وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِأَشَجِّ عَبْدِ الْقَيْسِ: إِنَّ فِيكَ خَصْلَتَيْنِ يُحِبُّهُمَا اللَّهُ تَعَالَى وَرَسُولُهُ: الْحِلْمُ وَالْأَنَاةُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдулқайстың Әшажжына: “Сенде Алла мен Оның елшісі жақсы көретін екі қасиет бар: ұстамдылық пен байыптылық”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Әшажж» атауы бұл жерде «Абдулқайстың Әшажжы» деген мағынада келген. Ол Абдулқайс тайпасының Алла елшісіне (с.а.с.) жіберген елшілерімен бірге барған. Шын есімі – Мунзир ибн Аиз. Әшажж әл-Абди деп те аталған.
2. Нәуәуидің пікірінше, мұндағы «хилм» сөзі ақылдылықты білдіреді. Қади Ияд оны ақылдың дұрыстығын, істің ақырын ойлай білуді аңғартатын сөз деп түсіндіреді. Нәуәуи «әнат» сөзін асықпай, мұқият әрекет ету деп анықтайды. Бұл – істің алды-артын, пайдасы мен залалын таразылап барып қимылдау.
Алла елшісінің (с.а.с.) Әшажжға (р.а.) ілтипат көрсетуіне байланысты мына оқиға айтылады: «Абдулқайстың елшілері Мәдинаға келгенде, Алла елшісін тезірек көруге асықты. Әшажж көліктерінің қасында қалып, оларды жинап, түйесін байлады. Ең жақсы киімін киіп, үсті-басын реттеген соң ғана Алла елшісінің алдына барды. Ол Әшажжды қасына отырғызып, елшілерден: “Өз аттарыңнан да, қауымдарыңның атынан да серт беруге келдіңдер ме?” – деп сұрады. Олар: “Иә”, – деді. Әшажж: “Уа, Алла елшісі, сіз ешкімге дінінен ауыр жүк жүктемейсіз. Біз сізге өз атымыздан серт берейік. Қауымымызға кісі жіберіп, оларды дінге шақырайық. Үнімізге құлақ асқан бізден болады. Бас тартқандармен соғысамыз”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Дұрыс айттың. Сенде екі қасиет бар...” – деп, Әшажжға ілтипат білдірді».
- 1Тирмизи, Бирр 66 (2012); Мүслим, Иман 25, (17).