Хадис

Ақылдасудың маңызы. Ақылдасу әмірі

Кутуб ситтә, 12-том, 927-тарау · 8 хадис · № 5757–5764

НАСИХАТ ЖӘНЕ АҚЫЛДАСУ БӨЛІМІ

Хадистер

Құран Кәрімде кеңесудің адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқанын көрсететін мысалдар бар. Сүлейменнің хатын алған Бәлқис қандай саясат ұстану керегін ақылдасу үшін жақындарын жинаған. Перғауын Мұсаға қарсы қандай шара қолдану керегін айналасындағы адамдармен талқылаған. Ибраһим ұлы Исмайылды құрбандыққа шалу туралы көрген түсін ұлына айтып, оның пікірін сұраған. Бұдан бөлек, Құранның екі аятында ардақты Пайғамбарымызға (с.а.с.) және мұсылмандарға ақылдасу әмір етілген. Бірінші аятта мұсылмандарға қоғамдық істерін өзара кеңесіп жүргізу бұйырылған: ﴿وَأَمْرُهُمْ شُورَىٰ بَيْنَهُمْ﴾ «барлық істерін өзара кеңесе отырып істейтін». Осы үзіндіге қатысты аяттарды тұтас оқысақ, кеңесу Аллаға иман келтіру, тәуекел ету, үлкен күнәлардан тыйылу, намаз оқу секілді исламның негізгі ұстанымдарымен қатар аталғанын көреміз. Бұл – истишараның маңызын көрсетеді. ﴿فَمَآ أُوتِيتُم مِّن شَىْءٍ فَمَتَٰعُ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَمَا عِندَ ٱللَّهِ خَيْرٌ وَأَبْقَىٰ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَلَىٰ رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ ۝ وَٱلَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَٰٓئِرَ ٱلْإِثْمِ وَٱلْفَوَٰحِشَ وَإِذَا مَا غَضِبُوا۟ هُمْ يَغْفِرُونَ ۝ وَٱلَّذِينَ ٱسْتَجَابُوا۟ لِرَبِّهِمْ وَأَقَامُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَأَمْرُهُمْ شُورَىٰ بَيْنَهُمْ وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ ۝ وَٱلَّذِينَ إِذَآ أَصَابَهُمُ ٱلْبَغْىُ هُمْ يَنتَصِرُونَ﴾ «Өздеріңе берілген нәрсенің бәрі қу тіршіліктің болмашы бұйым-боқшасы ғана. Ал Алланың құзырындағы нығметтер болса, иман келтіріп, Раббыларына тәуекел ететіндер үшін әлдеқайда қайырлы һәм мәңгілік. Олар үлкен күнәлардан һәм жиіркенішті істер мен арсыздық атаулыдан іргелерін аулақ салатын, әрі ашуланғанда кешіре білетін жандар. Һәм олар Раббыларының үндеуін қабыл алып, намаз оқитын және барлық істерін өзара кеңесе отырып істейтін һәм өздеріне ризық ретінде берген нығметтерімізден ізгілік жолында жұмсайтын жандар. Сонымен қатар, олар зұлымдыққа ұшырағанда, бір-біріне қолдау көрсетіп, зұлымдыққа жұмыла қарсы тұратын жандар»1.

Екінші аят тікелей Алла елшісіне (с.а.с.) қарата айтылған: ﴿فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ ٱللَّهِ لِنتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ ٱلْقَلْبِ لَٱنفَضُّوا۟ مِنْ حَوْلِكَ فَٱعْفُ عَنْهُمْ وَٱسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِى ٱلْأَمْرِ فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى ٱللَّهِ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلْمُتَوَكِّلِينَ﴾ «Сен Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дөрекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылар сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле, әрі олармен әр істе кеңесіп отыр. Егер бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді»2. Барлық істе көркем үлгі көрсеткен Алла елшісіне (с.а.с.) қоғамдық істерді жүргізуде де кеңесуді тұрақты ұстанымға айналдыру бұйырылды. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла маған парыздарды орындауды бұйырғанындай, адамдармен тіл табысуды да бұйырды», – деген. Адамдармен тіл табысу оларға жақсы мәміле жасау, ілтипат білдіру, көңілін табу секілді қоғамды ұйыстыратын іс-әрекеттерді қамтиды. Ғалымдар осындай татулықты арттырудың пәрменді жолы кеңесу болғанын және оның Пайғамбарымызға (с.а.с.) осы мақсатпен әмір етілгенін айтқан.

Риуаяттар Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабаларының өмірінде ақылдасу берік ұстаным болғанын көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) қасындағылармен кеңеспей шешім қабылдамаған деуге болады. Бір риуаятта: «Егер мұсылмандармен ақылдаспай әмір тағайындар болсам, Ибн Үммі Абдті тағайындар едім»3, – деген. Әнәс: «Жолдастарымен ақылдасуға Алла елшісіндей мән берген ешкімді көрген емеспін»4, – дейді. Омардың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарға қатысты маңызды істі талқылау үшін Әбу Бәкірмен талай түн оңаша кеңескен. Кейде Омар да сол кеңеске қатысқан.5

Имам Суюти Алла елшісіне (с.а.с.) ғана тән міндеттердің арасында кеңесуді де атаған. Ол: «Алла маған парыздарды орындауды бұйырғанындай, адамдармен жақсы мәміле жасауды да бұйырды», – деген риуаятты дәлелге келтірген.6

Ортақ пікірдің қадірі

7Алла елшісінің (с.а.с.) кеңесуге айрықша мән беруі оның пайдасына деген сенімінен туған. Ол ақылдасқан кісінің өкінбейтінін айтып: «Кеңесіп іс істеген ел қор болмайды»8, 9, – деген. Жеке адам бір мәселеде жаңылысуы мүмкін деген ойға қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла үмбетімді адасу үстінде біріктірмейді. Алланың жәрдемі жамағатпен бірге», – деген. Сондықтан жеке әрі қоғамдық істерде мүмкіндігінше көп адамның ойы тоғысып, ортақ пікір табылған соң, соған сүйенген жөн10. Алла елшісі (с.а.с.) бұрынғы пайғамбарлардың кеңесетін төрт уәзірі болғанын, олардың екеуі аспан, екеуі жер тұрғындарынан екенін, өзіне де төрт уәзір берілгенін айтқан. Ол білікті кеңесшінің маңызын білдіріп: «Араларыңнан біреуге жауапты қызмет жүктеліп, Алла оған жақсылық қаласа, ізгі уәзір нәсіп етеді. Ол басшының ұмытқанын есіне салып, есінде бар ісіне көмектеседі»11, – деген. Әбу Дәуіт жеткізген нұсқада: «Алла бір басшыға жақсылық қаласа, оған турашыл уәзір береді. Жақсылық қаламаса, жаман уәзірге жолықтырады. Ол басшының ұмытқанын есіне салмайды, есінде бар ісіне көмектеспейді»12, – делінген.

