НЕКЕ БӨЛІМІ
Хадистер
Исламның сүт туыстығына берген маңызын және одан туындайтын неке тыйымын түсіну үшін, нәрестенің алғашқы жылдардағы қорегіне тоқталайық.
Сүт ему кезеңінде қоректің әсері мен ғайл мәселесі сөз болады.
1) Қорек. Сүт ему кезеңін ғалымдар баланың денесі қалыптасатын шақ деп сипаттаған. Олар осы кезде берілген қоректің баланың өсуіне, тіпті мінезіне ықпал ететінін айтқан. Бір әйелдің сүтін емген балалардың арасындағы неке тыйымы осы түсінікпен байланыстырылады. Туған бауырлар бір-біріне некелесе алмайтыны сияқты, сүт бауырлары да некелесе алмайды. Емген сүттің мөлшері жөнінде пікір әртүрлі болғанымен, көпшілік асқазанға аз да болса сүттің жетуін жеткілікті санаған. Бұхари жеткізген риуаятта баланың аштығын басатын ему меңзелген. Өзге риуаятта: «Сүйекті қуаттандырып, ет өсірмейтін ему сүт туыстығын туғызбайды»1, – делінген. Ғалымдар осыған сүйеніп, алғашқы екі жылда ішілген сүт баланың сүйегі мен етінің қалыптасуына қатысады деп түсіндірген. Ал ересек адамның қорегі сүт туыстығына негіз болатын мұндай қатынас орнатпайды деген. Бір сүт ананың сүтімен қоректенген балаларға қатысты тыйым осылай түсіндірілген.
Сүттің бала мінезіне әсері бар деген түсінік сүт ана таңдауға берілген кеңестен де көрінеді. Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) ақыл-парасаты кем әйелді сүт ана етуден сақтандырғаны және сүт арқылы ұқсастық пайда болатынын айтқаны жеткізіледі. Аманатқа берік деп танылған Мұзайна тайпасынан сүт ана таңдауды ұсынғаны да айтылады. Осыған сүйенген ғалымдар сүт ананың тегі, тазалығы, ақылы, діндарлығы, көркем мінезі мен адалдан қоректенуіне мән берген.
Мунауи мен Сахауи мына оқиғаны баяндайды: «Шейх Әбу Мұхаммед әл-Жуәйни бір күні үйіне келсе, кішкентай ұлын өз анасынан басқа әйел емізіп отыр екен. Шейх баласын көтеріп алып, емген сүтін құстырып шығарды. Өзге әйелдің сүті баланың мінезіне әсер етеді деп қауіптенген еді. Бұл бала кейін Имам әл-Харамайн атанған Әбу әл-Мағали әл-Жуәйни болатын. Ол ержеткен соң, пікірталас үстінде тілі күрмелсе, мұны бала кезінде емген сол сүттің әсерінен деп жорыған».2
Имам Мәліктен христиан әйелді сүт ана етуге бола ма деп сұрағанда, ол: «Олар шарап ішеді, доңыз етін жейді. Баланы сол жегендерімен қоректендіре ме деп қауіптенемін», – деген. Сүт ана таңдауға қатысты осы қағида түрік тіліндегі әдеп пен тәрбие кітаптарында да айтылады. Изники сүт ананың парасатты, мінезі жақсы, салиха әйел болуына мән берген. Харпути Омар Наими де сүт ананың ақыл-парасатына назар аударған. Ғазали араммен қоректенген сүт ананың баланың мінезіне ықпалы тиеді деген. Қазақ дәстүрінде де ананың бала емізер кездегі тазалығына мән берген. «Құнанбайды дәретсіз емізбеген, сол Құнанбайдан хәкім Абай туған» деген сөз осы түсінікті аңғартады. Сүт ана да, туған ана да баласын немен және қандай көңіл күймен емізіп жүргеніне мән берген. Өйткені халықтың ұғымында сүт баланың тәніне де, жанына да қорек болады.
2. Ғайл. Емшектегі баланың дамуына қатысты мәселелердің бірі – ғайл немесе ғайлә. «Ғайлә» деп ердің бала емізетін әйелімен жақындасуын да, жүкті әйелдің баласын емізуін де атаған. Бұл кезде сүт емген баланы «муғил», ал емген сүтін «ғайл» деген. Ертедегі арабтар мұндай сүт балаға зиян келтіреді деп, ғайләні ұнатпаған. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Балаларыңды жасырын өлтірмеңдер. Жаным қолында болған Алламен ант етемін, ғайл ат үстіндегі кісіге жетіп, оны атынан құлатады»3, – деген. Кей түсіндірмешілер жүкті кезде сүттің құрамы өзгеріп, баланы әлсіретеді деп жорыған. Бала есейіп, жүйрік атқа мінгенде, сол әлсіздік білініп, аттан құлауы мүмкін деп түсіндірген.
