Хадис

Кутуб ситтә, № 5974

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5974 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 40
5974
Кутуб ситтә, № 5974 · тараудағы реті: 40Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: كَانَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَبْدًا مَأْمُورًا، مَا اخْتَصَّنَا مِنْ دُونِ النَّاسِ بِشَيْءٍ إِلَّا بِثَلَاثٍ: أَمَرَنَا أَنْ نُسْبِغَ الْوُضُوءَ، وَأَنْ لَا نَأْكُلَ الصَّدَقَةَ، وَلَا نُنْزِيَ حِمَارًا عَلَى فَرَسٍ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Алланың әмірі мен тыйымдарын жеткізуге міндеттелген құл еді. Бізге, өз әулетіне, мына үш нәрседен басқа өзгелерге айтпаған арнайы бұйрық берген жоқ. Дәретті толық алуды, садақа жемеуді және есекті биеге салмауды бұйырды».1

Түсіндірме

1. Ибн Аббастың бұл сөзі Алла елшісі (с.а.с.) өз әулетіне арнаулы ілім мен өсиет қалдырған деген шиғалардың пікіріне жауап бола алады. Шиғалар Алла елшісі (с.а.с.) Әлиге арнайы ілім үйретіп, өзінен кейінгі халифалықты соған өсиет етті дейді. Әлиден бұл жөнінде талай рет сұрағанда, ол мұны үнемі теріске шығарған. Құраннан өзге арнайы ілім алмағанын айтып, «тек қылышымның қынындағы мына бір парақ қана бар» деген. Оның ішінде не бар деген сұраққа берген жауаптары белгілі болғандықтан, мұнда қайталап жатпаймыз.

Хадистегі үш істің екеуі өзге мұсылмандарға да ұсынылған. Дәретті толық алу бүкіл үмбетке мәндуп. Есекті биеге салмау да солай, кей ғалымдар оны мәкруһ деп санаған. Мұндағы мақсат – жылқы тұқымын сақтау. Бұл пікірге сай, есек пен биеден туған қашырдың құны төмендеу әрі шайқаста жылқының қызметін атқара алмайды. Сондықтан олжа бөлінгенде жылқыға үлес берілсе, қашырға берілмейді. Бұған қарсы ғалымдар тыйымның уақытша болғанын айтып, есекті биеге салуды мәкруһ санамаған. Ал садақа малынан жемеу Пайғамбар әулетінің құрметін сақтау үшін айтылған. Алла елшісі (с.а.с.) садақа мен зекетті адам мүлкін тазартқанда шығатын кірге балап, оны өз әулетіне тыйған. Сыйлық алғанымен, зекет пен садақа қабылдамаған. Бұл – оның ерекше сипаттарының бірі. Өзіне ұсынылған сыйлықтарды да көбіне жұртқа үлестіретін. Кей ғалымдар бұл үкімдердің оның әулетіне де қатысты екенін айтқан.

2. Есекті биеге салуға тыйым салу жайындағы қарсы пікірді де айта кетейік. Тахауи мұның рұқсат екеніне мынадай дәлелдер келтіреді:

• Есекті биеге салу мәкруһ болса, қашырға міну де мәкруһ болар еді. Алайда қашырға мінуге рұқсат етілгеніне талас жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да қашырға мінгені риуаяттарда айтылған.

• Тыйымның Пайғамбар әулетіне қатысты айтылуын Тахауи Ибн Аббастан жеткізілген риуаятпен түсіндіреді: «Қағбаны тауап етіп жүрген Абдулла ибн әл-Хасанды жолықтырдым. Оған Пайғамбар әулетіне есекті биеге салуға тыйым салынғаны жөніндегі хадисті оқыдым. Ол: “Дұрыс айтылған. Ол кезде Хашим әулетінде жылқы аз еді. Алла елшісі (с.а.с.) олардың жылқысы көбейгенін қалады”, – деді». Абдулла ибн әл-Хасан осылайша тыйымның Хашим әулетіне және олардың жылқысы аз болған уақытқа қатысты екенін көрсеткен. Сондықтан жылқысы көбейген соң тыйымның себебі жойылған, өзге мұсылмандарға ол әуелден жүрмеген. Жылқыны көбейтудің сауабы айтылғанымен, қашыр өсіруге тыйым салынбаған. Тахауи, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және имам Мұхаммед осы пікірде болған.

  1. 1Тирмизи, Жиһад 23 (1701); Нәсәи, Таһарат 106, (1, 89).