Алла елшісі (с.а.с.) кеңестің қоғамға әкелетін берекесін былай білдірген: «Басшыларың жақсыларыңнан, байларың жомарттарыңнан болып, істеріңді кеңесіп атқарсаңдар, жердің үсті сендер үшін астынан қайырлы». Риуаятта басшылары нашар, байлары сараң болып, істері әйелдерге жүктелген жұрт үшін жердің асты үстінен қайырлы болатыны да айтылған.13

Алланың елшісіне қойған сауалы. Әлемдердің Раббысы ешкімнің кеңесіне мұқтаж емес. Автор Алла елшісімен (с.а.с.) үмбеті жайлы болған сұхбатты кеңесудің қадірін танытатын мысал ретінде келтіреді. Ахмад ибн Ханбалдың «Муснадындағы» бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Раббым: “Үмбетіңді не істейін?” – деді. Мен: “Уа, Раббым, қалағаныңды істей гөр. Оларды Сен жараттың, олар – Сенің құлдарың”, – дедім. Раббым сауалын тағы қойғанда, жауабымды қайталадым. Сонда Ол: “Уа, Мұхаммед, үмбетің жайында сені мұңайтпаймын”, – деді».

Ынталандыру

Ақылдасудың пайдасын айттық. Енді мұсылмандарды кеңесуге үндейтін аяттар мен хадистерге тоқталайық.

Бір істің жөнін білмеген адам оны білетін кісіден сұрайтыны Құранда айтылған: ﴿فَسْـَٔلُوٓا۟ أَهْلَ ٱلذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ﴾ «Егер өздерің білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар!». Алла елшісі (с.а.с.): «Ақыл иелерінен кеңес сұраңдар, дұрыс жолды табасыңдар. Бұған қарсы келсеңдер, өкінесіңдер»14, – деген. Тағы бір хадисте: «Бауырың бір іс жайында сұраса, оған жөн сілте», – делінген15. Мұсылманның мұсылман алдындағы ақыларының бірі – кеңес сұрап келген бауырына ақыл 16айту.

Пайғамбарымыз ақылдасуға мұқтаж ба?

Бұл сауал Алла елшісі (с.а.с.) туралы қалыптасқан түсініктен туады. Құран түрінде оқылатын уахимен қатар оған Құранға кірмейтін уахи мен иләһи жол көрсету де берілген. Оның өз қалауынан сөз сөйлемегені17 аяттарда да, хадистерде де айтылады18. Абдулла ибн Амрдың риуаятында ашулы кезінде де Алла елшісінің (с.а.с.) аузынан хақ сөз ғана шыққаны баяндалған.19 Әбу Һурайраның риуаятына қарағанда, ол қалжыңдаса да, шындықты айтқан. Бір күні Алла елшісі (с.а.с.): «Мен хақтан басқа сөз айтпаймын», – дегенде, сахабалар: «Уа, Алла елшісі, бізбен қалжыңдасасыз ғой», – деді. Ол: «Қалжыңдасам да, хақтан басқа сөз айтпаймын», – деп жауап берген.20

Алла елшісі (с.а.с.) Алланың бақылауында болды. Өз ижтиһадымен шешім қабылдап, қателесе қалған жағдайда, уахи арқылы ескертіліп, қатесі түзетілген. Бұған Бәдір тұтқындарын не істеу керегі жөніндегі кеңестен соң түскен уахи айқын мысал. Қабылданған шешім иләһи қалауға сай келмегенде, уахи Алла елшісі (с.а.с.) еңіреп жылайтындай қатты ескертті. Кеңесте Әбу Бәкір тұтқындардан бодау алып, босатуды ұсынған. Омар оларды жазаға тартуды, Абдулла ибн Рауаха отқа тастауды ұсынған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбу Бәкірдің пікірін құп көріп, тұтқындарды бодауға босатқан21. Бұл шешімге мына аяттарда ескерту жасалды: ﴿مَا كَانَ لِنَبِىٍّ أَن يَكُونَ لَهُۥٓ أَسْرَىٰ حَتَّىٰ يُثْخِنَ فِى ٱلْأَرْضِ تُرِيدُونَ عَرَضَ ٱلدُّنْيَا وَٱللَّهُ يُرِيدُ ٱلْـَٔاخِرَةَ وَٱللَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ۝ لَّوْلَا كِتَٰبٌ مِّنَ ٱللَّهِ سَبَقَ لَمَسَّكُمْ فِيمَآ أَخَذْتُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ﴾ «Пайғамбардың жер бетінде үстем болып, дұшпандарын жер қылмайынша, тұтқын ұстағаны лайықсыз. Сендер дүниенің болмашы пайдасын көздейсіңдер. Алла сендер үшін ақыретті қалайды. Алла – Азиз һәм Хаким! Егер Алланың әу баста “Ләухул-махфузға” жазған үкімі болмағанда, жауды тұтқынға алғандарың үшін һәм жинаған олжаларың үшін өте ауыр азапқа душар болар едіңдер».22

Алла елшісі (с.а.с.) барлық істе көркем үлгі болды. Ол кеңеске мұқтаж болмаса да, үмбеті үшін сахабаларымен пікір алмасқан. Өйткені Пайғамбарымызға (с.а.с.) келген уахи одан кейін ешкімге келмейді. Сондықтан Алла елшісіне (с.а.с.) үмбетіне өнеге көрсету үшін кеңесу міндеттелген. Ибн Аббас жеткізген риуаятта ﴿وَشَاوِرْهُمْ فِى ٱلْأَمْرِ﴾ «әрі олармен әр істе кеңесіп отыр» деген аят түскенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла да, Оның елшісі де ешкімнің кеңесіне мұқтаж емес. Алла мұны үмбетіме рақым етіп бұйырды»23, – деген. Басқа бір риуаятта Жәбірейілдің Алла елшісіне (с.а.с.) Құранды жеткізгеніндей, сүннетті де жеткізгені айтылған.24

Алла елшісіне (с.а.с.) өзгелердің пікіріне жүгіну үмбетіне үлгі көрсету үшін міндеттелген. Ғалымдар бұл әмірді осылай түсіндірген. Хасан Басри: «Алла Тағаланың ﴿وَشَاوِرْهُمْ فِى ٱلْأَمْرِ﴾ “әрі олармен әр істе кеңесіп отыр” деген әмірі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалардың пікіріне мұқтаж болғанын білдірмейді. Бұл – одан кейінгі үмбетке үлгі болу үшін берілген әмір. Білімі қанша терең болса да, ғалымның ақылдасып, өзгелердің пікірін тыңдауы қажет екенін осы әмір көрсетеді», – деген.25

Қатада осы аятты түсіндіріп: «Алла кеңесуді сахабалардың көңілін Алла елшісіне (с.а.с.) жақындатып, оған деген сүйіспеншілігін арттыру үшін әмір етті», – деген.26

Фақиһтар «Ақылдасу көңілді орнықтырады» деген27. Ибн Кәсир де кеңескен кісінің қабылдаған шешіміне сенімі артып, сол арқылы ісінің оңға басатынын айтқан.28

Автордың айтуынша, кеңеске жүгінбеген диктаторлар шешімін қайта-қайта өзгертіп, төңірегіндегілерден, өз жұртынан, қоғамнан қауіптенеді. Осының салдарынан өмірінің соңына дейін тыныштық таппай, жан азабын тартады. Мұны қазіргі қоғамның өзінен де аңғаруға болады.