Өзге хадисте ғайләға рұқсат берілген. Алла елшісі (с.а.с.): «Ғайләға тыйым салмақ едім. Парсылар мен римдіктердің солай істейтінін және балаларына зиян келмейтінін ескердім»4, – деген. Мунауи Ибн әл-Қайимнің осы екі хадистің арасында қайшылық жоқ деген сөзін келтіреді. Оның түсіндірмесінде бірінші риуаятта балаға зияны тиюі мүмкін істен сақтану айтылған. Мұндай жағдай әр балада бола бермейтіндіктен, ол жалпыға бірдей тыйым болып саналмайды.
Ғайләға кесімді тыйым салынбаған. Рұқсат арабтарда қалыптасқан қатты қарсылықты жұмсартты. Дегенмен кей ғалым оны мәкруһ санаған. Әбу Дәуіт келтірген Ибн Мәсғуд риуаятындағы «баланың әлсіреуі» дегенді де бала емізіп жүрген әйелмен жақындасуға қатысты түсіндірген. Үммі Сәләманың баласын емізіп жүргенін көрген Алла елшісі (с.а.с.) онымен жақындасуға асықпағаны, ал Үммі Сәләманың сүт бауыры Аммар ибн Ясир баланы алып кеткен соң ғана ерлі-зайыпты болғаны айтылады. Дәһләуи осы дерекке сүйеніп, ғайләні харам дәрежесіне жетпейтін мәкруһ амал санаған. Изники де бала емізетін әйелмен жақындасу балаға зиян келтіруі мүмкін деген.
Сонымен, түсіндірмешілер ғайлә туралы хадисті кесімді тыйым ретінде қабылдамаған. Олар балаға зардабы тиюі ықтимал кей жағдайға қатысты сақтандыру деп түсінген. Ғайлә сөзі әйелмен жақындасуды да, жүкті әйелдің бала емізуін де білдіреді. Ибраһим Жанан бала емізетін әйел жүкті болып қалса, осы сақтықты ескеріп, баланы сүт анаға беруге болатынын айтқан. Автор жүктілік кезіндегі физиологиялық өзгерістер анаға, құрсақтағы балаға және емшектегі балаға зиян келтіруі мүмкін деген сол кездегі медициналық пайымды да келтіреді.
Некеге уақытша тыйым салынатын жағдайлар
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: كَرِهَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُجْمَعَ بَيْنَ الْعَمَّةِ وَالْخَالَةِ وَبَيْنَ الْخَالَتَيْنِ وَالْعَمَّتَيْنِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَلَفْظُهُ: «نَهَى أَنْ تُزَوَّجَ الْمَرْأَةُ عَلَىٰ عَمَّتِهَا أَوْ خَالَتِهَا».
Қазақша аудармасы
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әке жағынан апа мен нағашы апаны, екі нағашы апаны және әке жағынан екі апаны бір ердің қатар некелеуін мәкруһ санаған».1
Тағы бір нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) әйелді әкесінің әпке-қарындасымен немесе шешесінің әпке-сіңлісімен қатар некелеуге тыйым салды», – делінген.
- 1Әбу Дәуіт, «Неке», 13 (2067). Тирмизи, «Неке», 30 (1125).
وَعَنْ الشَّعْبِيِّ قَالَ: سَمِعْتُ جَابِرًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تُنْكَحَ الْمَرْأَةُ عَلَىٰ عَمَّتِهَا أَوْ خَالَتِهَا. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Қазақша аудармасы
Шағби былай жеткізеді: «Жәбирдің (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) әйелді әкесінің әпке-қарындасымен немесе шешесінің әпке-сіңлісімен қатар некелеуге тыйым салды”, – дегенін естідім».1
- 1Бұхари, «Неке», 27 (5110). Нәсәи, «Неке», 48 (6/98).
وَلِلسِّتَّةِ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تُنْكَحَ الْمَرْأَةُ عَلَىٰ عَمَّتِهَا، وَالْمَرْأَةُ عَلَىٰ خَالَتِهَا. فَتَرَى خَالَةَ أَبِيهَا بِتِلْكَ الْمَنْزِلَةِ.
