وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَالْحَلَّاقُ يَحْلِقُهُ، وَأَطَافَ بِهِ أَصْحَابُهُ، فَمَا يُرِيدُونَ أَنْ تَقَعَ شَعْرَةٌ إِلَّا فِي يَدِ رَجُلٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Шаштараз Алла елшісінің (с.а.с.) шашын алып жатқанын көрдім. Сахабалары оны айнала қоршап, бір тал шашын да жерге түсірмей, қолдарына қағып алуға тырысты».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаяттарда Алла елшісінің шашында ақтың өте аз болғаны айтылады. Ақ талдың саны әртүрлі көрсетілген: ең азы он бес, ең көбі отыз тал. Бұл санға шашы мен сақалындағы ақ түктің бәрі кіреді.
Кей риуаятта Алла елшісі шашын бояған делінсе, басқаларында боямағаны айтылады. Боямағаны жөніндегі Әнәс жеткізген риуаят күштірек, көпшілік соны негізге алған. Кей ғалымдар бұл айырмашылықты былай түсіндіреді: «Алла елшісі шашына хош иіс жағатын. Соны көрген кісілер бояу екен деп ойлап қалған». Нәуауи Алла елшісі кейде шашын бояған болуы, әр жеткізуші өзі көргенін айтуы мүмкін дейді.
Алла елшісі үмбетіне шашын қара түстен өзге түске бояуға рұқсат берген.
2. Соңғы риуаят сахабалардың Алла елшісіне деген құрметін көрсетеді. Олар оның шашы мен сақалынан түскен талды, қолданған заттарын, дәреттен қалған суын тәбәрік еткен. Кей риуаятта сахабалардың суық күндері Алла елшісі дәрет алсын деп үйлерінен су жылытып әкелгені айтылады. Сахабалардың Алла елшісіне деген сүйіспеншілігін ұқпаған кісіге олардың мұндай әрекеті түсініксіз көрінуі мүмкін.
3. Ғалымдар соңғы хадиске сүйеніп, құрметті кісілердің затынан тәбәрік алуға болады деген үкім шығарған.
- 1Мүслим, «Фадаил», 75 (2325).