عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّ عُمَرَ حِينَ تَأَيَّمَتْ حَفْصَةُ مِنْ خُنَيْسِ بْنِ حُذَافَةَ السَّهْمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَكَانَ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ مِمَّنْ شَهِدَ بَدْرًا، وَتُوُفِّيَ بِالْمَدِينَةِ. قَالَ عُمَرُ: فَلَقِيتُ عُثْمَانَ بْنَ عَفَّانَ، فَعَرَضْتُ عَلَيْهِ حَفْصَةَ. فَقُلْتُ: إِنْ شِئْتَ أَنْكَحْتُكَ حَفْصَةَ بِنْتَ عُمَرَ؟ فَقَالَ: سَأَنْظُرُ فِي أَمْرِي، فَلَبِثْتُ لَيَالِيَ، ثُمَّ لَقِيتُهُ، فَعَرَضْتُ عَلَيْهِ. فَقَالَ: قَدْ بَدَا لِي أَنْ لَا أَتَزَوَّجَ يَوْمِي. فَلَقِيتُ أَبَا بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقُلْتُ لَهُ: إِنْ شِئْتَ أَنْكَحْتُكَ حَفْصَةَ ابْنَةَ عُمَرَ؟ فَصَمَتَ، وَلَمْ يَرْجِعْ إِلَيَّ شَيْئًا. فَكُنْتُ عَلَيْهِ أَوْجَدَ مِنِّي عَلَى عُثْمَانَ فَلَبِثْتُ لَيَالِيَ. ثُمَّ خَطَبَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَأَنْكَحْتُهَا إِيَّاهُ، فَلَقِيَنِي أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ: لَعَلَّكَ وَجَدْتَ عَلَيَّ حِينَ عَرَضْتَ عَلَيَّ حَفْصَةَ فَلَمْ أَرْجِعْ إِلَيْكَ شَيْئًا. فَقُلْتُ: نَعَمْ. فَقَالَ: فَإِنَّهُ لَمْ يَمْنَعْنِي أَنْ أَرْجِعَ إِلَيْكَ فِيمَا عَرَضْتَ عَلَيَّ إِلَّا أَنِّي كُنْتُ عَلِمْتُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَدْ ذَكَرَهَا فَلَمْ أَكُنْ أَفْشِي سِرَّ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، وَلَوْ تَرَكَهَا لَقَبِلْتُهَا. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Әпкем Хафса (р.а.) Бәдір жорығына қатысқан Алла елшісінің сахабасы Хунайс ибн Хузафа әс-Сәһми Мәдинада қайтыс болған соң, жесір қалды. Сонда әкем Омар (р.а.) оны тұрмысқа бермек болып, былай деді: “Осман ибн Аффанға (р.а.) жолығып, Хафсаны оған ұсындым: ‘Қаласаң, қызым Хафсаны саған некелеп берейін’, – дедім. ‘Ойланып көрейін’, – деді. Бірнеше түн күтіп, тағы жолыққанда ұсынысымды қайталадым. Ол: ‘Әзірге үйленбеуді жөн көрдім’, – деді. Содан кейін Әбу Бәкірге (р.а.) жолығып: ‘Қаласаң, қызым Хафсаны саған некелеп берейін’, – дедім. Ол үндемей, еш жауап қатпады. Оған Османнан да қатты ренжідім. Арада бірнеше күн өткенде, Алла елшісі (с.а.с.) Хафсаға кісі салды да, қызымды соған некелеп бердім. Кейін Әбу Бәкір жолығып: ‘Хафсаны ұсынғанда еш жауап бермегеніме ренжіген шығарсың?’ – деді. ‘Иә’, – дедім. Ол: ‘Жауап бермегенімнің жалғыз себебі – Алла елшісінің Хафса жайында сөз қозғағанын білгенім. Алла елшісінің сырын жария ете алмадым. Егер ол Хафсамен некелесуден бас тартқанда, ұсынысыңды қабылдар едім’, – деді”».1
Түсіндірме
1. Хафса – Омардың (р.а.) қызы, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы. Пайғамбарымыз онымен Айшадан кейін некелескен. Риуаяттарда Хафса пайғамбарлықтан бес жыл бұрын туғаны, ал бауыры Абдулла пайғамбарлықтың үшінші не төртінші жылында туғандықтан, одан сегіз не тоғыз жас үлкен болғаны айтылады. Хафса һижри 41 жылы, жұмада әл-ула айында, Хасан Мұғауияға (р.а.) серт берген тұста қайтыс болды.
