Хадис

Әйелдер арасында әділдік сақтау

Кутуб ситтә, 12-том, 914-тарау · 9 хадис · № 5708–5716

НЕКЕГЕ ҚАТЫСТЫ БАСҚА ДА ҮКІМДЕР

Хадистер

5708
Кутуб ситтә, № 5708 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ كَانَتْ لَهُ امْرَأَتَانِ وَلَمْ يَعْدِلْ بَيْنَهُمَا، جَاءَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَشِقُّهُ سَاقِطٌ؛ وَفِي أُخْرَى: مَائِلٌ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Екі әйелі бола тұра, екеуіне тең қарамаған адам қиямет күні денесінің бір жағы сал болып келеді”, – деген».

Басқа риуаятта «Денесінің бір жағы қисайып келеді» делінген.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис екі немесе одан да көп әйелі бар ер адамға қатысты. Әйелдеріне тең қарамаған адам қиямет күні денесінің бір жағы сал болып келеді. Бұл – жауапкершілігіне алған жанға қиянат жасаудың ауыр салдары. Алла Тағала бұл жайында: ﴿فَلَا تَمِيلُوا۟ كُلَّ ٱلْمَيْلِ فَتَذَرُوهَا كَٱلْمُعَلَّقَةِ﴾ «Ендеше, әйелдеріңнің біреуіне ғана көңіл бөліп, енді бірін жіпсіз байлап, екі ортада қалдырмаңдар»2, – деп ескерткен.

2. Мұнда нәпақа, бірге өткізетін уақыт пен некелік ақы секілді адамның қолынан келетін істерде теңдік сақтау айтылған. Түсіндірмешілер аят жүректегі сүйіспеншілікті теңестіруді талап етпейді деп түсіндірген, өйткені сезім адамның еркіне бағынбайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Никах 39 (2133); Тирмизи, Никах 42 (1141); Нәсәи, Иштарун-Ниса 2, (7, 63).
  2. 2Ниса 129.
5709
Кутуб ситтә, № 5709 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْسِمُ وَيَعْدِلُ وَيَقُولُ: اللَّهُمَّ هَذَا قَسَمِي فِيمَا أَمْلِكُ، فَلَا تَلُمْنِي فِيمَا تَمْلِكُ وَلَا أَمْلِكُ، يَعْنِي الْقَلْبَ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) әйелдерінің кезегін әділ бөліп: “Уа, Алла! Бұл – менің қолымнан келетін бөлісім. Өзіңнің билігіңдегі, менің қолымнан келмейтін іс үшін мені жазғырма”, – дейтін». Қолынан келмейтін іс деп жүрегін меңзеген.1

Түсіндірме

1. Осы хадиске сүйенген бір топ ғалым әйелдер арасында әділдік сақтау Алла елшісіне (с.а.с.) де уәжіп болғанын айтқан. Өзге ғалымдар ﴿تُرْجِى مَن تَشَآءُ مِنْهُنَّ وَتُـْٔوِىٓ إِلَيْكَ مَن تَشَآءُ﴾ «Әйелдеріңе кезекпен бару мәселесіне келсек, қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің»2 деген аятқа сүйеніп, бұл істе Алла елшісіне (с.а.с.) таңдау еркі берілген деген.

2. Хадис сүйіспеншілік пен жүректің бейілі адамның еркіне бағынбайтынын, оның Алладан екенін аңғартады. Құранда да ﴿لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِى ٱلْأَرْضِ جَمِيعًا مَّآ أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ﴾ «Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің»3 делініп, артынша ﴿وَلَٰكِنَّ ٱللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ﴾ «Алайда Алла оларды жарастырды» деп жалғасады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Никах 39 (2134); Тирмизи, Никах 42 (1140); Нәсәи, ишратун-Ниса 2, (7, 64).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 51-аят.
  3. 3«Әнфәл» 63.
5710
Кутуб ситтә, № 5710 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّ سَوْدَةَ بِنْتَ زَمْعَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: وَهَبَتْ يَوْمَهَا لِعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَكَانَ ﷺ يَقْسِمُ لِعَائِشَةَ يَوْمَهَا وَيَوْمَ سَوْدَةَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Сәуда бинт Зәмға (р.а.) өз кезегін Айшаға берді. Сөйтіп, Алла елшісі (с.а.с.) Айшаның қасында өзінің кезегінде де, Сәуданың кезегінде де қалатын болды».1

Түсіндірме

Ислам ерлерге төрт әйелге дейін некелесуге рұқсат беріп, мұндай отбасында туындайтын мәселелердің шешімін де көрсеткен. Алдыңғы хадисте әйелдердің кезегін әділ бөлу айтылды. Бұл хадис әйел өз кезегін басқа әйелге бере алатынын көрсетеді. Кей риуаяттарда Сәуданың (р.а.) жасы ұлғайып, Алла елшісі (с.а.с.) өзін ажыратып жібере ме деп қауіптенген шағында Алла елшісі (с.а.с.) өзіне бөлген түнді Айшаға (р.а.) сыйлағаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) бұған келісіп, содан кейін Айшаның қасында өзге әйелдеріне қарағанда көбірек қалатын болған.

