Хадис

Кутуб ситтә, № 5604

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
892. Расулалланың қауіп-қатерден қорғалуы
Нөмірі
№ 5604 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
5604
Кутуб ситтә, № 5604 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: غَزَوْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قِبَلَ نَجْدٍ فَأَدْرَكْنَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي الْقَائِلَةِ فِي وَادٍ كَثِيرِ الْعِضَاهِ، فَنَزَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ تَحْتَ شَجَرَةٍ، فَعَلَّقَ سَيْفَهُ بِغُصْنٍ مِنْ أَغْصَانِهَا، وَتَفَرَّقَ النَّاسُ فِي الْوَادِي يَسْتَظِلُّونَ بِالشَّجَرِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ رَجُلًا أَتَانِي وَأَنَا نَائِمٌ، فَأَخَذَ السَّيْفَ فَاسْتَيْقَظْتُ وَهُوَ قَائِمٌ عَلَى رَأْسِي، وَالسَّيْفُ فِي يَدِهِ صَلْتًا، فَقَالَ: مَنْ يَمْنَعُكَ مِنِّي؟ قُلْتُ: اللَّهُ. فَشَامَ السَّيْفَ، وَهَا هُوَ ذَا جَالِسٌ، ثُمَّ لَمْ يَعْرِضْ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَكَانَ مَلِكَ قَوْمِهِ. فَانْصَرَفَ حِينَ عَفَا عَنْهُ وَقَالَ: وَاللَّهِ لَا أَكُونُ فِي قَوْمٍ هُمْ حَرْبٌ لَكَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Нәжд бағытына жорыққа шықтық. Түс ауа Алла елшісін ағашы қалың бір аңғарда қуып жеттік. Ол бір ағаштың түбіне жайғасып, қылышын бұтағына ілді. Сарбаздар аңғар ішіне тарап, ағаштардың көлеңкесін паналады.

Алла елшісі (с.а.с.) бізді шақырды. Қасына барғанымызда былай деді: “Ұйықтап жатқанымда бір адам келіп, қылышымды алды. Оянып кетсем, қолына жалаң қылыш ұстаған күйі төбемде тұр екен. ‘Сені менен кім қорғайды?’ – деді. ‘Алла!’ – деп жауап бердім. Сол сәтте қылышты қынына салды. Міне, сол адам отыр”. Алла елшісі оған тиіспеді. Ол өз қауымының басшысы еді. Алла елшісі (с.а.с.) кешірген соң, ол өз адамдарына қайтты. Кетерінде: “Аллаға серт! Саған қарсы соғысатын жұртқа қосылмаймын!” – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл екі хадис Алла елшісінің (с.а.с.) жәбір-жападан және өміріне төнген өзге де қатерлерден қорғалғанын баяндайды. Оның бірен-саран адамнан басқасы бітіспес жау болып, сан түрлі қастық пен қастандық ойластырған ортада аман қалуының өзі – мұғжиза. Бұл қорғаныстың кездейсоқ болмағанын وَاللَّهُ يَعْصِمُكَ مِنَ النَّاسِ «Алла сені адамдардан сақтайды.» деген аят қуаттайды2.

Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде Алла елшісін (с.а.с.) алғашында сахабалар түнде күзеткенін, күзетке тұрғандардың бірі оның көкесі Аббас (р.а.) болғанын айтады. Тәпсірші Айшадан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Бір түні Алла елшісінің көзіне ұйқы ілінбейді. Айша: “Уа, Алланың елшісі, не болды, неге ұйықтай алмай жатырсыз?” – деп сұрайды. Ол: “Шіркін, сахабаларымның арасынан бір ізгі кісі осы түні мені күзетсе ғой!” – дейді. Сол кезде қарудың сылдыры естіледі. Алла елшісі: “Бұл кім?” – деп сұрайды. Сырттағы кісі: “Мен, Сағд ибн Мәлик!” – дейді. “Не үшін келдің?” – “Сізді күзетуге келдім, уа, Алланың елшісі!” Айша Алла елшісінің ұйқыға кеткенін, тіпті пысылын естігенін айтады». Бұл оқиға һижреттен және Алла елшісі Айшаға үйленгеннен кейін, яғни ерте дегенде һижреттің екінші жылы болған. Айшадан жеткен басқа риуаятта сахабалар Алла елшісін وَاللَّهُ يَعْصِمُكَ مِنَ النَّاسِ «Алла сені адамдардан сақтайды.» деген аят түскенге дейін күзеткені айтылады. Аят түскен соң Пайғамбарымыз шатырдан басын шығарып: «Уа, жұрт, енді тараңдар. Бізді аса үстем әрі ұлық Алла қорғап тұр», – дейді.

