وَعَنْ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ عَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: لَمَّا تَزَوَّجَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَقَامَ عِنْدِي ثَلَاثًا. وَقَالَ: إِنَّهُ لَيْسَ بِكَ هَوَانٌ عَلَى أَهْلِكِ، إِنْ شِئْتِ سَبَّعْتُ لَكِ، وَإِنْ سَبَّعْتُ لَكِ سَبَّعْتُ لِنِسَائِي. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.
Әбу Бәкір ибн Абдуррахман Үммі Сәләманың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) маған үйленгенде қасымда үш түн қалды. Содан кейін: “Бұл сенің қадіріңнің кемдігінен емес. Қаласаң, қасыңда жеті түн боламын, онда өзге әйелдерімнің қасында да жеті түннен қаламын”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәләманың (р.а.) қасында үш түннен артық қалмауы оны кемсіткеннен емес екенін түсіндірген. Өйткені бұрын некеде болған әйелге үйленгенде оның қасында үш түн қалу сүннет еді. Егер ол жеті түн қалуын қаласа, Алла елшісі (с.а.с.) өзге әйелдерінің әрқайсысына да сонша түн бөлуге тиіс болатынын айтқан.
Бұл хадистен пәк қызға үйленген кісінің қалыңдығының қасында жеті, бұрын некеде болған әйелге үйленген кісінің қалыңдығының қасында үш түн қалатыны аңғарылады. Содан кейін әйелдерінің түн кезегін тең бөледі. Осы мерзімнен артық қалса, өзге әйелдеріне де сонша уақыт бөліп, кезегінің орнын толтыруы уәжіп. Ал олардың келісімімен артық қалса, орнын толтыру қажет болмауы мүмкін.
- 1Мүслим, Рада 41 (1460); Муатта, Никах 14, (2, 529); Әбу Дәуіт, Никах 35 (2122).