنَّا فِي جَاهِلِيَّةٍ وَشَرٍّ، فَجَاءَنَا اللَّهُ بِهَذَا الْخَيْرِ، فَهَلْ بَعْدَ هَذَا الْخَيْرِ شَرٌّ؟” قَالَ: “نَعَمْ”. فَقُلْتُ: “هَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الشَّرِّ مِنْ خَيْرٍ؟” قَالَ: “نَعَمْ، وَفِيهِ دَخَنٌ”. قُلْتُ: “وَمَا دَخَنُهُ؟” قَالَ: “قَوْمٌ يَسْتَنُّونَ بِغَيْرِ سُنَّتِي، وَيَهْتَدُونَ بِغَيْرِ هَدْيِي، تَعْرِفُ مِنْهُمْ وَتُنْكِرُ”. فَقُلْتُ: “هَلْ بَعْدَ ذَلِكَ الْخَيْرِ مِنْ شَرٍّ؟” قَالَ: “نَعَمْ، دُعَاةٌ عَلَى أَبْوَابِ جَهَنَّمَ، مَنْ أَجَابَهُمْ إِلَيْهَا قَذَفُوهُ فِيهَا”. فَقُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، صِفْهُمْ لَنَا”. قَالَ: “نَعَمْ، هُمْ قَوْمٌ مِنْ جِلْدَتِنَا، وَيَتَكَلَّمُونَ بِأَلْسِنَتِنَا”. قُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَمَا تَرَى إِنْ أَدْرَكَنِي ذَلِكَ؟” قَالَ: “تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَإِمَامَهُمْ”. فَقُلْتُ: “فَإِنْ لَمْ تَكُنْ لَهُمْ جَمَاعَةٌ وَلَا إِمَامٌ؟” قَالَ: “فَاعْتَزِلْ تِلْكَ الْفِرَقَ كُلَّهَا، وَلَوْ أَنْ تَعَضَّ عَلَى أَصْلِ شَجَرَةٍ حَتَّى يُدْرِكَكَ الْمَوْتُ وَأَنْتَ عَلَى ذَلِكَ”».
Хузайфа ибн әл-Яман (р.а.) былай деді: «Адамдар Алла Елшісінен (с.а.с.) жақсылық туралы сұрайтын, ал мен жамандыққа тап болып қалудан қорқып, одан жамандық туралы сұрайтынмын. Мен: “Уа, Расулалла! Біз жәһилиет пен жамандықтың ішінде едік. Алла бізге осы игілікті әкелді. Осы игіліктен кейін жамандық бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә”, – деді. Мен: “Сол жамандықтан кейін қайтадан игілік бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, бірақ оған бір бұлыңғырлық араласады”, – деді. Мен: “Оның бұлыңғырлығы неде?” – деп сұрадым. Ол: “Менің сүннетімнен өзге жолды ұстанып, менің тура жолымнан басқа жолмен жүретін адамдар шығады. Олардың кейбір істерін мақұлдап, кейбірін теріске шығарасың”, – деді. Мен: “Осы игіліктен кейін тағы да жамандық бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә. Жәһаннам қақпаларының алдында тұрып шақыратын адамдар болады. Кім олардың шақыруына жауап берсе, оны Жәһаннамға тастайды”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Оларды бізге сипаттап беріңізші”, – дедім. Ол: “Иә. Олар өз арамыздан шығып, өз тілімізде сөйлейді”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Егер сол заманға жетсем, маған не істеуді ұсынасыз?” – деп сұрадым. Ол: “Мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамынан ажырама”, – деді. Мен: “Ал олардың жамағаты да, имамы да болмаса ше?” – деп сұрадым. Ол: “Ондай топтардың барлығынан аулақ бол. Тіпті ағаштың тамырын тістеп ұстауға тура келсе де, ажал жеткенше сол күйіңнен айныма”, – деді» (1847/51).