Қазақша аудармасы
Алты жинақта да Әбу Һурайрадан (р.а.) мына риуаят жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) әйелді әкесінің әпке-қарындасымен немесе шешесінің әпке-сіңлісімен қатар некелеуге тыйым салды».
Рауи сөзін жалғап: «Әйелдің әкесінің анасының әпке-сіңлісін де сол үкімге жатқызамыз», – дейді.1
- 1Бұхари, «Неке», 27 (5109). Мүслим, «Неке», 37 (1408). Мәлік, «Муатта», «Неке», 20 (2/532). Әбу Дәуіт, «Неке», 13 (2065, 2066). Тирмизи, «Неке», 30 (1126). Нәсәи, «Неке», 47–48 (6/96–98).
وَعَنْ الضَّحَّاكِ بْنِ فِيرُوزَ، عَنْ أَبِيهِ قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي أَسْلَمْتُ وَتَحْتِي أُخْتَانِ. قَالَ: طَلِّقْ أَيَّتَهُمَا شِئْتَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Қазақша аудармасы
Даххак ибн Фируз әкесінен былай жеткізеді: «Уа, Алла елшісі! Исламды қабылдағанымда апалы-сіңлілі екі әйел некемде еді», – дедім. Ол: «Қалаған біреуіне талақ бер», – деді.1
- 1Әбу Дәуіт, «Талақ», 25 (2243; басқа нөмірлеуде 2245). Тирмизи, «Неке», 34 (1129).
وَعَنْ قَبِيصَةَ بْنِ ذُؤَيْبٍ قَالَ: سَأَلَ رَجُلٌ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ أُخْتَيْنِ مَمْلُوكَتَيْنِ؛ هَلْ يُجْمَعُ بَيْنَهُمَا؟ قَالَ: أَحَلَّتْهُمَا آيَةٌ، وَحَرَّمَتْهُمَا آيَةٌ؛ وَأَمَّا أَنَا فَلَا أُحِبُّ أَنْ أَصْنَعَ ذَلِكَ. فَخَرَجَ مِنْ عِنْدِهِ، فَلَقِيَ رَجُلًا مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَسَأَلَهُ عَنْ ذَلِكَ. فَقَالَ: أَمَّا أَنَا فَلَوْ كَانَ لِي مِنَ الْأَمْرِ شَىْءٌ لَمْ أَجِدْ أَحَدًا فَعَلَ ذَلِكَ إِلَّا جَعَلْتُهُ نَكَالًا. قَالَ ابْنُ شِهَابٍ رَحِمَهُ اللَّهُ: أُرَاهُ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. قَالَ مَالِكٌ: وَبَلَغَنِي عَنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مِثْلُ ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. الْآيَةُ الَّتِي أَحَلَّتْهُمَا هِيَ: وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ؛ وَالْآيَةُ الَّتِي حَرَّمَتْهُمَا: وَأَنْ تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ.
Қазақша аудармасы
Қабиса ибн Зуәйб былай жеткізеді: «Бір кісі Османнан (р.а.): “Апалы-сіңлілі екі күңмен қатар қосылуға бола ма?” – деп сұрады. Осман: “Бір аят екеуін адал етсе, бір аят харам етті. Өз басым бұлай істеуді құптамаймын”, – деді. Әлгі кісі одан шығып, Алла елшісінің (с.а.с.) бір сахабасына жолықты да, мұны одан да сұрады. Ол: “Билік қолымда болып, осылай істеген кісіні көрсем, өзгеге сабақ боларлық жаза берер едім”, – деді».
Ибн Шиһаб: «Бұл сөзді Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) айтқан деп ойлаймын», – дейді. Имам Мәлік: «Зубәйірден (р.а.) де осындай сөз жеткен», – деген.1
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы бес риуаят өзара жақын туыс екі әйелді бір ердің қатар некелеуін сөз етеді. Апалы-сіңлілі әйелдер, әйел мен оның әкесінің әпке-қарындасы немесе шешесінің әпке-сіңлісі бір ердің некесінде қатар бола алмайды. Ғалымдар бұл тыйымға бірауыздан келіскен. Бір топ харижи өзгеше пікір айтқанымен, ғалымдар оны қабылдамаған. Әйелі қайтыс болса немесе екеуі ажырасса, ер адам оның әпке-сіңлісіне, әке не ана жағынан әпкесіне немесе жиеніне үйлене алады. Бұл тыйым некенің жалғасып тұрғанына байланысты.