2. Алла елшісі (с.а.с.) Хафсамен оның бұрынғы күйеуі қайтыс болған соң некелескен. Хафсаның бұрынғы күйеуі Хунайс ибн Хузафа Бәдір жорығына қатысқан. Кей риуаятта Хунайс Ұхұд шайқасына да қатысып, сол жерде алған жарақатынан дүние салған делінеді. Алайда Алла елшісі Хафсамен һижреттен жиырма бес ай өткенде некелескенін ескерсек, Хунайс Бәдірден кейін қайтыс болды деген дерек шындыққа жақынырақ. Уақидидің риуаятында Омардың Османға Хафсаны оның жұбайы, Алла елшісінің қызы Рұқия қайтыс болғаннан кейін ұсынғаны айтылады. Рұқия Бәдір жорығы тұсында дүние салғандықтан, Хунайстың да Ұхұдтан емес, Бәдірден кейін қайтыс болғаны қисынды. Бәдірге аттанар кезде Рұқия ауырып қалғандықтан, Осман оны күту үшін жорыққа қатыспаған.
3. Иззуддин ибн әл-Әсир «Усд әл-ғаба» еңбегінде Хафсаның некесін сәл өзгеше баяндайды: «Хафса жесір қалғанда, Омар оны алдымен Әбу Бәкірге ұсынды. Әбу Бәкір тіл қатпады. Омар ренжіп, Алла елшісінің қызы Рұқия қайтыс болған соң жесір қалған Османға барып, Хафсаға үйленуін ұсынды. Осман: “Әзірге үйленуді ойлап жүрген жоқпын”, – деді. Омар Алла елшісіне барып, Османға шағымданды. Алла елшісі: “Хафса Османнан да қайырлы кісіге тұрмысқа шығады, ал Осман Хафсадан да қайырлы әйелге үйленеді”, – деді. Содан кейін өзі Хафсаға кісі салып, Омар қызын Алла елшісіне некелеп берді. Кейін Әбу Бәкір Омарға жолығып: “Ренжіме. Алла елшісі Хафса жайында сөз қозғаған еді. Оның сырын ашқым келмеді. Егер Хафсамен некелеспегенде, өзім қабыл алар едім”, – деді». Алла елшісі бір кезде Хафсамен ажырасқан. Омар бұған қатты қайғырғанда, Жәбірейіл келіп: «Хафса көп ораза ұстап, көп намаз оқиды. Жәннатта да жұбайың болады», – деп, оны қайтаруды айтты. Алла елшісі талақтан қайтып, Хафсамен қайта табысты. Хафса оқу-жазу білген және кейін дұға оқып дем салу арқылы науқастарға шипа іздеуді үйренген.
4. Риуаятта Омардың Әбу Бәкірге Османнан көбірек ренжігені айтылады. Оның екі себебі бар. Біріншіден, Алла елшісі екеуін бауырластырғандықтан, Омар Әбу Бәкірді өзіне жақын санап, одан көбірек түсіністік күткен. Осман ұсыныстан ертерек бас тартқан болуы мүмкін, әрі араларындағы жақындық ондай дәрежеде болмаған. Екіншіден, Осман ойланатынын айтып, кейін әзірге үйленбейтінін білдірді. Ол бас тартса да, жауап берді. Ал Әбу Бәкір мүлде үндемеді. Ибн Сағд жеткізген риуаяттарда Омардың осыған көбірек ренжігені және Әбу Бәкірдің Алла елшісінің сырын сақтағандықтан жауап бермегені айтылады. Хадистен алынатын ғибраттар:
• Сыр сақтай білу – ізгі қасиет. Сыр иесі оны өзі айтқаннан кейін, жұртқа жеткізуге болады.
• Кісі жақын адамына ренішін айта алады, ал ол өз себебін түсіндіргені жөн.
• Алла елшісі Хафса жөнінде Әбу Бәкірмен ақылдасқан не оған сырын бүкпей айтқан болуы мүмкін.
• Жасы үлкен кісі бір әйелге үйленуге ниет білдірсе, жасы кіші кісі оның бұл ниетінен анық бас тартқанын күтіп, содан кейін ғана әлгі әйелге ұсыныс жасағаны жөн.
• Кісі қызын, әпке-қарындасын не қамқорлығындағы өзге әйелді ізгі адамға ұсына алады. Бұдан қысылудың жөні жоқ. Алла елшісі некелесуге ниеттеніп, кейін бас тартқан әйелге басқа кісі үйлене алады. Әбу Бәкірдің «Алла елшісі бас тартқанда, ұсынысты қабылдар едім» деген сөзі осыны білдіреді.
• Біреудің сырын ашпауға ант еткен кісі сол сырды иесі өзі жариялаған соң айтса, антын бұзған болып саналмайды.
• Әкесі жесір қызын да, бұрын тұрмысқа шықпаған қызын да лайықты кісіге ұсына алады. Алайда бұрын тұрмыс құрмаған қыз ер адамға өзі ұсыныс жасай алмайды.
- 1Бұхари, «Неке», 33, 36, 46. «Мағази», 11. Нәсәи, «Неке», 30 (6/83).