Хадис

Кутуб ситтә, № 5850

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
953. Адамның әдебіне қатысты хадистер
Нөмірі
№ 5850 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 15
5850
Кутуб ситтә, № 5850 · тараудағы реті: 15

وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ، عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَيْضًا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ حُسْنَ الظَّنِّ بِاللَّهِ تَعَالَى مِنْ حُسْنِ الْعِبَادَةِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) мына хадисті жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла Тағала туралы жақсы ойда болу – құлшылықты көркем атқарудың бір бөлігі”, – деді».1

Түсіндірме

1. Үш риуаят та Алла туралы жақсы ойда болуға үндейді. Біріншісінде адам соңғы деміне дейін осы жақсы ойдан айырылмауы керектігі айтылған. Мұның мәні кейінгі екі хадисте ашылады. Алла Тағала құлына оның Өзі туралы ойына сай мәміле етеді. Алла туралы жақсы ойда болудың өзі – құлшылық.

2. Алла туралы жақсы ойда болу – кешірім сұрасақ, Алланың кешіретініне, дұға етсек, қабыл алатынына, құлшылық етсек, сауап беретініне сену. Ғалымдар мұнда үміт пен қорқынышты қатар ұстауды жөн көрген. Алла бізге әділдігімен қарап, істегенімізге сай жаза берсе, азапқа ұшырауымыз мүмкін деп қауіптеніп, үнемі тәубе етіп, кешірім сұрауымыз керек. Сонымен қатар Алла тәубеміз бен истиғфарымызды қабыл етер деп үміттеніп, көңілімізді орнықтырамыз. Бір сезімнің ғана билеп алуы ислам әдебіне үйлеспейді. Нәуәуи жас әрі дені сау кезде қорқыныш басым болғанын құп көрген. Ал жоғарыдағы хадиске сай, өлім жақындағанда үміт басым болуы керек. Адам соңғы деміне дейін Алла туралы жақсы ойда болғаны жөн. Мұның бір себебі Мүслимдегі «Адам қандай күйде өлсе, сол күйде тіріледі» деген хадисте ашылады. Алла туралы жақсы оймен дүние салған адам сол күйде тіріледі. Хаттаби мұны өзгеше түсіндірген: «Амалын көркем еткен адам Алла туралы жақсы ойда бола алады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзінде: “Амалдарыңды көркем етіңдер, сонда Алла туралы ойларың да жақсы болады. Амалы нашардың ойы да нашар”, – дегендей».

Рафиғи: «Хадистен тәубеге келуге және зұлымдықтан бас тартуға үндеу барын да ұғамыз. Осылай істеген адамның Алла туралы ойы жақсарып, Оның рақымынан үміттене алады», – дейді.

Нәуәуи: «Алла туралы ойды көркем ету – Алланың өзіне рақым ететінінен үміттену. Адам Алланың кешірімі мен рақымы туралы аяттар мен хадистерді, оларда тәухид иелеріне уәде етілген кешірім мен қиямет күні нәсіп болатын рақымды еске алып, соған үміт артады», – дейді.

3. «Құлым Мен туралы қалай ойласа, Мен оған сондаймын» деген құдси хадистің Бұхаридегі бір нұсқасы мынадай: «Құлым Мен туралы қалай ойласа, Мен оған сондаймын. Ол Мені еске алса, Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей еске алса, Мен де оны Өзіме еске аламын. Егер ол Мені бір топтың ішінде еске алса, Мен оны сол топтан да қайырлы топтың ішінде еске аламын. Ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барамын».

Хадис үміттің қорқыныштан басым болуына үндейді. Кейбір ғалымдар мұндағы «ой» сөзін «білім», басқалары «нық сенім» деп түсіндірген. Бұл жағдайда мағынасы былай ашылады: «Мен құлымның Өзім туралы нық сеніміне сай мәміле етемін. Ол Маған қайтатынын, есебін Мен алатынымды, пайдасына не зиянына шығарған үкімімді ешкім өзгерте алмайтынын, Мен бермегенді ешкім бере алмайтынын, Мен бергенді ешкім бөгей алмайтынын біледі». Қуртуби «әл-Муфһимде» «Құлымның Мен туралы ойы» деген сөзді былай түсіндіреді: «Алла елшісінің уәдесінің растығына сүйеніп, дұғаңа жауап боларын, тәубең қабыл етілерін, кешірім сұрасаң кешірілетініңді, шарттарын сақтап жасаған құлшылығыңа сауап берілетінін үміт ету». Мұны «Дұғаларың қабыл боларына нық сеніп, Аллаға дұға етіңдер» деген хадис те қуаттайды.

Қуртуби сөзін былай жалғайды: «Сондықтан адам Алла амалын қабыл алып, күнәларын кешіретініне сеніп, өз міндеттерін орындауы керек. Алла мұны уәде еткен және уәдесінен таймайды. Ал құлшылығым қабыл болмайды, еңбегімнің пайдасы тимейді деп сену не осындай күмәнға берілу – Алланың рақымынан үміт үзу. Бұл – үлкен күнә. Кім осы күйде өлсе, хадистің кейбір нұсқасында айтылғандай, өз ойының еншісіне қалдырылады. “Ендеше, құлым Мен туралы қалағанынша ойласын” делінген».

Қуртуби сөзін: «Кешірілетінін үзілді-кесілді ойлап, сол ойда қасарысып тұрып алу да – надандық пен өзін-өзі алдау. Бұл сенім адамды мүржия ағымына жетелейді», – деп түйіндейді.

  1. 1Тирмизи, Дағауат 146 (3604); Әбу Дәуіт, Әдәб 89 (4993).