2. Исламды қабылдамай тұрып апалы-сіңлілі екі әйелмен некелескен адам мұсылман болған соң біреуіне талақ беруі керек. Шафиғи, Мәлік және Ахмад ибн Ханбал ер адамның бірін өзі таңдайтынын айтқан. Әбу Ханифа бірінші некелескен әйелімен қалатынын айтқан.
3. № 5685 риуаятқа сүйенген ғалымдар әйелдің әкесінің әке немесе ана жағынан әпкесін де осы үкімге жатқызған. Мұндай некенің тыйылу себебі – жақын туыстар арасындағы байланыстың үзілу қаупі. Ибн Хиббан келтірген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Осылай етсеңдер, туыстық байланысты үзесіңдер», – деген. № 5687 риуаятта апалы-сіңлілі екі күңмен қатар қосылу мәселесі көтерілген. Кей түсіндірмешілер Осман (р.а.) рұқсат білдіреді деп атаған аятты وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ «Һәм өзгелердің адал жарлары да сендер үшін харам. Алайда соғыс жағдайында тұтқынға түскен, күңдеріңнің жөні бөлек.»2 деген аят деп түсінген. Тыйым салған аят – وَأَنْ تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ «апалы-сіңлілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді.»3 деген аят.
Осман (р.а.) екі аяттың үкіміне тоқталып, өзінің «Мен бұлай істеуді құптамаймын» деген ұстанымын білдірді. Ол дәлелдер әртүрлі болғандықтан сақтық танытқан немесе тыйымды ұстануды жөн көрген болуы мүмкін. Сұраған кісі кесімді жауап ала алмай, басқа сахабаға барды. Ол билігі болса, осылай істегенге өзгелерге сабақ боларлық жаза беретінін айтты. Мұндағы жаза хад жазасына жатпайды. Үкімді басқаша жорыған кісі зина жасаған болып саналмайтынына ғалымдар келіскен. Ибн Абдилбар Қабисаның сахабаның атын атамауын оның халифа Абдулмәлік ибн Маруанмен араласқанымен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кездегі Омайя әулеті Әлидің (р.а.) есімін, әсіресе Османнан (р.а.) өзгеше пікір айтқан жағдайда, атағанды жақтырмаған.
- 1Мәлік, «Муатта», «Неке», 34 (2/538–539).
- 2«Ниса» сүресі, 24-аят.
- 3«Ниса» сүресі, 23-аят.
وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: طَلَّقَ رَجُلٌ امْرَأَتَهُ ثَلَاثًا، فَتَزَوَّجَهَا رَجُلٌ ثُمَّ طَلَّقَهَا قَبْلَ الْمَسِيسِ، فَسُئِلَ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ؟ فَقَالَ: لَا، حَتَّى يَذُوقَ الْآخَرُ عُسَيْلَتَهَا مَا ذَاقَ الْأَوَّلُ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ.
Қазақша аудармасы
Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Бір кісі әйеліне үш талақ берді. Әйел басқа ерге тұрмысқа шықты. Екінші күйеуі де онымен жақындаспай тұрып ажырасты. Әйел алғашқы күйеуіне қайтқысы келгенде, Алла елшісінен (с.а.с.) осы жай сұралды. Ол: “Жоқ. Екінші күйеуі алғашқы күйеуі татқан ләззатты татпайынша, әйел алғашқы күйеуіне қайта алмайды”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл хадис бірнеше нұсқамен жеткен. Толығырақ нұсқасында Рифаға әл-Қурази әйелімен ажырасқан соң, ол Абдуррахман ибн әз-Зубәйірге тұрмысқа шығады. Екінші күйеуі онымен жақындаса алмайды. Әйел алғашқы күйеуіне қайтқысы келіп, Алла елшісіне (с.а.с.) жағдайын бүкпей баяндайды. Оның ашық айтқанына кейбірі ыңғайсызданып, кейбірі мұны ұятсыздық деп санайды. Алла елшісі (с.а.с.) оны жымиып отырып, соңына дейін тыңдайды. Әйел: «Алғашқы күйеуім маған адал бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Екінші күйеуің сенің ләззатыңды, сен оның ләззатын татпайынша, алғашқы күйеуіңе адал болмайсың», – деп үкімді түсіндіреді.