Ғалымдардың айтуынша, әйел бұл шешімінен айнып, кейінгі кезегін қайта ала алады. Бірақ өтіп кеткен кезектерінің орнын толтыруды талап ете алмайды.

Алла елшісі (с.а.с.) Сәуда анамызбен Меккеде, әзірет Хадиша қайтыс болғаннан кейін отбасын құрған. Екеуі бірге һижрет еткен. Риуаяттарда Айшамен неке Сәудамен некеден бұрын қиылғанымен, Алла елшісі (с.а.с.) алдымен Сәудамен бірге тұра бастағаны айтылады.

Сәуда бинт Зәмға (р.а.) әзірет Омардың халифалығының соңында қайтыс болған. Алла оны рақымына алсын.

  1. 1Бұхари, Никах 98, Мүслим, Рада 47 (1463).
5711
Кутуб ситтә, № 5711 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي مَرَضِهِ إِلَى نِسَائِهِ فَاجْتَمَعْنَ. فَقَالَ: إِنِّي لَا أَسْتَطِيعُ أَنْ أَدُورَ بَيْنَكُنَّ فَإِنْ رَأَيْتُنَّ أَنْ تَأَذَنَّ لِيَ أَنْ أَكُونَ عِنْدَ عَائِشَةَ فَعَلْتُنَّ؟ فَأَذِنَّ لَهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқаттанып жатқанда әйелдерін шақыртып, бәрі жиналған соң: “Сендердің үйлеріңе кезекпен баруға шамам жоқ. Рұқсат етсеңдер, Айшаның үйінде қалайын”, – деді. Бәрі оған рұқсат берді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Никах 39 (2137).
5712
Кутуб ситтә, № 5712 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تِسْعُ نِسْوَةٍ، وَكَانَ إِذَا قَسَمَ بَيْنَهُنَّ لَا يَنْتَهِي إِلَى الْمَرْأَةِ الْأُولَى إِلَّا فِي تِسْعٍ فَكُنَّ يَجْتَمِعْنَ فِي كُلِّ لَيْلَةٍ فِي بَيْتِ الَّتِي يَأْتِيهَا، فَكَانَ فِي بَيْتِ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَجَاءَتْ زَيْنَبُ فَمَدَّ يَدَهُ إِلَيْهَا. فَقَالَتْ: هَذِهِ زَيْنَبُ. فَكَفَّ ﷺ يَدَهُ فَتَقَاوَلَتَا حَتَّى اسْتَحَثَّتَا وَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ فَمَرَّ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَسَمِعَ أَصْوَاتَهُمَا. فَقَالَ: اُخْرُجْ يَا رَسُولَ اللَّهِ وَاحْثُ فِي أَفْوَاهِهِمَا التُّرَابَ، فَخَرَجَ ﷺ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) тоғыз әйелі бар еді. Оларға кезек бөлгенде әрқайсысына тоғыз күнде бір оралатын. Әйелдері әр түні өзі баратын әйелдің үйіне жиналатын. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) Айшаның үйінде еді. Зейнеп келгенде, ол қолын оған қарай созды. Айша: “Бұл – Зейнеп”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) қолын тартып алды. Екеуі сөзге келіп, бір-біріне топырақ шашуға дейін барды. Сол кезде намазға қамат айтылды. Өтіп бара жатқан Әбу Бәкір екеуінің даусын естіп: “Уа, Алла елшісі! Сыртқа шығыңыз да, екеуінің аузына топырақ шашыңыз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) сыртқа шықты».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) әйелдерінің қасында кезекпен түнеумен қатар, басқа уақыттарда да олармен бірге болатын. Осы хадиске қарағанда, әйелдері кезегі келген әйелдің үйіне жиналатын, Алла елшісі (с.а.с.) сол жерде бәрімен біраз уақыт өткізетін. Кейін басқалары өз үйлеріне тарқап, ол кезегі келген әйелдің қасында қалатын.

