وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: تَزَوَّجَنِي النَّبِيُّ ﷺ وَأَنَا بِنْتُ سِتِّ سِنِينَ، فَقَدِمْنَا الْمَدِينَةَ فَنَزَلْنَا فِي بَنِي الْحَارِثِ بْنِ الْخَزْرَجِ، فَوُعِكْتُ فَتَمَرَّقَ شَعْرِي فَوَفَى جُمَيْمَةً، فَأَتَتْنِي أُمِّي أُمُّ رُومَانَ، وَإِنِّي لَفِي أُرْجُوحَةٍ وَمَعِي صَوَاحِبُ لِي. فَأَتَيْتُهَا لَا أَدْرِي مَا تُرِيدُ مِنِّي. فَأَخَذَتْ بِيَدِي فَوَقَّفَتْنِي عَلَى بَابِ الدَّارِ. فَإِذَا نِسْوَةٌ مِنَ الْأَنْصَارِ فِي الْبَيْتِ، فَقُلْنَ: عَلَى الْخَيْرِ وَالْبَرَكَةِ وَعَلَى خَيْرِ طَائِرٍ. فَأَسْلَمَتْنِي إِلَيْهِنَّ فَأَصْلَحْنَ مِنْ شَأْنِي. فَلَمْ يَرُعْنِي إِلَّا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ضُحًى، فَأَسْلَمَتْنِي إِلَيْهِ، وَأَنَا يَوْمَئِذٍ بِنْتُ تِسْعِ سِنِينَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) менімен алты жасымда некелесті. Мәдинаға келгенде, Бәни әл-Харис ибн әл-Хазраж руына түстік. Қызуым көтеріліп ауырып, шашым түсіп қалды. Жазылған соң, шашым қайта өсті. Бірде құрбыларыммен әткеншек теуіп отырғанымда, анам Үммі Руман келді. Не үшін келгенін білмей, қасына бардым. Ол қолымнан ұстап, үйдің есігі алдына тұрғызды. Үйде ансар әйелдер отыр екен. Олар: “Қайырлы, берекелі, құтты болсын!” – деп тілек айтты. Анам мені соларға тапсырды. Олар мені киіндіріп, үсті-басымды реттеді. Сәске түсте Алла елшісінің (с.а.с.) кенеттен келгеніне таңғалдым. Анам мені оған тапсырды. Ол күні тоғыз жаста едім».1
Түсіндірме
1. Айшаның (р.а.) Алла елшісіне тұрмысқа шыққан жасы жөнінде пікір әртүрлі. Зерттеушілер ең сенімді әрі көбірек қабылданған риуаяттарда некесі алты жасында қиылып, бірге тұруы тоғыз жасында басталғаны айтылатынын көрсетеді. Айша ол кезде он алты, он жеті, тіпті он сегізде болған деген түсіндірмелер де бар. Олар сахих риуаяттардың сыртқы мағынасына сәйкес келмегендіктен, автор оларға сақ қарағанды жөн көреді.
Алла елшісі дүние салғанда, Айша он сегіз жаста еді. Ибн Исхақтың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Хадиша қайтыс болған соң, әуелі Сәудамен, содан кейін Айшамен некелескен. Кей риуаятта Хадишадан кейін Айшамен некелескені айтылады. Зерттеулер Ибн Исхақтың дерегін қуаттайды. Алла елшісі Сәудамен һижретке дейін некелескен, ал Айшамен һижреттен кейін Мәдинада бірге тұра бастаған.
2. Осы хадиске сүйенген фиқһ ғалымдары балиғатқа толмаған қызды әкесі некелестіре алады деген үкім шығарған. Нәуәуи ғалымдардың мұны рұқсат деп бірауыздан танығанын жазады. Ханафи ғалымдарының пікірінше, бұған рұқсат, бірақ қыз балиғатқа толғанда некені қабылдау-қабылдамауды өзі шешеді. Оған дейін бұл құқығын пайдалана алмайды. Хижаздың шафиғи және мәлики ғалымдары мұндай таңдау құқығын мойындамаған. Шафиғи, Мәлик, Ахмад және Әбу Юсуф секілді ғалымдар балиғатқа толмаған баланы некелестіру құқығы әкесіне ғана тиесілі деген. Әбу Ханифа, Әузағи және өзге ғалымдар бұл құқыққа баланың басқа қамқоршылары да ие деп есептеген.
3. Хадис жас келінді бірге тұрар алдында арнайы әзірлеп, сәндеудің мұстахаб екенін аңғартады. Басқа риуаяттарда жаһилият дәуірінде «машита» деп аталатын әйел шаштараздар болғаны айтылады. Олар ұзатылатын әйелдерді сәндеп, әзірлеген. Ислам келген соң, олар осы кәсібін жалғастыруға бола ма деп сұрады. Алла елшісі: «Әйелдерді сәндеп, жұбайларына дайындаңдар», – деп рұқсат берді.
4. Ұзатылатын қыздың қасына әйелдер жиналып, көңіл бөліп, отбасылық өмірдің әдебін үйретіп, қайыр мен береке тілеуі – мұстахаб амал. Қазақ дәстүрінде мұны көбіне жеңгелері атқарады.
5. Хадистің кей нұсқаларында Алла елшісінің (с.а.с.) сәске түсте отау құрғаны анық айтылған. Ғалымдар осыған сүйеніп, ерлі-зайыптылардың күндіз де жақындасуына болады деген.
- 1Бұхари, «Неке», 38, 39, 57, 59, 61. Мүслим, «Неке», 69 (1422). Әбу Дәуіт, «Неке», 34 (2121), «Әдеп», 63 (4933–4937). Нәсәи, «Неке», 29 (6/82).