Үш талақтан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылардың қайта некелесуіне болады. Ол үшін әйел басқа ерге шынайы некемен тұрмысқа шығып, ерлі-зайыптылық қатынас болуы керек. Содан кейін ғана екінші некесі аяқталса, алғашқы күйеуіне қайта алады. Жоғарыдағы оқиғада екінші күйеуінің әйелімен жақындасуы болмағандықтан, әйел бұрынғы күйеуіне қайта алмаған. Бұл ажырасудың салмағын аңғартады. Мұндай шешімге келмес бұрын жан-жақты ойланған жөн.
Әйел алғашқы күйеуіне қайтуы үшін ғана басқа ермен уақытша некелессе, мұны «хулла» дейді. Исламда мұндай некеге тыйым салынған, өйткені неке тұрақты шаңырақ құру ниетімен қиылады. Ғалымдар уақытша мутға некесін бірауыздан харам санаған. Алла елшісі (с.а.с.) хулла жасағанға да, жасатқанға да Алланың лағынеті болсын деген. Хулла неке үкімін теріс пайдалануға жатады. Оны жаиз деген ғалымдар да болған.
2. Хадистегі «усәйлә» сөзі «асал» («бал») сөзінің кішірейтілген түрі. Мұнда жақындасудың ләззаты астарлап айтылған. Айшадан (р.а.) жеткен кей нұсқада оның жыныстық қатынасты білдіретіні түсіндірілген.
- 1Бұхари, «Киім», 6, «Куәлік», 3, «Талақ», 4, 7, 37 (5260), «Әдеп», 68. Мүслим, «Неке», 115 (1433). Мәлік, «Муатта», «Неке», 18 (2/531). Әбу Дәуіт, «Талақ», 49 (2309). Тирмизи, «Неке», 26 (1118). Нәсәи, «Талақ», 9–10 (6/146–147).
وَعَنْ الزُّبَيْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ الزُّبَيْرِ الْقُرَظِيِّ: أَنَّ رِفَاعَةَ بْنَ سِمْوَالٍ طَلَّقَ امْرَأَتَهُ ثَلَاثًا فِي عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ فَنَكَحَتْ بَعْدَهُ عَبْدَ الرَّحْمَٰنِ بْنَ الزُّبَيْرِ فَاعْتَرَضَ عَنْهَا فَلَمْ يَسْتَطِعْ أَنْ يَمَسَّهَا، فَفَارَقَهَا. فَأَرَادَ رَفَاعَةُ أَنْ يَنْكِحَهَا، وَهُوَ زَوْجُهَا الْأَوَّلُ فَذَكَرَ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَنَهَاهُ عَنْ تَزْوِيجِهَا، وَقَالَ: لَا تَحِلُّ لَكَ حَتَّىٰ تَذُوقَ الْعُسَيْلَةَ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Зубәйір ибн Абдуррахман ибн әз-Зубәйір әл-Қурази былай жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде Рифаға ибн Симуал әйеліне үш талақ берді. Әйел Абдуррахман ибн әз-Зубәйірге тұрмысқа шықты. Абдуррахман онымен жақындаса алмай, одан теріс айналды да, ажырасты. Алғашқы күйеуі Рифаға оған қайта үйленгісі келіп, Алла елшісіне (с.а.с.) бұл жайды айтты. Алла елшісі (с.а.с.) оған үйленуге тыйым салып: “Әйел екінші некесінде жақындасу ләззатын татпайынша, саған адал болмайды”, – деді».1
- 1Мәлік, «Муатта», «Неке», 17 (2/531).
وَعَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ فِي الرَّجُلِ يُطَلِّقُ الْأَمَةَ ثَلَاثًا ثُمَّ يَشْتَرِيهَا، إِنَّهَا لَا تَحِلُّ لَهُ حَتَّىٰ تَنْكِحَ زَوْجًا غَيْرَهُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Зәйд ибн Сәбит (р.а.) некесіндегі күңге үш талақ айтып, кейін оны сатып алған кісі жайында: «Ол басқа ерге некелеспейінше, алғашқы күйеуіне адал болмайды», – дейтін.1
- 1Мәлік, «Муатта», «Неке», 30 (2/537).
وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ إِيَاسِ بْنِ الْبُكَيْرِ: أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ وَأَبَا هُرَيْرَةَ وَابْنَ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ سُئِلُوا عَنِ الْبِكْرِ يُطَلِّقُهَا زَوْجُهَا ثَلَاثًا قَبْلَ الدُّخُولِ. فَكُلُّهُمْ قَالُوا: لَا تَحِلُّ لَهُ حَتَّىٰ تَنْكِحَ زَوْجًا غَيْرَهُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Мұхаммед ибн Ияс ибн әл-Букәйр былай жеткізеді: «Ибн Аббас, Әбу Һурайра және Ибн әл-Астан (р.а.) күйеуі жақындаспай тұрып үш талақ берген әйелдің сол ерге қайта тұрмысқа шығуы жайында сұралды. Бәрі де: “Басқа ерге тұрмысқа шықпайынша, ол алғашқы күйеуіне адал болмайды”, – деді».1
- 1Мәлік, «Муатта», «Талақ», 37 (2/570).
وَعَنْ عَلِيٍّ وَجَابِرٍ وَابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ قَالُوا: لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْمُحَلِّلَ وَالْمُحَلَّلَ لَهُ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ.
Қазақша аудармасы
Әли, Жәбир және Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) хулла жасағанға да, соны жасатқанға да лағынет айтқанын жеткізген.1
Түсіндірме
1. Алдыңғы хадистердің көбі үш талақтан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылардың қайта некелесу тәртібін баяндайды. Әйел өзге ерге шынайы некемен тұрмысқа шығып, онымен жақындасқаннан кейін, екінші некесі де аяқталса, алғашқы күйеуімен қайта некелесе алады. Бұл талап болмаса, ажырасудың салмағы жоғалып, кісі қалаған сәтте талақ айтып, қалаған сәтте қайта қосылар еді. Үкім адамды аузынан шығар сөзді таразылап, ашуға ермей, істің алды-артын ойлап барып шешім қабылдауға шақырады.
2. «Мухаллил» – «адал ету» мағынасындағы «тахлил» сөзінен жасалған қимыл иесінің атауы. Сол мағынада «мухилл» де қолданылады. «Мухалләл» сол түбірден жасалып, әрекет кімге қатысты екенін білдіреді. Әйелге үйленіп, оны ажырасу арқылы алғашқы күйеуіне адал етуді көздеген ерді «мухаллил» дейді. Осы істен пайда көрмек болған алғашқы күйеуі «мухалләл ләһ» деп аталады. Қазы Алла елшісінің (с.а.с.) екеуіне де лағынет айтқанын түсіндіреді. Оның айтуынша, мұндай іс адамдық ар мен отбасылық жауапкершілікке нұқсан келтіреді. Алғашқы күйеудің абыройына да, өзгенің пайдасы үшін әйелмен некелескен екінші ердің абыройына да дақ түсіреді. Алла елшісі (с.а.с.) ондай кісіні уақытша алынған текеге теңеген.
Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «қиылған соң бұзылады» немесе «талақ беріледі» деген шартпен қиылған некені жарамсыз деп үкім еткен. Ибн Омардан (р.а.) «Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде мұндай істі зина санайтынбыз» деген сөз жеткен.
• «Субул әс-Сәләмда» былай делінген: «Хадис тахлилдің харам екенін көрсетеді. Лағынет харам іс жасағанға айтылады. Мұндай тыйым келісімнің жарамсыздығын да білдіреді. Тахлилдің бірнеше түрі бар.
• Ер “Әйел алғашқы күйеуіне адал болған соң, некені бұзамын” деп алдын ала келіседі. Бұл мутғаға ұқсайды, өйткені некеге мерзім қойылып тұр.
• Ер некеге тұрарда “Әйелді алғашқы күйеуіне адал етемін де, талақ беремін” деп өзінің шешімін білдіреді.
• Ер мұны тілге тиек етпей, әйел алғашқы күйеуіне адал болысымен ажырасу ниетімен үйленеді.
Хадистегі лағынет осы түрлердің бәріне қатысты. Мұндай келісімдердің бәрі жарамсыз».
3. Ханафи ғалымдары тахлилге рұқсат берген пәтуа айтқан. Осы пікірге қарсы шыққандар ол пәтуаның сахих риуаятқа сүйенбейтінін айтқан. Бұл пікірталастың егжей-тегжейіне тоқталмаймыз.
- 1Тирмизи, «Неке», 27 (1119, 1120). Әбу Дәуіт, «Неке», 16 (2076, 2077). Нәсәи, «Талақ», 13 (6/149).
