Ибн Әбу Әуфа өсиетті түгел жоққа шығармаған. Өйткені өсиет Құранда бекітілген. Ол өз ойын нақтылап, Алла елшісінің (с.а.с.) Құранды өсиет еткенін айтты. Мұнда оның: «Сендерге ұстансаңдар адаспайтын бір нәрсе қалдырдым. Ол – Алланың кітабы», – деген хадисі меңзелуі мүмкін. Демек, жоғарыдағы хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) жеке біреуге ақша, дүние не құл жөнінде өсиет қалдырмағаны айтылған. Бұл сөзде әсірелеу жоқ. Бұхариде келген бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) қайтыс болғанда дирхам да, динар да, құл да, өзге дүние де қалдырмаған. Тек ақ қашыры, қаруы және жолаушыларға арнап қалдырған жері болған», – делінеді. Әзірет Айша да оның дирхам, динар, қой, түйе қалдырмағанын және өсиет етпегенін жеткізген. Артында байлық қалмағандықтан, мал-мүлікке қатысты өсиет қалдыруға да қажеттілік болмады. Нәуәуидің түсіндіруінше, аталған жерді Алла елшісі (с.а.с.) көзі тірісінде берген. Қашыры, қаруы және соған ұқсас бұйымдары мұраға жатпаған. Артында қалған дүниенің бәрі садақа болғандықтан, өсиет ететін құнды мүлік қалмаған. Нәуәуи Алла елшісінің (с.а.с.) дүниеден озар алдында бірнеше өсиет айтқанын да атап өтеді. Мүслим мен Нәсәи жеткізген риуаяттар бойынша, оның үш өсиеті мынадай:
1) «Араб түбегінде екі дін қатар қалмасын». Кейбір риуаятта бұл өсиет: «Яһудилерді Араб түбегінен шығарыңдар», – деп берілген.
2) «[Шалғайдан келген] елшілерге мен сый тартқандай сый тартыңдар».
3) Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы өсиеті: «Намазды және қоластарыңдағы құлдар мен күңдерді ескеріңдер».
Ибн Әбу Әуфаның «Алланың кітабын өсиет етті» деген сөзінің мәні кең. Өйткені Құран – діннің негізгі қайнар көзі. Дінге қатысты мәселенің бәрінің негізі Құранда бар. Алла елшісі (с.а.с.) міндеттеген істердің бәрі де Құранда бар деуге болады. Өйткені Құранда: ﴿وَمَآ ءَاتَىٰكُمُ ٱلرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَىٰكُمْ عَنْهُ فَٱنتَهُوا۟﴾ «Пайғамбар сендерге не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және сендерді не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар»2, – делінген.