Ибн Кәсир Алланың Өз елшісін қорғағаны анық екенін айтып, оған бірнеше мысал келтіреді:

• Мекке жұртының күншілдерінің, көсемдерінің, қасарысқандары мен дәулетке мастанғандарының аянбай жауласып, күндіз-түні қарсылық көрсеткеніне қарамастан, Алла Өз құдіреті мен даналығы арқылы себептер жаратып, Елшісін қорғады.

• Алла әуелі Елшісін Әбу Талиб арқылы қорғады. Әбу Талиб құрайыштар сөзін тыңдайтын беделді көсем еді. Алла оның жүрегіне діни сенімнен бөлек, туыстықтан туатын табиғи сүйіспеншілік ұялатты. Әбу Талиб мұсылман болғанда, мүшріктер шабуыл жасауға батылырақ барар еді. Ал сенімі жағынан өздерімен бір болған соң, одан қаймығып, құрмет көрсетті.

• Әбу Талиб қайтыс болғаннан кейін мүшріктер Алла елшісіне аз да болса жәбір көрсете алды. Сонда Алла Өз елшісін қорғауды ансарларға нәсіп етті. Олар Исламды қабылдап, Алла елшісін өз қаласы Мәдинаға шақыруға серт берді. Пайғамбарымыз көшіп келгенде, оны жұрттың бәрінен қорғады. Кітап иелері не мүшріктердің бірі қастық жасағысы келсе, Алла олардың айласын бұзды. Мәселен, яһудилер сиқыр жасағанда, Алла Өз елшісін одан сақтап, сиқырға шипа ретінде «Фалақ» пен «Нас» сүрелерін түсірді.

• Хайбарда яһудилер оған у қосылған қой етін жегізбек болғанда, Алла мұны алдын ала білдіріп, Өз елшісін қорғады.

Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде өзге тәпсіршілердің көптеген мысал келтіргенін айтып, егжей-тегжейін соларға қалдырады. Сөзінің соңында жоғарыдағы хадисте баяндалған оқиғаға тоқталады.

Осы мысалдар Алла елшісінің (с.а.с.) дұшпандарынан қорғалуы өз алдына бір мұғжиза екенін көрсетеді.

2. Хадистегі оқиға әртүрлі егжей-тегжейімен жеткен. Тіпті оның қай жерде, қай жылы болғаны жөнінде де пікір алшақтығы бар. Оқиға көбіне қауіп-қатер кезінде оқылатын намазға қатысты талданады. Өйткені осы жорықта «салат әл-хауф», яғни қауіп-қатер кезіндегі намаз оқылған. Жорық «Зат әр-Риқақ» деп аталады. Ибн Исхақ мүшріктің ағаш бұтағына ілулі қылышты алғаны туралы риуаятқа мына деректі қосады. Мүшрік: «Сені менің қолымнан кім құтқарады?» – деп сұрағанда, Алла елшісі: «Алла!» – деп жауап береді. Оқиға әрі қарай былай өрбиді: «Жәбірейіл әлгі адамның кеудесінен ұрғанда, қолындағы қылышы жерге түсіп кетті. Қылышты алған Алла елшісі: “Енді сені менен кім қорғайды?” – деп сұрады. Тығырыққа тірелген әлгі адам: “Ешкім!” – деді. Алла елшісі: “Тұр, жөніңе кет!” – деді. Әлгі адам кетіп бара жатып: “Сен менен жақсысың!” – деді».

Сахабалар осы мұғжизаға куә болсын деп, Алла елшісі оларды шақырып, оқиғаны әлгі адамның көзінше баяндады. Кейбір риуаяттарда ол Ғаурас ибн әл-Харис деп аталады. Ол мұсылман болды ма? Риуаяттарға қарағанда, Исламды қабылдамаған. Ибн Хажардың түсіндіруінше, тек әз-Зәһаби ғана оны осыған ұқсас оқиғада аты аталған Дуғсур ибн әл-Хариспен бір кісі деп танып, мұсылман болған деген қорытынды жасаған. Ғаурастың аты аталатын риуаяттарда мұсылман болғаны ашық айтылмайды. Ал «Усд әл-ғаба» еңбегінде кездесетін бір риуаятта Дуғсурдың Исламды қабылдағаны айтылады. Егер оқиғалардың ұқсастығы екеуін бір адам деуге жеткілікті болса, Ғаурас та мұсылман болған деп түюге болады. Ибн Хажар мұны қолдағандар оның өз адамдарына айтқан: «Адамдардың ең қайырлысының қасынан келе жатырмын», – деген сөзін дәлел еткенін жазады.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 84, 87. «Мағази», 31, 32. Мүслим, «Мусафирин», 311 (843).
  2. 2«Мәида» сүресі, 67-аят.