وَعَنْ الْمِسْوَرِ بْنِ مَخْرَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: خَطَبَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِنْتَ أَبِي جَهْلٍ وَعِنْدَهُ فَاطِمَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَسَمِعَتْ بِذَلِكَ فَأَتَتِ النَّبِيَّ ﷺ. فَقَالَتْ: يَزْعُمُ قَوْمُكَ أَنَّكَ لَا تَغْضَبُ لِبَنَاتِكَ، وَهَذَا عَلِيٌّ نَاكِحٌ ابْنَةَ أَبِي جَهْلٍ. فَقَامَ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى الْمِنْبَرِ فَتَشَهَّدَ وَقَالَ: أَمَّا بَعْدُ فَإِنِّي أَنْكَحْتُ أَبَا الْعَاصِ بْنَ الرَّبِيعِ فَحَدَّثَنِي وَصَدَقَنِي، وَوَعَدَنِي فَوَفَى لِي، وَإِنِّي لَسْتُ أُحَرِّمُ حَلَالًا وَلَا أُحِلُّ حَرَامًا، وَإِنَّ فَاطِمَةَ بِضْعَةٌ مَنِّي، يَرِيبُنِي مَا يُرِيبُهَا، وَاللَّهِ لَا تَجْتَمِعُ بِنْتُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَبِنْتُ عَدُوِّ اللَّهِ أَبَدًا. قَالَ: فَتَرَكَ عَلِيٌّ الْخِطْبَةَ.
Қазақша аудармасы
Мисуар ибн Махрама (р.а.) былай жеткізеді: «Әли (р.а.) некесінде Фатима (р.а.) бола тұра, Әбу Жәһілдің қызын айттырды. Мұны естіген Фатима Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Жұрт сізді қыздарыңыз үшін ашуланбайды дейді. Міне, Әли Әбу Жәһілдің қызына үйленбек”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) орнынан тұрып, мінберге шықты. Шаһадат айтып, сөз бастады: “Әммә бағд! Қызымды Әбул-Ас ибн Рабиғқа некелеген едім. Ол маған шын сөйледі, берген уәдесінде тұрды. Мен адалды харам, харамды адал етпеймін. Фатима – менің бір бөлшегім. Оны қынжылтқан нәрсе мені де қынжылтады. Алламен ант етемін, Алла елшісінің қызы мен Алланың дұшпанының қызы бір ердің некесінде ешқашан қатар болмайды”».
Рауидің айтуынша, Әли (р.а.) қыз айттырудан бас тартты.
وَفِي أُخْرَى قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ وَهُوَ عَلَىٰ الْمِنْبَرِ: إِنَّ بَنِي هِشَامِ بْنِ الْمُغِيرَةِ اسْتَأْذَنُونِي فِي أَنْ يُنْكِحُوا ابْنَتَهُمْ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ فَلَا آذَنُ، ثُمَّ لَا آذَنُ ثُمَّ لَا آذَنُ إِلَّا أَنْ يُرِيدَ ابْنُ أَبِي طَالِبٍ أَنْ يُطَلِّقَ ابْنَتِي وَيَنْكِحَ ابْنَتَهُمْ، فَإِنَّمَا هِيَ بِضْعَةٌ مِنِّي، يَرِيبُنِي مَا يُرِيبُهَا وَيُؤْذِينِي مَا آذَاهَا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Қазақша аудармасы
Өзге нұсқада Мисуар былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде тұрып: “Һишам ибн Мұғираның әулеті қыздарын Әли ибн Әбу Талибке некелеуге менен рұқсат сұрады. Рұқсат бермеймін, тағы да рұқсат бермеймін, тағы да рұқсат бермеймін. Әбу Талибтің ұлы қызыммен ажырасып, олардың қызына үйленгісі келсе, ол басқа. Фатима – менің бір бөлшегім. Оны қынжылтқан нәрсе мені де қынжылтады, оны жәбірлеген нәрсе мені де жәбірлейді”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
Хаким келтірген риуаят бойынша, Әли (р.а.) Әбу Жәһілдің қызына сөз салу үшін қыздың әкесінің бауыры әл-Харис ибн Һишамға жүгінген. Қыздың есімі Жуәйрия, Аура немесе Жәмила болғаны айтылады. Әли Алла елшісімен (с.а.с.) кеңескенде, ол: «Қыздың әулеті мен беделі жайында сұрап тұрсың ба?» – деді. Әли: «Жоқ, оған үйленуімді құптайсыз ба, соны білгім келеді», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Фатима – менің бір бөлшегім. Бұл іс оның көңіліне тиеді деп ойлаймын», – деді. Әли (р.а.): «Сізге ұнамайтын істі жасамаймын», – деп, бұл ойынан қайтты. Алла елшісі (с.а.с.) қызына деген жанашырлығынан оған ауыр тиетін осы некеге рұқсат бермеді. Ол мақтай атаған Әбул-Ас ибн Рабиғ (р.а.) үлкен қызы Зейнептің күйеуі еді. Екеуі Меккеде некелескен. Әбул-Ас сөзіне берік, шыншыл, мәрт адам болған. Құрайыштың қарсылығына қарамастан, Зейнеппен некесін сақтады. Бәдірде тұтқынға түскенде, Зейнеп анасы Хадиша (р.а.) тойына сыйлаған алқаны жіберіп, күйеуін босатуды сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) алқаны танып, Хадишаны есіне алып толқыды. Оның өтінішімен алқаны қайтарды, Әбул-Асты босатты. Ол бостандық алғаннан кейін біраз уақыттан соң мұсылман болды.
