وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: يُبْعَثُ الْمَيِّتُ فِي ثِيَابِهِ الَّتِي مَاتَ فِيهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. قُلْتُ: هَذَا مُخْتَصٌّ بِالشَّهِيدِ كَمَا قَالَهُ الْقُرْطُبِيُّ، وَبِهِ يُجْمَعُ بَيْنَ هَذَا الْحَدِيثِ وَبَيْنَ حَدِيثِ: «تُحْشَرُونَ حُفَاةً عُرَاةً»، الْحَدِيثَ. وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Марқұм жан тапсырғандағы киімімен қайта тіріледі”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
Хадистегі «жан тапсырғандағы киімі» адамның амалын білдіреді деген түсінік бар. Адам қандай амал үстінде жан тапсырса, сол амал үстінде қайта тіріледі. Өйткені өмірінің соңғы сәті сол амалмен аяқталды. Мұны осылай түсінгендер араб тіліндегі «киім» сөзінің ауыспалы қолданысын мысалға келтіреді. Жаны таза, міннен ада кісіге «киімі таза» дейді. «Киімі кір» деген сөз керісінше мағына береді. Бұл пікірді ұстанғандар мына хадиске де сүйенеді.
تُحْشَرُونَ حُفَاةً عُرَاةً غُرْلًا.
Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Жалаңаяқ, жалаңаш әрі сүндеттелмеген күйде жиналасыңдар», – дегенін жеткізген.2
Енді бір ғалымдар бұл хадисті шейіттерге қатысты деп түсіндірген. Құрмет белгісі ретінде шейіттер өздері қаза тапқан қан жұққан киімімен қайта тіріледі. Сондықтан оларды кебінге орамай, үстіндегі киімімен жерлейді.
Кей ғалымдар хадисті тура мағынасында түсініп, кебіннің таза болуына назар аударған. Бұл да ықтимал түсінік.