Хадис

Жетімнің қамқоршысы

Кутуб ситтә, 12-том, 937-тарау · 3 хадис · № 5802–5804

ӨСИЕТ БӨЛІМІ

Хадистер

5802
Кутуб ситтә, № 5802 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Зәрр

عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَا أَبَا ذَرٍّ إِنِّي أَرَاكَ ضَعِيفًا، وَإِنِّي أُحِبُّ لَكَ مَا أُحِبُّ لِنَفْسِي، لَا تَأَمَّرَنَّ عَلَى اثْنَيْنِ وَلَا تَوَلَّيَنَّ مَالَ يَتِيمٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Әбу Зәрр! Сенің әлсіз екеніңді білемін. Өзіме қалаған жақсылықты саған да қалаймын. Екі адамға болса да басшы болма, жетімнің мал-мүлкін басқаруды да мойныңа алма”, – деді».1

Түсіндірме

1. Уаси – кісі қайтыс болғаннан кейін оның мал-мүлкі мен балаларына қамқорлық жасауға, мүлкін сақтауға және басқаруға өкілетті адам. Қайымның уасиден айырмасы – уаси мүлікті сақтайды әрі басқарады, ал қайым оны сақтауға ғана өкілетті. 2. Хадистен әркімнің қамқоршы міндетін атқара алмайтыны аңғарылады. Әбу Зәррдің (р.а.) әлсіздігі өзіне тапсырылған іске пайда келтіріп, одан зиянды қайтара алу қабілетіне қатысты болса керек. Сондықтан қамқоршы жетімнің пайдасын көздей алатындай жігерлі болуы керек. Ол жетімге пайдалы жайттарды зерделеп, оған зиян келтіретін істерге қарсы шара қолдана білуі тиіс. Алла Тағала Юсуфтың (а.с.) тілімен қамқоршылыққа қажетті екі қасиетті білдірген: ﴿إِنِّى حَفِيظٌ عَلِيمٌ﴾ «Өйткені мен қазынаны ұстай алатын сенімді әрі қазына ісін жүргізуді жақсы білемін”, – деді».

1) Хафиз, яғни сақтаушы. Ол жетімнің игілігін көздеп, оны зияннан қорғауға және мал-мүлкін сақтауға қабілетті болуы керек.

2) Алим, яғни білімді адам. Ол қамқоршылықтың мәні мен жауапкершілігін білуі керек. Ғалымдар осы екі қасиеті жоқ кісінің жетімнің қамқоршысы болуын харам санаған. Табаранидің бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Әлсіз басшы лағынеттелген», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Уасая 4 (2868); Нәсәи, Уасая 10, (6, 255).
5803
Кутуб ситтә, № 5803 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: أَتَى رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنِّي فَقِيرٌ وَلَيْسَ لِي شَيْءٌ وَلِي يَتِيمٌ. فَقَالَ: كُلْ مِنْ مَالِ يَتِيمِكَ غَيْرَ مُسْرِفٍ، وَلَا مُبَادِرٍ، وَلَا مُتَأَثِّلٍ مَالًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Мен мұқтаж адаммын, дүнием жоқ. Қарауымда жетім бар”, – деді. Пайғамбарымыз: “Жетімнің малынан ысырап етпей, жетім ержеткенше жаратып қалуға асықпай және өзіңе дүние жинамай пайдалан”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) қарауында жетімі бар мұқтаж кісіге жетімнің малынан қажетті мөлшерде пайдалануға рұқсат берген. Ол ысырап етпеуге, жетім ержеткенше малын тауысып тастауға асықпауға және оны өзіне дүние жинау құралына айналдырмауға тиіс.

Қамқоршыға жетімнің малынан пайдалануға берілген рұқсат былай түсіндіріледі: «Қамқоршы жетімнің малын сақтауға, көбейтуге, баланың ісін түзетуге күш салады. Сондықтан өз еңбегіне сай ақы алуға құқылы. Дегенмен әдетке сай, еңбегіне лайық мөлшерде ғана алуы тиіс».

Жетімнің малынан пайдалануға қатысты Ибн Аббас (р.а.): «Қамқоршысы сол малға еңбек сіңірген болса, одан жей алады», – деген. Ахмад ибн Ханбал да осы пікірде. Хасан Басри мен Ибраһим Нахағи пайдаланғанын өтеу міндетті емес деген. Ал Әузағи мен Сағид ибн Жубәйр: «Пайдалана алады, бірақ жетім өскенде алғанын өтейді», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Уасая 8 (2872); Нәсәи, Уасая 11, (6, 256).
5804
Кутуб ситтә, № 5804 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: حَفِظْتُ مِنَ النَّبِيِّ ﷺ اثْنَتَيْنِ: لَا يُتْمَ بَعْدَ احْتِلَامٍ، وَلَا صُمَاتَ يَوْمٍ إِلَى اللَّيْلِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) айтады: «Алла елшісінен (с.а.с.) екі нәрсені жаттап алдым: “Балиғатқа жеткеннен кейін жетімдік қалмайды. Күнді түнге дейін үнсіз өткізудің жөні жоқ”».1

Түсіндірме

Жетім деп ата-анасының бірінен не екеуінен де айырылған баланы айтады. Әкесінен айырылған бала қашанға дейін жетім саналады деген сұраққа хадис жауап береді. Ихтилам болғанда, яғни балиғатқа жеткенде, бала жетімдік жасынан шығады.

Хадистің екінші бөлігі жаһилияттағы бір әдетке тыйым салады. Ол – иғтикаф кезінде немесе одан тыс уақытта күні бойы үндемеу. Мұндай бейнет құлшылыққа жатпайды, онымен Аллаға жақындау мүмкін емес. Үндемей ораза ұстау бұрынғы шариғаттарда болған. Бұған Құранда да ишара бар. Яхияның дүниеге келетіні сүйіншіленгенде, Зәкәрия (а.с.) белгі сұрады. Алла Тағала: ﴿قَالَ ءَايَتُكَ أَلَّا تُكَلِّمَ ٱلنَّاسَ ثَلَٰثَةَ أَيَّامٍ إِلَّا رَمْزًا وَٱذْكُر رَّبَّكَ كَثِيرًا وَسَبِّحْ بِٱلْعَشِىِّ وَٱلْإِبْكَٰرِ﴾ «Сенің белгің – ымдап түсініскенің болмаса, үш күн бойы адамдармен мүлдем тілдесе алмайсың. Ендеше, Раббыңды жиі еске алып, ертелі-кеш ұлықтаумен бол», – деді. Мунауи: «Үндемей ораза ұстау бізден бұрынғы үмбеттерде рұқсат етілген. Ал бізде рұқсат етілмейді. Христиандарға ұқсайтындықтан, оған тыйым салынған», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Уасая 9 (2873).