وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِفِنَاءِ الْكَعْبَةِ مُحْتَبِيًا بِيَدَيْهِ هَكَذَا، وَوَصَفَ الْإِحْتِبَاءَ وَهُوَ الْقُرْفُصَاءُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Алла елшісін (с.а.с.) Қағбаның ауласында тізесін қолымен құшақтап отырған күйінде көрдім». Содан кейін ол «ихтиба» деп аталатын осы отырысты көрсетті. Бұл – құрфуса отырысы.1
Түсіндірме
«Қамус» сөздігінде ихтиба адамның ихрамын орап отыруы деп түсіндіріледі. Кейде адам арқасы мен балтырын мата не белбеумен орап алады. Дәруіштер мойынға оралған белбеуді де осылай атаған. Бұхари «ихтибаны» «құрфуса» деп түсіндірген. «Қамуста» құрфуса жамбасты жерге қойып, тізені көтеріп, санды ішке тартып, екі қолмен тізені құшақтап отыру делінеді. Мұны тақуалық жаттығуына кіріскен сопылардың немесе бәдәуилердің отырысына ұқсатқан.
Адам жазық далада не шөлде сүйенетін жер таппаса, осылай отырып, біраз тыныға алады.
Ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) қалай отырғанын көрсеткен. Ибн Хажар келтірген бір риуаятта оң қолымен сол білегін ұстағаны айтылған. Өзге риуаяттарда екі қолымен ихтиба жасап отырғаны баяндалады.
Үстінде ихрамнан өзге киімі жоқ адам бұлай отырса, әуреті ашылып қалуы мүмкін. Сондықтан ол екі қолымен тізесін қапсыра ұстайды.
- 1Бұхари, Истизан 34.