Саяси тарихшылар диктаторлар құрған жүйелер мен олардың идеологиялары өздерімен бірге құритынын айтқан29. Олар адамның рухани және дүниелік игілікке қол жеткізуін қоғамдағы демократиялық тәртіппен байланыстырған.

Басшылар да ақылдасуға мұқтаж

﴿وَأَمْرُهُمْ شُورَىٰ بَيْنَهُمْ﴾ «барлық істерін өзара кеңесе отырып істейтін» деген аяттың өзіне де қатысты екенін көрсету үшін Алла елшісі (с.а.с.): «Маған уахи берілмеген мәселеде мен де сендердің біріңмін», – деген30. Ол тағы: «Алла маған аспаннан екі уәзір, жерден екі уәзір тағайындады. Аспандағылары – Жәбірейіл мен Микаил, жердегілері – Әбу Бәкір мен Омар», – деген.31

Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды өзімен ақылдасуға ынталандырған. Өз пікірін қосып, олардың шешімдерін қуаттаған, сөйтіп істі қолға алған адамның көңілі орнығып, сенімі артқан. Жұрт өзіне қысылмай келіп, ойымен бөлісіп, мәселені еркін талқылауы үшін: «Мен де адаммын. Кейде айтқанымнан қайтамын, қателесуім де мүмкін»32, «Дүниелік істеріңді өздерің менен жақсырақ білесіңдер»33, – деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) өзінен кейінгі басшылар мен ғалымдарға да ақылдасуды өсиет еткені Әлидің сауалына берген жауабынан көрінеді. Әли: «Уа, Алла елшісі, болашақта Құранда аяты, сүннетіңізде соған ұқсас үкімі жоқ бір мәселе туындаса, қалай әрекет етеміз?»34 – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Оны фақиһтар35 мен мүміндерден құралған алқада талқылаңдар. Бір адамның ғана пікіріне сүйеніп шешім шығармаңдар», – деген. Ибн Тәймия Пайғамбарға (с.а.с.) берілген әмірге сүйеніп, ешбір билік иесі өзін ақылдасудан тыс санай алмайтынын айтқан.36

Сахабалардың ақылдасуы

Сахабалар Алла елшісінен (с.а.с.) үйреніп, ақылдасуға айрықша мән берген. Әбу Бәкір Құранды бір кітапқа жинау37, зекет беруден бас тартып, бүлік шығарған бәдәуилерге қарсы шара қолдану және басқа38 да мемлекеттік мәселелер бойынша қасындағылармен кеңескен. Әр өңірге жіберген басшыларына да өзіне хат жазып, кеңеспей әрекет етпеуді тапсырған.39

Омар да ақылдасуды берік ұстанған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірі мен мінберінің арасында мұһажирлер кеңесі жиналатын. Оның мүшелері Әли, Осман, Зүбәйір, Талха, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) секілді сахабалар еді. Риуаяттарда Омар туындаған мәселелерді солармен кеңесіп шешкені40, қойылған сауалға сүннетке сай жауап беру үшін де олардан пікір сұрағаны айтылады. Һижри күнтізбені белгілеу сол кеңестердің маңыздысының бірі еді. Омар жас адамдарды да кеңеске қатыстырған, өз пікірін ашық41 айтуға шақырған. Әскербасылардың қасына кеңесші тағайындағаны да белгілі.

Пайғамбарымыздың ақылшылары

Алла елшісі (с.а.с.) ақылдасудың маңызын іспен де көрсеткен. Оның қасында қажет кезде кеңесіне жүгінетін жақын адамдары болған.

Ең әуелі ойға Әбу Бәкір мен Омар келеді. Ибн Аббас оларды Алла елшісінің (с.а.с.) «екі жәрдемшісі, екі уәзірі» деп атаған42. Екеуінің мемлекет істеріндегі орнын43 Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әбу Бәкір мен Омар мен үшін адамның көзі мен құлағындай» деген сөзінен аңғаруға болады. Ол тағы: «Әбу Бәкір мен Омар бір мәселеде бір пікірге келсе, оларға қарсы шықпаймын», «Мені осы екеуімен қуаттаған Аллаға мадақ болсын», – деген.44

Екі сахаба да парасатты, алғыр ойлы кісілер еді. Олардың кеңесшілік білігін танытатын риуаяттар көп.45 Абдулла ибн Омар: «Омар бір істі “Меніңше, былай болады” десе, оның басқаша болғанын көрген емеспін», – деген. Ол бір мәселеде жұрт бір пікірде, Омар басқа пікірде болғанда, түскен аят Омардың пікірін қуаттағанын да айтқан46. Омар «Шіркін, мына іс осылай болса» деп тілек білдірген соң, тілегіне сәйкес аят түскен он беске жуық оқиға бар. Олардың арасында әйелдердің бүркенуіне, Бәдір тұтқындарына, мұнафықтардың жаназа намазына қатысты аяттар бар.

Омардың ойымен үйлескен уахилер47 оның көрегендігін, таза болмысын және кеңесші болуға лайықтығын көрсетеді. Алла елшісінің (с.а.с.) «Менен кейін пайғамбар келер болса, ол Омар болар еді»48 және «Алла ақиқатты Омардың тілі мен жүрегіне орнықтырған»49 деген сөздері де оның дәрежесін білдіреді.

Әбу Бәкірдің (р.а.) осы тұрғыдағы артықшылығын білдіретін риуаяттар да көп. Автор оның пікірінің дәлдігін көрсету үшін Алла елшісіне (с.а.с.) телінген мына сөзді келтіреді: «Алла, Әбу Бәкірдің [шешімдерінде] қателесуіне, көктердің үстінде разы болмайды».50

Алла елшісінің (с.а.с.) басқа да кеңесшілері болған. Ол мәселенің кімге қатысы барын ескеріп, әйелдің де, ердің де, жастың да, үлкеннің де пікірін сұраған. Қажет әрі пайдалы көрсе, мүмінмен де, мұнафықпен де, мүшрікпен де ақылдасқан. Бұған алдағы мысалдардан көз жеткіземіз.

