وَعَنْهُ عَنْ رَجُلٍ مِنَ الْأَنْصَارِ يُقَالُ لَهُ نَضْرَةُ بْنُ أَكْثَمَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالَ: تَزَوَّجْتُ امْرَأَةً عَلَى أَنَّهَا بِكْرٌ فَدَخَلْتُ عَلَيْهَا فَإِذَا هِيَ حُبْلَى. فَقَالَ ﷺ لَهَا الصَّدَاقُ بِمَا اسْتَحْلَلْتَ مِنْ فَرْجِهَا، وَالْوَلَدُ عَبْدٌ لَكَ، وَفَرَّقَ بَيْنَنَا، وَقَالَ إِذَا وَضَعَتْ فَحُدُّوهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн әл-Мусайяб Алла елшісінің (с.а.с.) ансарлық сахабасы Надра ибн Әксәмнан мына хабарды жеткізеді: «Пәк деп білген бір әйелге үйлендім. Жақындасқан соң оның жүкті екенін білдім. Жағдайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанымда, ол: “Онымен жақындасқаның үшін мәһірі өзінде қалады, ал баласы саған құл болады”, – деді де, екеумізді айырды. Содан кейін: “Баласын туған соң оған хад жазасын қолданыңдар”, – деп бұйырды».1
Түсіндірме
Хаттаби былай түсіндіреді: «Бұл хадистің үкіміне сүйеніп пәтуа берген бірде-бір фақиһты білмеймін. Өйткені хадис – мурсәл. Азат әйелдің зинадан туған баласы азат болатынына қарсы шыққан бірде-бір ғалымды да білмеймін. [Олай болса, бұл бала қалай құл етіледі?]»
Хаттаби сөзін былай жалғастырады: «Хадис расында жеткен болса, мағынасы мынадай болуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) балаға жақсылық жасауды өсиет етіп, ер адамға оны қамқорлығына алуды, өсіріп, тәрбиелеуді және ержеткенде оның қызметін пайдалануды бұйырған. Бала көрген жақсылығына жауап ретінде оған қызмет етсе, құл тәрізді болады. Хадис расында жеткен болса, үкімі кейін жойылған болуы да мүмкін».
- 1Әбу Дәуіт, Никах 38, (2131, 2132). Әбу Дәуіттің нұсқасында риуаятшы Басра ибн Әксәм деп аталады. Надра есімі де басқа нұсқада кездеседі.