Хадис

УӘДЕ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 938-тарау · 3 хадис · № 5805–5807

УӘДЕ БӨЛІМІ

Хадистер

Дініміз мұсылманға берген уәдесінде тұруды бұйырады. Бұл – мұсылмандықтың кемелдік белгілерінің бірі. Құранда Исмайыл (а.с.) осы қасиетімен аталады: ﴿وَٱذْكُرْ فِى ٱلْكِتَٰبِ إِسْمَٰعِيلَ إِنَّهُۥ كَانَ صَادِقَ ٱلْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَّبِيًّا﴾ «Сонымен қатар, бұл Кітапта Исмайыл жайлы да сөз қозға. Шүбәсіз, ол уәдеге берік жан еді. Елші әрі хақ пайғамбар еді»1. Кейбір ғалымдар уәдені орындамауды мына аятта айтылған жағдайға ұқсатқан: ﴿كَبُرَ مَقْتًا عِندَ ٱللَّهِ أَن تَقُولُوا۟ مَا لَا تَفْعَلُونَ﴾ «Істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе!»2. Құранда уәдені орындауға қатысты аят көп. Соның бірі: ﴿وَأَوْفُوا۟ بِٱلْعَهْدِ إِنَّ ٱلْعَهْدَ كَانَ مَسْـُٔولًا﴾ «Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар!»3. Хадисте сөзінде тұрмау екіжүзділіктің бір белгісі ретінде аталады. Кейбір ғалымдар адамның берген уәдесін өзі туралы куәлігіне балаған. Ғалымдардың бәрі уәдеде тұруды діни бұйрық санап, оның парыз еместігін айтқан. Дегенмен осы тақырыптағы аяттар мен хадистер уәдеде тұрудың уәжіп екеніне дәлел болады дегендер де бар. Кейбірі уәдені орындамауға сонша қатаң ескерту жасала тұра, оны жеңіл мәкруһ санауды қайшылық көрген. Олар: «Уәдеден таюды харам дей тұра, оны орындауды міндетті емес деуге бола ма? Немесе орындауы міндетті емес уәдені бұзған адам күнәға бата ма?» – деген. Демек, уәдені орындауды міндет санайтын ғалымдар да болған. Кейбір мәлики ғалымдары: «Уәде бір шартқа байланысты берілсе, оны орындау уәжіп. Ал ондай шарт болмаса, міндетті емес», – деген. Мысалы, «Маған тұрмысқа шықсаң, саған мына дүниені алып беремін» деген ұсыныс қабылданса, берген уәдесін орындау міндет болады. Һиба адамның иелігіне оны қолына алған соң өте ме, әлде одан бұрын өте ме деген мәселе де талқыланған. Уәде жайында мынадай сөздер айтылған: «Мың рет уәде бергенше, бір рет уәдеңде тұр. Берген сөзінде тұру – адамдықтың талабы. Тұрақсыз жерде ештеңе өспейді». Уәдеге беріктік иманнан, уәдеден таю екіжүзділіктен туады. Біреулер ар-ұжданы алдында серттескен міндетін ғұмыр бойы орындауға тырысса, басқалар мұндай сертті білместен өмір сүреді. Мүмін мен екіжүздінің айырмасы осы тұста білінеді.