Дегенмен Алла елшісі (с.а.с.) көбіне ансарлар мен мұһажирлердің өкілдері саналатын үлкен кісілердің кеңесіне жүгінген. Әбу Бәкір мен Омардан (р.а.) кейін Осман, Әли, Талха, Зүбәйір, Усәйд ибн Худайр, Сағд ибн Муаз, Сағд ибн Убада, Муаз ибн Жәбәл және басқа сахабалармен жиі ақылдасқан.51

Мұнафықтармен және мүшріктермен ақылдасу. Мұнда Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул мен Аббас ибн Абдулмұтталибті атауға болады. Абдулла ибн Убәй Мәдинадағы мұнафықтардың басшысы ретінде көп қиындық туғызса да, Алла елшісі (с.а.с.) кейде онымен кеңескен. Соның бір мысалы – Ұхұд шайқасының қай жерде өтетінін талқылау.52

Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде жүргенде, ағасы Аббас әлі исламды қабылдамаған еді. Аббастың ақылы алғыр, пайымы дәл болғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) һижрет секілді құпия әрі маңызды істе де оның пікірін сұраған.53

Ақылдасатын мәселелер

Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен кеңескен мәселелері сан алуан. Соғыс пен қорғаныстан бөлек, намаз уақытын жұртқа қалай хабарлау, Айшаға (р.а.) жабылған жала секілді істерде де ол пікір сұраған. Осы мысалдарды саралаған ғалымдардың бірі соғыс пен дұшпанға қарсы шараларда ғана кеңесу керегін, енді бірі дүниелік және діни мәселелерде де кеңесу қажет екенін айтқан.54

Діни істе ақылдасу дегеніміз – уахи түспеген мәселені талқылау. Алла елшісі (с.а.с.) шешімін айтқанда, сахабалар: «Бұл уахимен бекітілді ме, әлде өз пікіріңіз бе? Өз пікіріңіз болса, былай істеген жөн. Уахи болса, айтылғанына мойынсұнамыз», – деп сұрайтын. Уахимен бекітілген іске олар өз пікірін қарсы қоймаған.

Аллаға, ақыретке және періштелерге иман секілді сенім мәселелерінде таласуға Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салған55. Тағдыр да осыған жатады. Бір күні ол Әлидің үйіне келіп: «Намаз оқымайсыңдар ма?» – деп сұрады. Әли: «Уа, Алла елшісі, жанымыз Алланың құдіретінде. Ол қаласа, намазға тұрамыз», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) тағдыр жайында тартысқа бармай, үндемей шығып кетті. Шығып бара жатып, оның ﴿وَكَانَ ٱلْإِنسَٰنُ أَكْثَرَ شَىْءٍ جَدَلًا﴾ «Алайда адам баласы талас-тартысқа тым әуес»56 деген аятты оқығанын Әли естіді.57

Кеңесудің тәртібі

Енді исламдағы кеңесудің қандай тәртіппен өтетініне тоқталайық.

1. Кеңес беретін адамның қасиеттері

Сүннетте кіммен ақылдасу керегі сөзбен де, іспен де көрсетілген. Кеңесшінің мына қасиеттеріне мән беріледі.

а) Біліктілік пен парасат

Кеңесті ақыл-парасаты мен білігі жететін адамнан сұрайды. Хадисте: «Ақыл иелерінен кеңес сұраңдар, дұрыс жолды табасыңдар», – делінген58. Істің жөнін білмеген адам оны білетін кісіге жүгініп, сөзіне құлақ ассын59. Ғалымдар тәжірибесі аз жаспен және айтары жоқ қартпен ақылдасуды құп көрмеген.60

Кеңес беретін адам істі білуге, тәжірибелі әрі сенімді болуға тиіс. Осындай қасиеттері бар адам мұсылман болмаса да, одан ақыл сұрауға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) Аббаспен ол исламды қабылдамай тұрған кезде кеңесуі – соның бір мысалы.

Әдеп кітаптарында кеңес беретін кісінің ойын ауыр мұң не уайым билеп тұрмауы да шарт ретінде аталады.61

ә) Сенімділік

Кеңес сұрайтын адамың сенімді болсын. Алла елшісі (с.а.с.): «Кеңес сұралған адамға сенім артылады»62, – деген. Өзге бір хадисте кеңесші өз пайдасын көздеп бұра тартпай, істің турасын айтуға тиіс63 делінеді. Бауырына теріс кеңес беру қиянат саналған64. Алла елшісі (с.а.с.): «Адам өзінен кеңес сұрағандарға әділ болса, кеңесі де дұрыс шығады. Әділдіктен тайса, Алла оны дұрыс пікір айту қабілетінен айырады», – деген.65

Турашылдық – кеңесшінің басты қасиеті. Кей хадисте кеңес сұраушыға жауап беру міндет екені айтылады. Жауап әділ, еш жаққа бұрмай айтылуға тиіс. Кеңесшінің сұраушыға реніші, ашуы не кегі болса, үнсіз қалғаны қайырлы. Сол сезімдеріне қарамастан әділ пікір айта алса, кеңес бергені жөн. «Кеңесші – сенім артылған адам. Қаласа жауап береді, қаламаса үндемейді. Жауап беруге66 бел буса, іс өзіне қатысты болғанда да әділдігінен таймасын».67

Бір адам жайында пікір сұралса, оның кемшілігін жасырып қалуға да, жақсысын асыра айтуға да болмайтынын көрсететін оқиға бар. Фатима бинт Қайыс Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, Әбу Жәһм мен Муғауияның үйленуге ұсыныс жасағанын айтып, қайсысын таңдағаны жөн екенін сұрайды. Ол: «Әбу Жәһм иығынан таяғын тастамайды. Муғауияның мал-мүлкі жоқ. Усама ибн Зәйдке тұрмысқа шық», – деп кеңес береді68. Бұл – ақыл сұраған кісіге істің шындығын бүкпей айтудың үлгісі.

б) Мұсылмандық пен діндарлық

Кей хадистерде кеңесті мұсылман әрі діндар адамнан сұрау жайында айтылады: «Кім бір іс жөнінде мұсылманмен ақылдасса, Алла оны ең дұрыс іске бастайды»69. Әдеп кітаптарында тақуалық пен жауапкершілік те шарт ретінде аталады.70

в) Істі білуі және оған қатысы болуы

Бұл қасиет парасатпен сабақтас болғанымен, бөлек қарауды қажет етеді. Сонда Алла елшісінің (с.а.с.) кейбір ісінің мәні анық көрінеді. Мәселен, Ұхұд шайқасы қарсаңында жауды қала ішінде ме, әлде сыртында ма қарсы алу керегі талқыланды. Абдулла ибн Убәй ибн Сәлулдің пікірі сол істі жетік білгендіктен тыңдалды.

Осы орайда әйелдермен ақылдасу мәселесі де туады. Кей кітаптарда «Әйелдермен ақылдаспаңдар» делінгенімен, Алла елшісінің71 (с.а.с.) сүннетінде әйелдің өзіне қатысты істі онымен кеңесіп шешуге мысал көп. Бұл жөнінде «Қыздарың жайында әйелдеріңмен ақылдасыңдар»72, 73, «Бойжеткен тұрмысқа шығу жөнінде әкесімен ақылдасады»74, «Жесір әйелден кеңес алмай, қыздың рұқсатын алмай неке қиылмайды»75 деген риуаяттар бар.

