عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَرْجِسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَكَلْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ خُبْزًا وَلَحْمًا، وَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، غَفَرَ اللَّهُ لَكَ. قَالَ: وَلَكَ». فَقِيلَ لَهُ: «اسْتَغْفَرَ لَكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ؟» فَقَالَ: «نَعَمْ، وَلَكَ». ثُمَّ تَلَا: ﴿وَاسْتَغْفِرْ لِذَنْبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ﴾ الْآيَةَ. قَالَ: «ثُمَّ دُرْتُ خَلْفَهُ فَرَأَيْتُ خَاتَمَ النُّبُوَّةِ بَيْنَ كَتِفَيْهِ عِنْدَ نَاغِضِ كَتِفِهِ الْيُسْرَى جُمْعًا، عَلَيْهِ خِيلَانٌ كَأَمْثَالِ الثَّآلِيلِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Абдулла ибн Сәржис (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге нан мен ет жедім. “Уа, Алланың елшісі, Алла сізді кешірсін!” – дедім. Ол: “Сені де!” – деп жауап берді».
Ибн Сәржистен: «Алла елшісі сен үшін кешірім тіледі ме?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, сен үшін де», – деді де, мына аятты оқыды: ﴿وَاسْتَغْفِرْ لِذَنْبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ﴾ «Һәм өз күнәң үшін һәм мүмін ерлер мен әйелдер үшін Алладан кешірім, кеңшілік тіле!»1 Ибн Сәржис сөзін жалғап: «Содан кейін оның ту сыртына өттім. Екі жауырынының арасынан, сол жақ жауырынының тұсынан пайғамбарлық мөрін көрдім. Ол жұдырықтай еді, үстінде сүйелге ұқсаған меңдері бар», – деді.2
Түсіндірме
Риуаяттарда Алла елшісінің екі жауырынының арасында пайғамбарлық мөрі болғаны айтылады. Мүслимдегі бір риуаятта мөр кекіліктің жұмыртқасына ұқсатылса, жоғарыдағы риуаятта жұдырықтай деп сипатталады. Айша (р.а.) Алла елшісі дүние салғанда мөрдің арқасынан жоғалғанын айтқан. Қади Бәйзауидің пікірінше, бұл белгі бұрынғы қауымдардың кітаптарында аталған және оларға дәлел болу үшін берілген. Оның қашан пайда болғаны жөнінде пікір әртүрлі. Бір ғалымдар Алла елшісінің денесінде туа бітті десе, басқалары кеудесі жарылған оқиғадан кейін пайда болған дейді. Пайғамбарлық берілгеннен кейін пайда болды деген пікір де бар. Ибн Хажар кеудесі жарылғаннан кейін пайда болды деген пікірді шындыққа жақын санаған.