5805
Кутуб ситтә, № 5805 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي الْحَمْسَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: بَايَعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِبَيْعٍ قَبْلَ أَنْ يُبْعَثَ، وَبَقِيَتْ لَهُ بَقِيَّةٌ، فَوَعَدْتُهُ أَنْ آتِيَهُ بِهَا فِي مَكَانِهِ، فَنَسِيتُ ثُمَّ ذَكَرْتُ بَعْدَ ثَلَاثٍ، فَجِئْتُ فَإِذَا هُوَ فِي مَكَانِهِ، فَقَالَ: يَا فَتَى لَقَدْ شَقَقْتَ عَلَيَّ أَنَا هَهُنَا مُنْذُ ثَلَاثٍ أَنْتَظِرُكَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбил-Хамса (р.а.) айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келмей тұрып, одан бір нәрсе сатып алдым. Сол саудадан азын-аулақ берешегім қалды. Оны сол жерге әкеліп беруге уәде еттім. Бірақ ұмытып кетіппін. Үш күннен кейін есіме түсіп, барсам, ол әлі де уағдаласқан жерімізде екен. “Уа, жігіт, маған қиындық келтірдің. Осында сені үш күннен бері күтіп тұрмын”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте сөзінде тұрудың айқын үлгісі көрсетілген. Уағдаласқан жерге уақытында келіп, үш күн күтуі – соның дәлелі. Түсіндірушілердің айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) алашағын алу үшін емес, берген уәдесіне адал болғандықтан күткен. Нәуәуи: «Ғалымдар бір кісі екінші бір кісіге дінде тыйым салынбаған істі уәде етсе, сөзінде тұруға тиіс дегенге бірауыздан келіскен. Уәдеде тұру уәжіп пе, мұстахаб па деген мәселеде пікірлері әртүрлі», – дейді.

• Имам Шафиғи, Әбу Ханифа және көпшілік ғалымдар мұны мұстахаб санаған. Олардың пікірінше, уәдесінде тұрмаған кісі ізгіліктен құр қалады әрі ауыр мәкруһ іс істейді. Уәдесін бұзғанының өзі күнә болып жазылмайды, бірақ мұны біреуге әдейі зиян келтіру үшін істесе, күнәһар болады.

• Бір топ ғалым уәдеде тұруды уәжіп санаған. Омар ибн Абдулазиз солардың қатарында.

• Кейбір ғалымдар істің мән-жайын ескерген жөн деген. Жағдайға қарай жоғарыдағы үкімдердің бірі қолданылады.

Бірінші пікірді қуаттайтын риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) уәде бергенде «Сәті түссе» дейтіні айтылады. Ибн Мәсғудтың риуаятында ол «Алла қаласа» демей уәде бермеген. Соған қарамастан, екінші тарап уәдені анық деп қабылдаса әрі оны орындауға кедергі болмаса, сөзде тұру керек. Ал уәде беріп тұрып, іштей оны орындамауға бекіну – екіжүзділік.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 90 (4996).
5806
Кутуб ситтә, № 5806 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَوْ قَدْ جَاءَ مَالُ الْبَحْرَيْنِ لَقَدْ أَعْطَيْتُكَ هَكَذَا وَهَكَذَا، ثَلَاثًا. فَلَمْ يَقْدَمْ مَالُ الْبَحْرَيْنِ حَتَّى قُبِضَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَلَمَّا قَدِمَ عَلَى أَبِي بَكْرٍ أَمَرَ مُنَادِيًا فَنَادَى: مَنْ كَانَ لَهُ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عِدَةٌ أَوْ دَيْنٌ فَلْيَأْتِنِي. قَالَ جَابِرٌ: فَجِئْتُ أَبَا بَكْرٍ فَأَخْبَرْتُهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: لَوْ قَدْ جَاءَ مَالُ الْبَحْرَيْنِ لَأَعْطَيْتُكَ هَكَذَا وَهَكَذَا ثَلَاثًا قَالَ: فَأَعْطَانِي. قَالَ جَابِرٌ: فَلَقِيتُ أَبَا بَكْرٍ بَعْدَ ذَلِكَ فَسَأَلْتُهُ فَلَمْ يُعْطِنِي. ثُمَّ أَتَيْتُهُ فَلَمْ يُعْطِنِي. ثُمَّ أَتَيْتُهُ الثَّالِثَةَ فَلَمْ يُعْطِنِي. فَقُلْتُ لَهُ: قَدْ أَتَيْتُكَ فَلَمْ تُعْطِنِي، ثُمَّ أَتَيْتُكَ فَلَمْ تُعْطِنِي، ثُمَّ أَتَيْتُكَ فَلَمْ تُعْطِنِي، فَإِمَّا أَنْ تُعْطِيَنِي وَإِمَّا أَنْ تَبْخَلَ عَنِّي. فَقَالَ: أَقُلْتَ تَبْخَلُ عَنِّي؟ وَأَيُّ دَاءٍ أَدْوَأُ مِنَ الْبُخْلِ؟ قَالَهَا ثَلَاثًا؛ مَا مَنَعْتُكَ مِنْ مَرَّةٍ إِلَّا وَأَنَا أُرِيدُ أَنْ أُعْطِيَكَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Жабир (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бахрейіннен мал келгенде, саған осынша-осынша беремін”, – деп, қолымен үш рет уыстап көрсеткен еді. Бахрейіннен мал жетпей тұрып, Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден озды. Мал Әбу Бәкірге жеткенде, ол жаршыға: “Алла елшісінің кімге берген уәдесі немесе қарызы болса, маған келсін”, – деп жұртқа жариялатты.

