وَفِي أُخْرَى قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ وَهُوَ عَلَىٰ الْمِنْبَرِ: إِنَّ بَنِي هِشَامِ بْنِ الْمُغِيرَةِ اسْتَأْذَنُونِي فِي أَنْ يُنْكِحُوا ابْنَتَهُمْ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ فَلَا آذَنُ، ثُمَّ لَا آذَنُ ثُمَّ لَا آذَنُ إِلَّا أَنْ يُرِيدَ ابْنُ أَبِي طَالِبٍ أَنْ يُطَلِّقَ ابْنَتِي وَيَنْكِحَ ابْنَتَهُمْ، فَإِنَّمَا هِيَ بِضْعَةٌ مِنِّي، يَرِيبُنِي مَا يُرِيبُهَا وَيُؤْذِينِي مَا آذَاهَا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Өзге нұсқада Мисуар былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде тұрып: “Һишам ибн Мұғираның әулеті қыздарын Әли ибн Әбу Талибке некелеуге менен рұқсат сұрады. Рұқсат бермеймін, тағы да рұқсат бермеймін, тағы да рұқсат бермеймін. Әбу Талибтің ұлы қызыммен ажырасып, олардың қызына үйленгісі келсе, ол басқа. Фатима – менің бір бөлшегім. Оны қынжылтқан нәрсе мені де қынжылтады, оны жәбірлеген нәрсе мені де жәбірлейді”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
Хаким келтірген риуаят бойынша, Әли (р.а.) Әбу Жәһілдің қызына сөз салу үшін қыздың әкесінің бауыры әл-Харис ибн Һишамға жүгінген. Қыздың есімі Жуәйрия, Аура немесе Жәмила болғаны айтылады. Әли Алла елшісімен (с.а.с.) кеңескенде, ол: «Қыздың әулеті мен беделі жайында сұрап тұрсың ба?» – деді. Әли: «Жоқ, оған үйленуімді құптайсыз ба, соны білгім келеді», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Фатима – менің бір бөлшегім. Бұл іс оның көңіліне тиеді деп ойлаймын», – деді. Әли (р.а.): «Сізге ұнамайтын істі жасамаймын», – деп, бұл ойынан қайтты. Алла елшісі (с.а.с.) қызына деген жанашырлығынан оған ауыр тиетін осы некеге рұқсат бермеді. Ол мақтай атаған Әбул-Ас ибн Рабиғ (р.а.) үлкен қызы Зейнептің күйеуі еді. Екеуі Меккеде некелескен. Әбул-Ас сөзіне берік, шыншыл, мәрт адам болған. Құрайыштың қарсылығына қарамастан, Зейнеппен некесін сақтады. Бәдірде тұтқынға түскенде, Зейнеп анасы Хадиша (р.а.) тойына сыйлаған алқаны жіберіп, күйеуін босатуды сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) алқаны танып, Хадишаны есіне алып толқыды. Оның өтінішімен алқаны қайтарды, Әбул-Асты босатты. Ол бостандық алғаннан кейін біраз уақыттан соң мұсылман болды.
- 1Бұхари, «Хумус» (3110), «Неке» (5230), «Сахабалардың артықшылықтары», 12, 16, 29, «Жұма», 29, «Талақ», 13. Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары», 96 (2449). Әбу Дәуіт, «Неке», 13 (2071). Тирмизи, «Мәнәқиб» (3866).