عَنْ ابْنِ الْمُسَيَّبِ: أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَيُّمَا رَجُلٍ تَزَوَّجَ اِمْرَأَةً وَبِهَا جُنُونٌ أَوْ جُذَّامٌ أَوْ بَرَصٌ فَمَسَّهَا فَلَهَا صَدَاقُهَا كَامِلًا، وَذَلِكَ لِزَوْجِهَا غُرْمٌ عَلَى وَلِيِّهَا. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ибн әл-Мусайяб жеткізеді: «Әзірет Омар (р.а.) былай деген: “Бір ер адам ақыл-есінен айырылған, алапеске немесе ақтаңдақ дертіне шалдыққан әйелге үйленіп, онымен жақындасса, әйел мәһірін толық алады. Алайда әйелдің қамқоршысы сол мәһірдің құнын ер адамға өтеуге міндетті”».1
Түсіндірме
Неке қиыларда әйелдің алапеске немесе ақтаңдақ дертіне шалдыққаны, не ақыл-есінен айырылғаны айтылуға тиіс. Әдетте мұндай жағдайда оған үйленгісі келетіндер аз болады. Егер сырқаты жасырылып, неке қиылғаннан кейін белгілі болса, ер адамның некені бұзуына болады. Әйелге уағдаласқан мәһірін толық береді, ал ер адамның шеккен шығынын сырқаттан хабардар қамқоршысы өтейді. Мәһірді өтеуге әйелдің әкесі, бауыры немесе оның жағдайын білуге тиіс өзге бір жақыны міндеттеледі. Әйелді әкесінің бауырының ұлы, азат етілген адамы немесе руласы ұзатқан болса және оның сырқаттан хабарсыз екеніне негіз бар болса, оған мұндай міндет жүктелмейді.
- 1Муатта, Никах 9, (2, 526).