وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَكُنْ أَحَدُكُمْ إِمَّعَةً، يَقُولُ أَنَا مَعَ النَّاسِ إِنْ أَحْسَنَ النَّاسُ أَحْسَنْتُ وَإِنْ أَسَاءُوا أَسَأْتُ، وَلَكِنْ وَطِّنُوا أَنْفُسَكُمْ إِنْ أَحْسَنَ النَّاسُ أَنْ تُحْسِنُوا وَإِنْ أَسَاءُوا أَنْ تَجْتَنِبُوا إِسَاءَتَهُمْ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Хузайфа (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ешқайсың жұртқа еріп, ‘Адамдар жақсылық жасаса, мен де жасаймын. Жамандық жасаса, мен де жасаймын’ демеңдер. Өздеріңді берік ұстаңдар. Жұрт жақсылық жасаса, сендер де жақсылық жасаңдар. Жамандық жасаса, сол жамандықтан аулақ болыңдар”, – деді».1
Түсіндірме
«Иммаға» деп өзіндік пікірі жоқ, жұрттың ығына жығыла беретін адамды атайды. Өз ұстанымын сақтай алмаған соң, әркімге «Сенікі дұрыс, мен сенімен біргемін» дей береді.
Алла елшісі (с.а.с.) біреудің соңынан ере бермей, жақсылықта берік болуды және қандай жағдайда да жамандықты қолдамауды үйретеді. Жақсылық жасау қолыңнан келмесе, өзгеге зиян тигізудің қажеті жоқ. Жамандықтан тыйылудың өзі – жақсылық. Хадистер осыған үндейді.
- 1Тирмизи, Бирр 63 (2008).