وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَرْجِسَ الْمُزَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: السَّمْتُ الْحَسَنُ وَالتُّؤَدَةُ وَالِاقْتِصَادُ جُزْءٌ مِنْ أَرْبَعَةٍ وَعِشْرِينَ جُزْءًا مِنَ النُّبُوَّةِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Саржис әл-Музани (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Көркем жүріс-тұрыс, байыптылық пен орта жолды ұстану – пайғамбарлықтың жиырма төрт бөлігінің бірі”, – деді».1
Түсіндірме
Мұнда аталған көркем қасиеттер – Алланың барлық пайғамбарға берген сыйы. Адамдар пайғамбарларға еріп, осы қасиеттерді бойына сіңіруі көзделген.
Осы қасиеттердің пайғамбарлықтың жиырма төрт бөлігінің бірі саналуы пайғамбарлық бөлінеді немесе оған еңбектеніп қол жеткізуге болады дегенді білдірмейді. Пайғамбарлық – Алланың сыйы. Мұхаммед (с.а.с.) – соңғы пайғамбар. Одан кейін қияметке дейін жер бетіне пайғамбар келмейді.
Кейбір ғалымдар хадисті былай түсінген: «Осы қасиеттер бойынан табылған адам жұрттың құрметі мен ілтипатына бөленеді. Алла оған пайғамбарлардың киімі болған тақуалық киімін кигізеді».
- 1Тирмизи, Бирр 66 (2010). Мәликтің «Муаттасындағы» («Шиғр», 17) Ибн Аббастың өз сөзі ретінде жеткен нұсқада және Әбу Дәуітте («Әдеп», 2, №4776) Ибн Аббас Пайғамбардан (с.а.с.) жеткізген нұсқада «жиырма бес» делінген.