Алла елшісі (с.а.с.) әйелдің өміріндегі ең елеулі істердің бірі – некені оның ризашылығы мен рұқсатынсыз қиюға тыйым салған76. Осыған сүйенген ғалымдардың көпшілігі мұндай некені жарамсыз санаған.77

Ер кісі әйелінің не қызының пікіріне тек некеге қатысты істе ғана жүгінумен шектелмейді. Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдермен де ақылдасып, олардың кеңесіне сүйеніп әрекет еткені айтылады78. Автор бұған қарсы риуаят кездестірмегенін жазады. Тирмизидегі «қызыл жел» туралы хадисте «Кісі анасына қарайласпай, әйеліне бағынады» делінуі ананың ақысы өтелмей қалғанын білдіреді. Сол хадисте «Әкесіне қарайласпай, досына құрмет көрсетеді» деген сөз де бар.79

Омардың әйелдің пікіріне құлақ асқан екі оқиғасы көпке мәлім. Бірде жұма құтбасында әйелдерге берілетін мәһірге шек қойып, оны шектен тыс көбейтпеуді ұсынған. Жамағат арасындағы бір әйел Құран аятына сүйеніп, оның пікірінің дұрыс еместігін ескертті. Омар: «Әйел дұрыс айтты, еркек қателесті. Басшы пікір таластырып, жеңілді», – деп өз пікірінен қайтты.80

Екінші оқиғада Омар бір түні елдің халін біліп жүргенде, күйеуі жорыққа кеткен әйелдің жалғыздыққа налуын естиді. Ол қызы Хафсадан және тәжірибелі әйелдерден:81 «Әйел күйеуінен қанша уақыт бөлек тұруға шыдай алады?» – деп сұрады. Алған жауабына сүйеніп, әскердің жорықта болу мерзімін алты аймен шектеді.82

Демек, әйелге қатысты жеке және отбасылық істерде де, оның білігі жететін мәселеде де пікірі сұралады. Іске қатысы мен білігі жоқ ер адамның да кеңесіне жүгіну құпталмаған. «Әйелмен ақылдаспаңдар» деген жалпылама сөздің түбі сүннетке тірелмейді. Кейбір кітаптарда оның көне даналардың83 сөзі екені ашық жазылған. Діни кітаптарға енген мақал, исраилият, дәрігерлер мен даналардың сөзін жұрт уақыт өте келе діннің өзінен санап, хадиспен не Құранмен шатастырып алған.

2. Кеңесудің түрлері

а) Тікелей пікір сұрау

Шешімін күткен мәселе туғанда, оған құзыретті не тікелей қатысы бар адамдарға жүгініп, пікірін біледі. Алла елшісінің (с.а.с.) 84Бәдірде шайқасу-шайқаспау, одан кейінгі тұтқындар мен олжа жайы85, Хандақ шайқасына әзірлену жөніндегі кеңестері – осының мысалдары.

Алла елшісі (с.а.с.) талқылауда айтылған пікірлердің ең орындысын таңдайтын.

ә) Білікті адамның ұсынысы

Кейде Алла елшісі (с.а.с.) өзі сұрамай тұрып та, мәселені білетін кісі ұсыныс айтқан. Ол орынды ұсынысқа құлақ асатын. Соның бірі – Бәдір шайқасы алдындағы Хұбаб ибн әл-Мүнзирдің кеңесі. Алла елшісі (с.а.с.) әскер аялдайтын орынды белгілегенде, Хұбаб: «Уа, Алла елшісі, бұл орынды уахимен белгіледіңіз бе, әлде өз пікіріңізбен бе? Өз пікіріңізбен таңдасаңыз, бұл жер қолайлы емес», – деп, басқа орын ұсынды. Алла елшісі (с.а.с.) оның ұсынысын қабылдады. Хұбабтың 86Хайбар87, Тайыф88, Бәну Надир және Бәну Құрайза оқиғаларында 89айтқан кейбір ұсыныстары да қолдау тапқан.

Мекке азат етілген күні Алла елшісі (с.а.с.) Харам аумағында шөп жұлуға тыйым салғанда, көкесі Аббас жұртқа қажет изхир шөбін бөлек қарауды сұрады. Бұл ұсыныс қабылданды90. Есек91 еті пісірілген ыдыстарды сындыру бұйырылғанда, сахабалар оларды жуып тазартуды ұсынды. Алла елшісі92 (с.а.с.) бұған да келісті. Ол орынды ұсынысты тыңдап, қабыл алатын.

б) Орынсыз ұсыныс

Кей кісілер уахимен бекітілген істі өзгертуді ұсынған. Алла елшісі (с.а.с.) ондай ұсынысты қабылдамай, себебін сабырмен түсіндірген. Бірде сапарда ақшам кіргенде ауыз ашу үшін сусын сұрады. Бір кісі: «Айнала қараңғылана түссін», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) өтінішін үш рет қайталады. Кей дерек бұл кісіні Біләл әл-Хабаши деп атайды. Алла елшісі (с.а.с.) ақшам кіргенде аузын ашып93, кейін ауызашар уақытын түсіндірді.94

Екінші оқиға қажылықта болған. Алла елшісі (с.а.с.) зұлхижжаның төртінші, бір риуаятта бесінші күні, құрбандық малын өзімен бірге әкелмегендерге ихрамнан шығуды бұйырды. Кейбір сахаба оның мезгілі келген жоқ деп, бірден орындай қоймады95. Алла елшісінің (с.а.с.) ренжігені Айшаның (р.а.) қасына барғанда жүзінен байқалды.

Ауызашардың немесе ихрамнан шығудың мезгілі секілді шариғи істердің жөнін Алла елшісі (с.а.с.) жақсы білетін. Мұндайда орынсыз ұсыныс айтудан сақ болған жөн.

в) Құрмет шегінен асқан қарсылық

Пікір білдірген адам кейде әдеп шегінен асып, кеңес сұраушыны ренжітуі мүмкін. Мұндайда Алла елшісінің (с.а.с.) қалай жауап бергенін төмендегі оқиғалар көрсетеді.

Бірінші мысал – Абдулла Зул-Хуайсыраның оқиғасы. Алла елшісі (с.а.с.) Хунәйн олжасын, бір нұсқада Әлидің Йеменнен96 жіберген дүниесін бөліп жатқанда, ол: «Уа, Мұхаммед, Алладан қорық, әділ бол! Бұл бөлісте Алланың разылығы көзделген жоқ», – деді. Бұл сөзге ренжіген Алла елшісі (с.а.с.): «Мен де Аллаға бойсұнбасам, Оған кім бойсұнады? Алла маған сенім артқанда, сендер маған сенбейсіңдер ме?» – деп жауап берді. Кей сахабалар әлгі кісіні жазаламақ болды. Алла елшісі (с.а.с.): «Жұрттың “Мұхаммед өз жолдастарын өлтіріп жатыр” дегенін қаламаймын», – деп оларға тыйым салды.97

Бірде Зүбәйір мен мәдиналық бір кісі суға таласты. Алла елшісі (с.а.с.): «Зүбәйір, әуелі сен жеріңді суар, одан кейін суды көршіңе жібер», – деп шешім айтты. Мәдиналық кісі: «Зүбәйір жақын туысыңыз болған соң, шешімді соның пайдасына шығардыңыз», – деп наразылық білдірді98. Бұл сөзге Алла елшісінің (с.а.с.) ренжігені жүзінен байқалды. Осы оқиғадан кейін мұндай қарсылықты айыптаған аят түсті: ﴿فَلَا وَرَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ حَتَّىٰ يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لَا يَجِدُوا۟ فِىٓ أَنفُسِهِمْ حَرَجًا مِّمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُوا۟ تَسْلِيمًا﴾ «Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан толық бойсұнбайынша, иман келтірген болып саналмайды»99.