- 1Бұхари, «Хумус» (3110), «Неке» (5230), «Сахабалардың артықшылықтары», 12, 16, 29, «Жұма», 29, «Талақ», 13. Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары», 96 (2449). Әбу Дәуіт, «Неке», 13 (2071). Тирмизи, «Мәнәқиб» (3866).
وَعَنْ ابْنِ شِهَابٍ: أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عَامِرٍ أَهْدَى لِعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ جَارِيَةً اشْتَرَاهَا بِالْبَصْرَةِ وَلَهَا زَوْجٌ، فَقَالَ عُثْمَانُ: لَا أَقْرَبُهَا وَلَهَا زَوْجٌ. فَأَرْضَى ابْنُ عَامِرٍ زَوْجَهَا فَفَارَقَهَا. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Ибн Шиһаб былай жеткізеді: «Абдулла ибн Амир Басрадан сатып алған бір күңді Османға (р.а.) сыйға тартты. Күңнің күйеуі бар еді. Осман: “Күйеуі барда оған жақындамаймын”, – деді. Сонда Ибн Амир күңнің күйеуін разы етті де, күйеуі онымен ажырасты».1
Түсіндірме
Осман (р.а.) сыйға тартылған күң некеде болғандықтан, онымен жақындаспайтынын айтқан. Абдулла ибн Амир күйеуін разы етіп, ол әйелімен ажырасқан. Түсіндірмеде әйелдің ғидда мерзімі аяқталғаннан кейін ғана осы тыйым алынатыны айтылған.
- 1Мәлік, «Муатта», «Сауда», 7 (2/617).
وَعَنْ مَالِكٍ: أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ وَابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا سُئِلَا عَنْ رَجُلٍ كَانَ تَحْتَهُ حُرَّةٌ فَأَرَادَ أَنْ يَنْكِحَ عَلَيْهَا أَمَةً، فَكَرِهَا أَنْ يَجْمَعَ بَيْنَهُمَا.
Қазақша аудармасы
Имам Мәлікке жеткен хабарда Ибн Аббас пен Ибн Омардан (р.а.) некесінде азат әйелі бар ер кісінің күңге үйленуі жайында сұралған. Екеуі мұндай некені мәкруһ санаған.1
Түсіндірме
Бұл риуаятта азат әйелі бар ердің күңге үйленуі мәкруһ саналған. Имам Мәліктен бұл жайда әртүрлі пәтуа жеткен. Бірінде мұның оқасы жоқ десе, бірінде азат әйелге некеде қалу-қалмауды таңдау еркі беріледі деген.
Пікір алшақтығы күңмен неке қиылған жағдайға қатысты. Неке қиылмаған жағдайда, түсіндірмеде азат әйелдің күйеуінің күң ұстауына қарсылық білдіру құқығы жоқ делінген.
Сағид ибн әл-Мусайябтың пікірінше, азат әйелі рұқсат бермейінше, ер кісі күңді некесіне қоса алмайды. Әйелі разы болып неке қиылса, күн кезегінің үштен екісі азат әйелге, үштен бірі күңге беріледі деген.
Имам Мәлік: «Азат әйелге мәһір төлеуге шамасы жеткен ер кісі күңге үйлене алмайды. Мәһірге шамасы жетпесе де, зинаға түсуден қорықпаса, оған күңмен некелесуге болмайды», – деген. Бұған «Ниса» сүресінің 25-аятын дәлел еткен.2
- 1Мәлік, «Муатта», «Неке», 31 (2/536).
- 2«Ниса» сүресі, 25-аят.