وَعَنْ مَعْنِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: سَمِعْتُ أَبِي رَحِمَهُ اللَّهُ يَقُولُ: سَأَلْتُ مَسْرُوقًا: مَنْ آذَنَ النَّبِيَّ ﷺ بِالْجِنِّ لَيْلَةَ اسْتَمَعُوا الْقُرْآنَ؟ فَقَالَ: حَدَّثَنِي أَبُوكَ، يَعْنِي ابْنَ مَسْعُودٍ، أَنَّهُ قَالَ: آذَنَتْ بِهِمْ شَجَرَةٌ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Мағн ибн Абдуррахман былай деген: «Марқұм әкемнің мына сөзін естідім: “Масруқтан ‘Жындар Құран тыңдаған түні Пайғамбарға олардың келгенін кім хабарлады?’ деп сұрадым. Ол ‘Әкең, яғни Ибн Мәсғуд, жындар туралы бір ағаш хабарлағанын маған айтқан’ деп жауап берді”».1
Түсіндірме
Алдыңғы тараудағыдай, мұнда да Расулалланың жындармен кездескені айтылады. Мұны теріске шығаратын пікірлер де бар. Риуаяттарға қарағанда, Расулалла жындармен екі рет кездескен. Алғашқысы һижреттен үш жыл бұрын Меккеде, екіншісі һижреттен кейін Мәдинада болған. Ибн Хажар жындардың алғашқы келуін аспаннан хабар алуларына отты жұлдыздардың тосқауыл болуымен түсіндіреді. Екінші рет олар исламды қабылдау үшін келген дейді.
Осы риуаятта жындардың Расулалланың Құран оқығанын жасырын тыңдағаны, олардың келгенін Алла елшісіне ағаштың хабарлағаны айтылады.
Расулалла жындармен кездескенде, Ибн Мәсғуд қасында болды ма деген мәселе де көп талқыланған. Мүслимдегі бір риуаятта Ибн Мәсғудтың сол кездесуге қатыспағаны айтылған. Бұған қайшы риуаят әлсіз саналған.
- 1Бұхари, Манақиб әл-ансар, 32 (3859); Мүслим, Салат, 153 (450e).