Зинаға қатысты айыпқа төрт куәгер әкелу үкімі түскенде100, Сағд ибн Убада: «Уа, Алла елшісі, үкім осылай ма? Әйелімді бөтен еркекпен көрсем де, төрт куәгер әкелгенше оған тиісе алмаймын ба?»101 – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, үкім солай», – деді. Сонда Сағд: «Сені хақпен жіберген Алламен ант етейін, ондайға кезіксем, куәгер іздемей, қылышпен басын алар едім», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, ансарлар, Сағдтың сөзін естіп тұрсыңдар. Сағд қызғаншақ. Мен одан да қызғаншақпын, Алла менен де қызғаншақ», – деп жауап берді102. Сол жерде Сағдтың қызғанышын растайтын сөздер айтылды. Сабасына түскенде, Сағд кешірім сұрап: «Уа, Алла елшісі, айтқаныңыз – Раббымыздан келген ақиқат. Мен алғаш естігенде абдырап қалдым», – деді.103

Алла елшісі (с.а.с.) Омардың да шалт айтқан қарсылықтарын сабырмен қабылдаған. Хұдайбия келісімі кезінде болған бір қарсылыққа төменде толығырақ тоқталамыз.

Алла елшісі (с.а.с.) ауыр, кейде реніш тудыратын қарсылыққа сабырмен, жұмсақтықпен, мүмкіндігінше жылы жүзбен жауап берген. Соның арқасында жұрт одан безіп кетпеген. Құран оның осы мінезінің маңызын білдіреді: «Алланың рақымымен оларға жұмсақ болдың. Егер дөрекі, тас жүрек болсаң, айналаңнан тарап кетер еді. Оларды кешір, олар үшін кешірім тіле, іс жайында олармен ақылдас». Пікірін ашық айта алмаған адамдардың қарсылығы іштей жиналып, күтпеген кезде қауіпті түрде бұрқ ете қалуы мүмкін. Алла елшісінің (с.а.с.) тіпті әдеп шегінен асқан қарсылыққа да төзім танытуының мәнін осыдан аңғаруға болады.104

3. Шешім қабылдау

Кеңестің маңызды кезеңі – әртүрлі пікір айтылғаннан кейін шешім қабылдау. Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінде мұның бірнеше түрі кездеседі.

а) Көпшіліктің пікіріне сүйену

Ұхұд шайқасы жөніндегі шешім көпшіліктің пікіріне сай қабылданды. Алла елшісі (с.а.с.) бастаған үлкендер жауды қала ішінде қарсы алуды ұсынды. Көпшілікті құраған жастар мұны өздеріне намыс көріп, жаумен ашық алаңда шайқасуды қалады. Олар осы ұсыныстан қайтпаған соң, Алла елшісі (с.а.с.) келісті.105

ә) Ұсынылған пікірлердің бірін таңдау. Кейде Алла елшісі (с.а.с.) ұсынылған пікірдің бірін дауысқа салмай-ақ өзі таңдаған. Бәдір тұтқындарына қатысты шешім осылай қабылданды.

б) Шешімді кейінге қалдыру

Кейде ұсыныстардың ешбірі қабылданбай, мәселенің шешімі кейінге қалдырылған. Намаз уақытын хабарлау туралы кеңес солай өтті. Бір сахаба қоңырау шалуды, екіншісі от жағуды, енді бірі керней тартуды ұсынды. Алла елшісі (с.а.с.) ешқайсысын құп көрмей, шешімді кейінге қалдырды. Келесі күні Абдулла ибн Зәйд түсінде үйренген азан сөздері қабыл алынды. Намаз уақытын азанмен білдіру содан бері жалғасып келеді.106

в) Шешімді өзі қабылдау

Кей жағдайда Алла елшісі (с.а.с.) кеңесшілерінің пікіріне қарамастан шешімді өзі қабылдаған. Соның айқын мысалы – Хұдайбия келісімі. Сахабалардың көбі келісімнің алдағы мақсатын аңғармай, шарттарын намыс көрді. Олар мұндай107 келісімге қол қойғанша, шайқасуды жөн санады. Алла елшісі (с.а.с.) сол сәтте келісімнің ішкі пайдасы мен кейінгі нәтижесін түсіндірмей, бұрын орындалған уәделерді еске салумен шектелді. Осы келісімде де қайыр барын ұғындыруға тырысты108. Бұл шешімді пайғамбарлық өкілетіне сүйеніп, өзі қабылдады.

4. Өз пікіріне байланып қалмау

Сүннеттегі кеңес үлгілеріне қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) Хұдайбия секілді ерекше жағдайда ғана шешімді өзі қабылдаған. Бәдірде әскерді орналастыру туралы алғашқы ойын Хұбабтың ұсынысынан кейін өзгертті. Ұхұдта жауды қала ішінде қарсы алғысы келсе де, көпшіліктің қала сыртында шайқасу жөніндегі пікірін қабылдады.

Алла елшісі (с.а.с.) әркімнің өз пікіріне сүйсініп, өзгеге құлақ аспауын бүлік белгілерінің бірі деп атаған. Өз өмірінде кеңесе білудің өнегесін көрсетті.109

5. Кеңесшінің көңілін қалдырмау

Кеңесте бір-біріне қайшы пікірлер айтылады. Мұндайда шешім қабылдаушының әдеп сақтауы маңызды. Бір пікірді қабылдаған соң, өзге ұсыныс иелерінің көңілін қалдырмауға тырысады.

Алла елшісі (с.а.с.) Бәдір тұтқындары жайында кеңескенде, әркімнің пікірін тыңдап, Әбу Бәкірдің ұсынысын қабылдады. Өзге сахабаларға да ілтипат білдірді: «Уа, Әбу Бәкір, сен Ибраһимге ұқсайсың. Ол: ﴿فَمَن تَبِعَنِى فَإِنَّهُۥ مِنِّى وَمَنْ عَصَانِى فَإِنَّكَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ “Бұдан былай кім маған ерсе, ол – менің үмбетім. Ал кімде-кім маған қарсылық білдірсе, Сен өте кешірімді, ерекше мейірімдісің”110, – деген. Уа, Омар, сен Нұхқа ұқсайсың. Ол: ﴿وَقَالَ نُوحٌ رَّبِّ لَا تَذَرْ عَلَى ٱلْأَرْضِ مِنَ ٱلْكَٰفِرِينَ دَيَّارًا﴾ “Нұх дұғасын былай деп түйіндеді: ‘Уа, Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бір адам қалдырма!’”111, – деген».

Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірді Исаға, Омарды Мұсаға да теңеді. Иса: ﴿إِن تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ وَإِن تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنتَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ﴾ «“Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз, олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, һәм асқан даналық иесісің!” – деп жауап береді»112, – деген. Мұса: ﴿رَبَّنَا ٱطْمِسْ عَلَىٰٓ أَمْوَٰلِهِمْ وَٱشْدُدْ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَلَا يُؤْمِنُوا۟ حَتَّىٰ يَرَوُا۟ ٱلْعَذَابَ ٱلْأَلِيمَ﴾ «Уа, Раббымыз! Олардың мал-мүліктерін түгін қалдырмай құртып жібер. Жүректерін одан әрі тас қылып қатайта түс. Олардың жайы белгілі, олар ауыр азапты өз көздерімен көрмейінше иманға келмейді»113, – деген. Екі сахабаның пікіріне сәйкес аяттарды келтіріп, әр пікірдің сүйенген негізін танытты.114

Бұл оқиғада Омардың өз ойын батыл, ашық айтуы да назар аударарлық. Пікірі жұрттың пікіріне қайшы келсе де, оны жасырмаған. Кеңесте кейде ауыр сөз айтылса да, жиын тарағанда ешкім кек сақтамаған. Сағид ибн әл-Мусайяб: «Омар ибн әл-Хаттаб пен Осман ибн Аффанның бір мәселе үстінде қатты таласқанын көрген адам “Екеуі енді бас қоспас” деп ойлар еді. Ал жиын біткенде, олар бір-бірін жылы шыраймен шығарып салатын», – деген.115

6. Қабылданған шешімде табанды болу

Кеңесіп, шешім қабылдаған соң, соны табандылықпен орындау – исламдағы кеңестің маңызды шарты. Бекітілген шешімнен тайқу, сөзінде тұрмау құпталмайды. Құранда кеңесуге әмір берілген аятта: ﴿وَشَاوِرْهُمْ فِى ٱلْأَمْرِ فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى ٱللَّهِ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلْمُتَوَكِّلِينَ﴾ «әрі олармен әр істе кеңесіп отыр. Егер бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді», – делінген.116

Ұхұд шайқасында әуелде жауды қала ішінде қарсы алу ұсынылды. Жастардың пікіріне құлақ асқан Алла елшісі (с.а.с.) қала сыртында шайқасуға бел буды. Сауытын киіп, шайқасқа әзірленгенде, сахабалар қайта келіп: «Жастар қызбалық танытты. Жауды қала ішінде қарсы алайық», – деді. Ол: «Пайғамбар сауытын киген соң, шайқаспай оны шешпейді. Берілген бұйрықтарды орындаңдар», – деп, шешімінде қалды.117

Кеңесте бекітілген шешімнің нәтижесіне оны ұсынған адам ғана жауап бермейді. Жауапкершілік кеңеске қатысқандарға ортақ. Ұхұдта шайқасты қала сыртында өткізіп, жеңіліске ұшыраған соң, Алла елшісі (с.а.с.) жастарды «Сендерді тыңдағандықтан жеңілдік» деп айыптаған жоқ.

ҰЙЫҚТАУ ЖӘНЕ ОЯНУ ӘДЕБІ

5757
Кутуб ситтә, № 5757 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبَّادِ بْنِ تَمِيمٍ عَنْ عَمِّهِ: أَنَّهُ أَبْصَرَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ مُضْطَجِعًا فِي الْمَسْجِدِ، رَافِعًا إِحْدَى رِجْلَيْهِ عَلَى الْأُخْرَى. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ مَالِكٌ فَقَالَ: «وَبَلَغَنِي عَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ أَنَّ عُمَرَ وَعُثْمَانَ كَانَا يَفْعَلَانِ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Аббад ибн Тәмим көкесінен мына хабарды жеткізеді: «Көкесі Алла елшісінің (с.а.с.) мешітте шалқасынан жатып, бір аяғын екінші аяғының үстіне қойғанын көрген».1

Имам Мәлик: «Ибн әл-Мусайябтан жеткен хабар бойынша, Омар мен Осман (р.а.) да осылай жататын», – деп қосқан.

  1. 1Бұхари, Салат 85, Истизан 44; Мүслим, Либас 75 (2100); Муатта, Қасрус-Салат 87, (1, 173); Әбу Дәуіт, Әдәб 36 (4866); Тирмизи, Әдәб 19 (2766); Нәсәи, Масажид 28, (2, 50).
5758
Кутуб ситтә, № 5758 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَسْتَلْقِ أَحَدُكُمْ ثُمَّ يَضَعُ إِحْدَى رِجْلَيْهِ عَلَى الْأُخْرَى. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Ешқайсың шалқасынан жатып, бір аяғын екінші аяғының үстіне қоймасын», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Бірінші риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) шалқасынан жатып, бір аяғын екіншісінің үстіне қойғаны, екінші риуаятта бұлай жатуға тыйым салғаны айтылады. Екі риуаятты салыстырған ғалымдар шалқасынан жатып, аяқты айқастыруға әурет ашылмаған жағдайда рұқсат деген. Жабирдің (р.а.) түсіндіруінше, тыйым әуреті ашылып қалатындай жатқан адамға қатысты айтылған. Әурет ашылмаса, осылай жатудың айыбы жоқ.

Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыз (с.а.с.) шалқасынан жатуға рұқсат барын көрсету үшін солай жатқан деген.

  1. 1Мүслим, Либас 74 (2099); Әбу Дәуіт, Әдәб 36 (4865); Тирмизи, Әдәб 20, (2767, 2768).
5759
Кутуб ситтә, № 5759 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: رَأَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَجُلًا مُضْطَجِعًا عَلَى بَطْنِهِ، فَقَالَ: إِنَّ هَذِهِ ضِجْعَةٌ لَا يُحِبُّهَا اللَّهُ تَعَالَى. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) етбетінен жатқан бір адамды көріп: “Бұл – Алла Тағала ұнатпайтын жатыс”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) етпетінен жатуға тыйым салып, мұны Алла ұнатпайтын жатыс деп сипаттаған. Өзге бір риуаятта ол «тозақ жұртының жатысы» делінген. Ияш ибн Тихфа әкесінің басынан өткен мына оқиғаны жеткізген. Тихфа мешітте етпетінен ұйықтап жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.) оны аяғымен түртіп оятып: «Бұл – Алла жақтырмайтын жатыс», – деген.