Өзге деректерде Алла елшісінің (с.а.с.) күн сайын екінті намазынан кейін әйелдерінің әрқайсысына барып, хал-жағдайын сұрағаны айтылады.

Ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, ер адам бір әйелінің кезегі келген түнде өзге әйелдерін оның үйіне олардың келісімімен ғана жинай алатынын айтқан.

  1. 1Мүслим, Рада 46 (1462).
5713
Кутуб ситтә, № 5713 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَدُورُ عَلَى نِسَائِهِ فِي السَّاعَةِ الْوَاحِدَةِ مِنَ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ، وَهُنَّ إِحْدَى عَشْرَةَ. قِيلَ لِأَنَسٍ: وَكَانَ يُطِيقُهُ؟ قَالَ: كُنَّا نَتَحَدَّثُ أَنَّهُ أُعْطِيَ قُوَّةَ ثَلَاثِينَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде де, күндіз де бір мезгіл ішінде әйелдерінің бәрін аралайтын. Ол кезде он бір әйелі бар еді». Әнәстан: «Оған шамасы жететін бе?» – деп сұрағанда: «Оған отыз ер адамның күші берілген деп айтатынбыз», – деген.1

  1. 1Бұхари, Ғусл 12; Нәсәи, Никах 1, (6, 53, 54).
5714
Кутуб ситтә, № 5714 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: مِنَ السُّنَّةِ إِذَا تَزَوَّجَ الْبِكْرَ عَلَى الثَّيِّبِ أَقَامَ عِنْدَهَا سَبْعًا، ثُمَّ قَسَمَ: وَإِذَا تَزَوَّجَ الثَّيِّبَ أَقَامَ عِنْدَهَا ثَلَاثًا، ثُمَّ قَسَمَ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Бұрын некеде болған әйелінің үстіне пәк қыз алса, оның қасында жеті түн қалады, содан кейін кезекті тең бөледі. Бұрын некеде болған әйелге үйленсе, оның қасында үш түн қалады, содан кейін кезекті тең бөледі. Бұл – сүннет».1

  1. 1Бұхари, Никах 100, 101; Мүслим, Рада 44 (1461); Муатта, Рада 15, (2, 530); Әбу Дәуіт, Никах 35 (2124); Тирмизи, Никах 41 (1139).
5715
Кутуб ситтә, № 5715 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَمَّا أَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ صَفِيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَقَامَ عِنْدَهَا ثَلَاثًا، وَكَانَتْ ثَيِّبًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафияға (р.а.) үйленгенде оның қасында үш түн қалды. Ол бұрын некеде болған әйел еді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Никах 35 (2123).
5716
Кутуб ситтә, № 5716 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ عَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: لَمَّا تَزَوَّجَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَقَامَ عِنْدِي ثَلَاثًا. وَقَالَ: إِنَّهُ لَيْسَ بِكَ هَوَانٌ عَلَى أَهْلِكِ، إِنْ شِئْتِ سَبَّعْتُ لَكِ، وَإِنْ سَبَّعْتُ لَكِ سَبَّعْتُ لِنِسَائِي. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахман Үммі Сәләманың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) маған үйленгенде қасымда үш түн қалды. Содан кейін: “Бұл сенің қадіріңнің кемдігінен емес. Қаласаң, қасыңда жеті түн боламын, онда өзге әйелдерімнің қасында да жеті түннен қаламын”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәләманың (р.а.) қасында үш түннен артық қалмауы оны кемсіткеннен емес екенін түсіндірген. Өйткені бұрын некеде болған әйелге үйленгенде оның қасында үш түн қалу сүннет еді. Егер ол жеті түн қалуын қаласа, Алла елшісі (с.а.с.) өзге әйелдерінің әрқайсысына да сонша түн бөлуге тиіс болатынын айтқан.

Бұл хадистен пәк қызға үйленген кісінің қалыңдығының қасында жеті, бұрын некеде болған әйелге үйленген кісінің қалыңдығының қасында үш түн қалатыны аңғарылады. Содан кейін әйелдерінің түн кезегін тең бөледі. Осы мерзімнен артық қалса, өзге әйелдеріне де сонша уақыт бөліп, кезегінің орнын толтыруы уәжіп. Ал олардың келісімімен артық қалса, орнын толтыру қажет болмауы мүмкін.

  1. 1Мүслим, Рада 41 (1460); Муатта, Никах 14, (2, 529); Әбу Дәуіт, Никах 35 (2122).