وَعَنْ عَلِيٍّ وَجَابِرٍ وَابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ قَالُوا: لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْمُحَلِّلَ وَالْمُحَلَّلَ لَهُ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ.
Әли, Жәбир және Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) хулла жасағанға да, соны жасатқанға да лағынет айтқанын жеткізген.1
Түсіндірме
1. Алдыңғы хадистердің көбі үш талақтан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылардың қайта некелесу тәртібін баяндайды. Әйел өзге ерге шынайы некемен тұрмысқа шығып, онымен жақындасқаннан кейін, екінші некесі де аяқталса, алғашқы күйеуімен қайта некелесе алады. Бұл талап болмаса, ажырасудың салмағы жоғалып, кісі қалаған сәтте талақ айтып, қалаған сәтте қайта қосылар еді. Үкім адамды аузынан шығар сөзді таразылап, ашуға ермей, істің алды-артын ойлап барып шешім қабылдауға шақырады.
2. «Мухаллил» – «адал ету» мағынасындағы «тахлил» сөзінен жасалған қимыл иесінің атауы. Сол мағынада «мухилл» де қолданылады. «Мухалләл» сол түбірден жасалып, әрекет кімге қатысты екенін білдіреді. Әйелге үйленіп, оны ажырасу арқылы алғашқы күйеуіне адал етуді көздеген ерді «мухаллил» дейді. Осы істен пайда көрмек болған алғашқы күйеуі «мухалләл ләһ» деп аталады. Қазы Алла елшісінің (с.а.с.) екеуіне де лағынет айтқанын түсіндіреді. Оның айтуынша, мұндай іс адамдық ар мен отбасылық жауапкершілікке нұқсан келтіреді. Алғашқы күйеудің абыройына да, өзгенің пайдасы үшін әйелмен некелескен екінші ердің абыройына да дақ түсіреді. Алла елшісі (с.а.с.) ондай кісіні уақытша алынған текеге теңеген.
Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «қиылған соң бұзылады» немесе «талақ беріледі» деген шартпен қиылған некені жарамсыз деп үкім еткен. Ибн Омардан (р.а.) «Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде мұндай істі зина санайтынбыз» деген сөз жеткен.
• «Субул әс-Сәләмда» былай делінген: «Хадис тахлилдің харам екенін көрсетеді. Лағынет харам іс жасағанға айтылады. Мұндай тыйым келісімнің жарамсыздығын да білдіреді. Тахлилдің бірнеше түрі бар.
• Ер “Әйел алғашқы күйеуіне адал болған соң, некені бұзамын” деп алдын ала келіседі. Бұл мутғаға ұқсайды, өйткені некеге мерзім қойылып тұр.
• Ер некеге тұрарда “Әйелді алғашқы күйеуіне адал етемін де, талақ беремін” деп өзінің шешімін білдіреді.
• Ер мұны тілге тиек етпей, әйел алғашқы күйеуіне адал болысымен ажырасу ниетімен үйленеді.
Хадистегі лағынет осы түрлердің бәріне қатысты. Мұндай келісімдердің бәрі жарамсыз».
3. Ханафи ғалымдары тахлилге рұқсат берген пәтуа айтқан. Осы пікірге қарсы шыққандар ол пәтуаның сахих риуаятқа сүйенбейтінін айтқан. Бұл пікірталастың егжей-тегжейіне тоқталмаймыз.
- 1Тирмизи, «Неке», 27 (1119, 1120). Әбу Дәуіт, «Неке», 16 (2076, 2077). Нәсәи, «Талақ», 13 (6/149).