  1. 1Тирмизи, Әдәб 21 (2769).
5760
Кутуб ситтә, № 5760 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يَنَامَ الرَّجُلُ عَلَى سَطْحٍ لَيْسَ بِمَحْجُورٍ عَلَيْهِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) жиегі қоршалмаған үй төбесінде ұйықтауға тыйым салды».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) қауіптен сақтануды ескерткен. Үйдің төбесі қоршалмаса, ұйықтаған адам құлап, жарақат алуы мүмкін. Құлап кету қаупі бар жерде жатудан сақтану керек.

  1. 1Тирмизи, Әдәб 82 (2858).
5761
Кутуб ситтә, № 5761 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ بَعْضِ آلِ أُمِّ سَلَمَةَ قَالَ: كَانَ فِرَاشُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ نَحْوًا مِمَّا يُوضَعُ الْإِنْسَانُ فِي قَبْرِهِ، وَكَانَ الْمَسْجِدُ عِنْدَ رَأْسِهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәламаның үй ішінен бір кісі былай жеткізген: «Алла елшісінің (с.а.с.) төсеніші адамды қабірге жатқызғандағыдай салынатын. Басының тұсы мешіт жақта болатын».1

Түсіндірме

1. Ғалымдар хадисті әртүрлі түсіндірген.

• Әбу Дәуіт мұны «Ұйықтағанда адамның жүзін қайда қарату керек?» деген тарауда келтірген. Оның түсіндіруінше, сөз Алла елшісінің (с.а.с.) қалай жатқаны туралы.

• Кейбір ғалымдар төсеніші қабірдегі адамның жататын орнына ұқсас болған деп түсіндірген.

• Әли әл-Қари «Мирқат» еңбегінде ұйықтарда салған төсенішінің қабірге қойылған кісінің жататын орнына ұқсағанын айтқан.

2. Хадистің екінші бөлігінде Алла елшісінің (с.а.с.) басын мешітке қаратып жатқаны айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 106 (5044).
5762
Кутуб ситтә, № 5762 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنَ اللَّيْلِ فَقَضَى حَاجَتَهُ «يَعْنِي بَالَ» فَغَسَلَ وَجْهَهُ وَيَدَيْهِ ثُمَّ نَامَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде тұрып, кіші дәретін сындырды. Содан кейін беті мен қолын жуып, қайта ұйықтады».1

Түсіндірме

Бірнеше риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) ұйықтар алдында дәрет алуға кеңес берген. Бұл хадисте оның түнде оянғанда не істегені баяндалады. Ол қажетін өтеп, беті мен қолын жуып, қайта жатқан. Хадисте толық дәрет алғаны айтылмайды. Дәрет алса, риуаятта ол да көрсетілер еді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 105 (5043).
5763
Кутуб ситтә, № 5763 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِفِنَاءِ الْكَعْبَةِ مُحْتَبِيًا بِيَدَيْهِ هَكَذَا، وَوَصَفَ الْإِحْتِبَاءَ وَهُوَ الْقُرْفُصَاءُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Алла елшісін (с.а.с.) Қағбаның ауласында тізесін қолымен құшақтап отырған күйінде көрдім». Содан кейін ол «ихтиба» деп аталатын осы отырысты көрсетті. Бұл – құрфуса отырысы.1

Түсіндірме

«Қамус» сөздігінде ихтиба адамның ихрамын орап отыруы деп түсіндіріледі. Кейде адам арқасы мен балтырын мата не белбеумен орап алады. Дәруіштер мойынға оралған белбеуді де осылай атаған. Бұхари «ихтибаны» «құрфуса» деп түсіндірген. «Қамуста» құрфуса жамбасты жерге қойып, тізені көтеріп, санды ішке тартып, екі қолмен тізені құшақтап отыру делінеді. Мұны тақуалық жаттығуына кіріскен сопылардың немесе бәдәуилердің отырысына ұқсатқан.

Адам жазық далада не шөлде сүйенетін жер таппаса, осылай отырып, біраз тыныға алады.

Ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) қалай отырғанын көрсеткен. Ибн Хажар келтірген бір риуаятта оң қолымен сол білегін ұстағаны айтылған. Өзге риуаяттарда екі қолымен ихтиба жасап отырғаны баяндалады.

Үстінде ихрамнан өзге киімі жоқ адам бұлай отырса, әуреті ашылып қалуы мүмкін. Сондықтан ол екі қолымен тізесін қапсыра ұстайды.

  1. 1Бұхари, Истизан 34.
5764
Кутуб ситтә, № 5764 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّهَا كَانَتْ تَكْرَهُ أَنْ يَجْعَلَ الرَّجُلُ يَدَهُ عَلَى خَاصِرَتِهِ، وَكَانَتْ تَقُولُ إِنَّ الْيَهُودَ تَفْعَلُهُ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) намазда қолды бүйірге таянып тұруды мәкруһ санаған. Ол: «Яһудилер осылай істейді», – дейтін.1

Түсіндірме

1. Хадисте намазда қолды бүйірге таянудың мәкруһ екені айтылады. Кей нұсқаларда Алла елшісінің (с.а.с.) бұған тыйым салғаны баяндалған. Әр риуаятта ол «хаср», «мұхтасир», «ихтисар» секілді сөздермен берілген. Ғалымдардың көпшілігі бұларды намазда бүйірді таяну деп түсіндірген. Харауи «Әл-Ғарибәйн» еңбегінде «ихтисарды» рәкатта бір-екі аят қана оқып, намазды қысқарту деп түсіндірген пікірді келтіреді. Оны рукуғ пен сәждеде кідірмей, намазды тез аяқтау немесе қырағаттағы сәжде аяттарын тастап кету деп түсіндіргендер де болған. Мұндай түсіндіру «ихтисар» деген нұсқаға келуі мүмкін. «Тахассур» не «хаср» делінген нұсқаларда бүйірді таяну меңзеледі.

2. Кейбір риуаяттарда бүйірді таяну тек намазда мәкруһ делінсе, басқаларында намаздан тыс уақытта да құпталмайды.

3. Қолды бүйірге таянуға тыйым салудың себебін ғалымдар әртүрлі түсіндірген.

• Ібіліс жерге бүйірін таянған күйде түсірілген деген пікір бар.

• Яһудилер осылай жиі тұрғандықтан, оларға ұқсамау үшін тыйым салынған деген пікір бар.

• Кей ғалымдар мұны тозақ жұртының тынығу қалпы деп түсіндірген.

• Ән салатындар бүйірін таянатындықтан және тәкаппар кісілерге де осы қалып тән болғандықтан тыйым салынған деген пікірлер айтылған. • Қайғыға ұшыраған адам да осылай тұрады деген пікір бар.

Ибн Хажар Айшаның (р.а.) «Яһудилер осылай істейді» деген түсіндірмесін ең салмақты санаған. Басқа пікірлердің де негізі болуы мүмкін екенін айтқан.

  1. 1Рәзин тахриж жасаған. Алайда Бұхари бұны бір тақырып ретінде берген (Бұхари, Әнбия 50).