Мен дереу Әбу Бәкірге бардым. Алла елшісінің (с.а.с.) “Бахрейіннен мал келсе, саған осынша-осынша беремін” деп, қос қолымен үш рет ишара жасағанын айттым. Мұны естіген Әбу Бәкір маған бірден берді.

Кейін Әбу Бәкірге тағы жолығып, сұрадым. Бұл жолы бермеді. Қайта барғанымда да, үшінші рет барғанымда да бермеді. Мен: “Бір келдім – бермедіңіз, екі келдім – бермедіңіз, үш келдім – тағы бермедіңіз. Не маған беріңіз, не сіздің маған сараңдық танытқаныңыз деп білемін”, – дедім. Ол: “Саған сараңдық таныттым дейсің бе? Сараңдықтан өткен қандай кесел бар?” – деп, осы сөзін үш рет қайталады. Содан соң: “Саған әр бермеген жолымда да бергім келген еді”, – деді. [Сосын маған бір уыс алып берді]».

5807
Кутуб ситтә, № 5807 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ عَلِيٍّ قَالَ: سَمِعْتُ جَابِرَ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ يَقُولُ: جِئْتُهُ. فَقَالَ لِي أَبُو بَكْرٍ: عُدَّهَا فَعَدَدْتُهَا فَوَجَدْتُهَا خَمْسَ مِائَةٍ. فَقَالَ: خُذْ مِثْلَهَا مَرَّتَيْنِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әли айтады: «Жабир ибн Абдулланың былай дегенін естідім: “Әбу Бәкірге бардым. Ол маған [бірнеше уыс алып берген соң]: ‘Мыналарды санап шық’, – деді. Санадым, бәрі бес жүз екен. Әбу Бәкір: ‘Осының екі есесін ал’, – деді”».1

Түсіндірме

1. Әзірет Әбу Бәкір Алла елшісінің (с.а.с.) уәдесін орындағанда, Жабирден ешқандай дәлел сұрамады. Жабир мұны Алла елшісінің (с.а.с.) қарызы ретінде емес, уәдесі ретінде сұраған. Осы оқиға исламда мемлекет басшысының қазына қаражатын жұмсауда кең құзыреті болғанын көрсетеді.

2. Әбу Бәкір Жабирдің (р.а.) кейінгі өтінішін бірден орындамаған. Жабир үш рет сұрап, сараңдық туралы сөз қозғағанда барып берген. Ибн Хажар бұл кідірісті былай түсіндіреді: «Бұдан маңыздырақ іспен айналысқан болуы ықтимал. Не бірден берсе, Жабир қайта сұрауға дағдылана ма деп қауіптенген, не осындай жағдайда сұраушылар көбейіп кетпесін деген. Қалай болғанда да, мүлде бермеуді ойламаған. Өйткені Әбу Бәкірдің өзі: “Сені әр қайтарған сайын, іштей саған бергім келген еді”, – деген».

  1. 1Бұхари, Һиба 18, Кафалат 3, Шаһадат 28, Хумус 17; Мүслим, Фазаил 60 (2314).