Хадис

Кутуб ситтә, № 5861

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
953. Адамның әдебіне қатысты хадистер
Нөмірі
№ 5861 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 26
5861
Кутуб ситтә, № 5861 · тараудағы реті: 26Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ مَاتَ وَهُوَ بَرِيءٌ مِنْ ثَلَاثٍ: الْكِبْرِ، وَالْغُلُولِ، وَالدَّيْنِ دَخَلَ الْجَنَّةَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Тәкаппарлықтан, олжаға қиянат жасаудан және қарыздан ада күйде дүние салған адам жәннатқа кіреді”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Ғулул» – соғысқа қатысқан адамның олжадан жасырып алуы. Ислам қағидасына сай түскен олжаның бәрі қолбасшыға тапсырылады. Ол оны әскер арасында әділ бөледі. Қолға түскен олжаны тапсырмау хадисте «ғулул» деп аталады. Бұл – ұрлықтың бір түрі. Алла елшісі (с.а.с.) құны қанша мардымсыз болса да, ине мен аяқкиімнің бауына дейін түгел тапсыруды бұйырған. Олжаны жасырып алған сарбаз сол күйде өлсе, шейіттік мәртебесінен айырылады.

Ғалымдар ғулулға мемлекет мүлкіне қол сұғу, оны иемдену мен ұрлау секілді әрекеттерді де қосқан. Соғыс үстінде қолға түскен азық-түлікті, қару мен көлікті қандай жағдайда пайдалануға болатыны көп талқыланған. Оған бұған дейін тоқталған едік.

2. Хадистегі екінші мәселе – қарыз. Бұл да жоғарыда кеңінен түсіндірілді. Алла елшісі (с.а.с.) қарыздану ысырапқа жол ашатындықтан, одан сақтануға үндеген. Алғашқы кезде қарызымен дүние салғандардың жаназасына да қатыспаған. Кейін бұл қатаң ұстанымын жеңілдеткен. Дегенмен адам өтеуі қиын қарыздан сақ болғаны жөн. Хадис мұрагеріне дүние орнына қарыз қалдырудың ел алдында да, Алла алдында да құпталмайтынын аңғартады.

  1. 1Тирмизи, Сияр 21, (1572, 1573).