وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا أُعْطِيكُمْ مِنْ شَيْءٍ وَلَا أَمْنَعُكُمُوهُ، إِنْ أَنَا إِلَّا مَأْمُورٌ، وَفِي رِوَايَةٍ: أَنَا قَاسِمٌ أَضَعُ حَيْثُ أُمِرْتُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Мен сендерге өз бетімше ештеңе бермеймін де, ештеңені алып қалмаймын. Мен Алланың әміріне сай үлестіремін”».
Басқа бір риуаятта: «Мен үлестірушімін. Бұйырылған жерге қоямын», – деген.1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) мұны олжа үлестіргенде айтатын. Сахабалар өздеріне тиген үлеске риза болып, араларында күмән тумауын көздеген. Олжа әрдайым тең бөлінбеген. Кейде бұрыннан мұсылман, иманы берік адамдарға ештеңе тимей, жүректерін исламға жақындату көзделген кісілерге молырақ берілген. Хұнайн шайқасында Һауазиннен түскен олжаның бөлінуі – соның бір мысалы. Ол жолы исламды жаңадан қабылдаған меккеліктерге мол үлес беріліп, ансарларға аз тиді немесе мүлде берілмеді. Мәдиналықтар тіпті: «Алла елшісі (с.а.с.) өз жұртымен қауышты. Енді бізге мұқтаж болмай, бізден алыстайтын шығар», – деп күдіктене бастады. Мұны білген Пайғамбарымыз (с.а.с.) көңілдеріне медет болар сөз айтты.
Алла елшісі (с.а.с.) олжаны да, үкімді де өз қалауымен жүргізбеген. Оған мұндай өкілет берілмеген. Ол өзіне бұйырылғанды орындап, әр істі Алланың әмірімен атқарды. Аятта: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلرَّسُولُ بَلِّغْ مَآ أُنزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ وَإِن لَّمْ تَفْعَلْ فَمَا بَلَّغْتَ رِسَالَتَهُۥ﴾ «Уа, Елші! Раббыңнан өзіңе түскенді жеткіз! Егер мұны істемесең, елшілік міндетіңді атқармағаның»2, – делінеді.