Хадис

Кутуб ситтә, № 5437

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
874. Аза тұту кезінде тыйым салынған әрекеттер
Нөмірі
№ 5437 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
5437
Кутуб ситтә, № 5437 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әсма бинт Язид ибн әс-Сәкән

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ يَزِيدَ بْنِ السَّكَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَتِ امْرَأَةٌ مِنَ النِّسْوَةِ: مَا هَذَا الْمَعْرُوفُ الَّذِي لَا يَنْبَغِي لَنَا أَنْ نَعْصِيَكَ فِيهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: لَا تَنُحْنَ. قَالَتْ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ بَنِي فُلَانٍ كَانُوا قَدْ أَسْعَدُونِي عَلَى عَمِّي، فَلَا بُدَّ لِي مِنْ قَضَائِهِمْ. فَأَبَى عَلَيْهَا فَعَاوَدَتْهُ مِرَارًا. قَالَتْ: فَأَذِنَ لِي فِي قَضَائِهِنَّ، فَلَمْ أَنُحْ بَعْدُ فِي قَضَائِهِنَّ وَلَا فِي غَيْرِهِ حَتَّى السَّاعَةِ، وَلَمْ يَبْقَ مِنَ النِّسْوَةِ امْرَأَةٌ إِلَّا وَقَدْ نَاحَتْ غَيْرِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Язид ибн әс-Сәкән (р.а.) былай дейді: «Бір әйел: “Уа, Алла елшісі! Сізге қарсы келмеуге тиіс ізгі амал деген не?” – деп сұрады. Ол: “Дауыс салып жоқтау айтпаңдар”, – деді. Әйел: “Уа, Алла елшісі! Әкемнің бауыры дүние салғанда, пәлен әулеттің әйелдері маған қосылып жоқтау айтты. Енді мен де олардың алдында борышымды өтеуім керек”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат бермеді. Әйел қайта-қайта өтінді». Әйел кейін былай деген: «Ақыры Алла елшісі (с.а.с.) борышымды өтеуге рұқсат берді. Содан бері сол әйелдер үшін де, басқалар үшін де дауыс салып жоқтау айтқаным жоқ. Менен басқа жоқтау айтпаған әйел қалмады».1

Түсіндірме

Хадисте арабтардың ежелгі дәстүрі және Алла елшісінің (с.а.с.) адамның жағдайын ескеріп шығарған үкімі баяндалады. Бір әйел қайғысына ортақтасып, араб дәстүрімен аза тұтуға қатысқан әйелдерге сондай жақсылықпен жауап беруді борышым деп санаған. Алла елшісі (с.а.с.) бұған тыйым салса да, әйел өзін қарыздар санап, қайта-қайта рұқсат сұраған. Алла елшісі (с.а.с.) жақсылыққа жақсылықпен жауап берсем деген көңілін ескеріп, рұқсат берген. Түсіндірушілердің айтуынша, бұл рұқсат бетін тырнап, өзін ұрып-соғып, бақырып-шақыратын жоқтауға емес, араб салты бойынша көңіл айтып, қайғыға ортақтасуға берілген.

Хадис түсіндірмелерінде аза тұтуға рұқсат алған әйелдер бірнешеу болғаны айтылады. Арасында Үммі Сәләма әл-Ансария, Үммі Атия да бар.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Мумтахина» (3304).