Хадис

Кутуб ситтә, № 5805

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
938. УӘДЕ БӨЛІМІ
Нөмірі
№ 5805 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5805
Кутуб ситтә, № 5805 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي الْحَمْسَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: بَايَعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِبَيْعٍ قَبْلَ أَنْ يُبْعَثَ، وَبَقِيَتْ لَهُ بَقِيَّةٌ، فَوَعَدْتُهُ أَنْ آتِيَهُ بِهَا فِي مَكَانِهِ، فَنَسِيتُ ثُمَّ ذَكَرْتُ بَعْدَ ثَلَاثٍ، فَجِئْتُ فَإِذَا هُوَ فِي مَكَانِهِ، فَقَالَ: يَا فَتَى لَقَدْ شَقَقْتَ عَلَيَّ أَنَا هَهُنَا مُنْذُ ثَلَاثٍ أَنْتَظِرُكَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбил-Хамса (р.а.) айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келмей тұрып, одан бір нәрсе сатып алдым. Сол саудадан азын-аулақ берешегім қалды. Оны сол жерге әкеліп беруге уәде еттім. Бірақ ұмытып кетіппін. Үш күннен кейін есіме түсіп, барсам, ол әлі де уағдаласқан жерімізде екен. “Уа, жігіт, маған қиындық келтірдің. Осында сені үш күннен бері күтіп тұрмын”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте сөзінде тұрудың айқын үлгісі көрсетілген. Уағдаласқан жерге уақытында келіп, үш күн күтуі – соның дәлелі. Түсіндірушілердің айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) алашағын алу үшін емес, берген уәдесіне адал болғандықтан күткен. Нәуәуи: «Ғалымдар бір кісі екінші бір кісіге дінде тыйым салынбаған істі уәде етсе, сөзінде тұруға тиіс дегенге бірауыздан келіскен. Уәдеде тұру уәжіп пе, мұстахаб па деген мәселеде пікірлері әртүрлі», – дейді.

• Имам Шафиғи, Әбу Ханифа және көпшілік ғалымдар мұны мұстахаб санаған. Олардың пікірінше, уәдесінде тұрмаған кісі ізгіліктен құр қалады әрі ауыр мәкруһ іс істейді. Уәдесін бұзғанының өзі күнә болып жазылмайды, бірақ мұны біреуге әдейі зиян келтіру үшін істесе, күнәһар болады.

• Бір топ ғалым уәдеде тұруды уәжіп санаған. Омар ибн Абдулазиз солардың қатарында.

• Кейбір ғалымдар істің мән-жайын ескерген жөн деген. Жағдайға қарай жоғарыдағы үкімдердің бірі қолданылады.

Бірінші пікірді қуаттайтын риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) уәде бергенде «Сәті түссе» дейтіні айтылады. Ибн Мәсғудтың риуаятында ол «Алла қаласа» демей уәде бермеген. Соған қарамастан, екінші тарап уәдені анық деп қабылдаса әрі оны орындауға кедергі болмаса, сөзде тұру керек. Ал уәде беріп тұрып, іштей оны орындамауға бекіну – екіжүзділік.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 90 (4996).