Хадис

Аза тұту кезінде тыйым салынған әрекеттер

Кутуб ситтә, 12-том, 874-тарау · 12 хадис · № 5429–5440

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Хадистер

5429
Кутуб ситтә, № 5429 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Үммі Сәләма

عَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا مَاتَ أَبُو سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قُلْتُ: غَرِيبٌ وَفِي أَرْضِ غُرْبَةٍ، لَأَبْكِيَنَّهُ بُكَاءً يُتَحَدَّثُ عَنْهُ. فَكُنْتُ قَدْ تَهَيَّأْتُ لِلْبُكَاءِ إِذْ أَقْبَلَتِ امْرَأَةٌ مِنَ الصَّعِيدِ تُرِيدُ أَنْ تُسْعِدَنِي. فَاسْتَقْبَلَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: أَتُرِيدِينَ أَنْ تُدْخِلِي الشَّيْطَانَ بَيْتًا أَخْرَجَهُ اللَّهُ تَعَالَى مِنْهُ؟ فَكَفَفْتُ عَنِ الْبُكَاءِ فَلَمْ أَبْكِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Әбу Сәләма (р.а.) дүниеден өткенде: “Жат жерде жүрген жан жат жерде қайтты. Оны жұрт айтып жүретіндей етіп жоқтап жылайын”, – дедім. Жылауға дайындалып отырғанымда, Сағид өңірінен қайғыма ортақтасқысы келген бір әйел келді. Оны қарсы алған Алла елшісі (с.а.с.) әйелге: “Алла Тағала қуып шығарған шайтанды осы үйге қайта кіргізгің келе ме?” – деді. Содан соң жылаудан тыйылдым, дауыс салып жыламадым».1

Түсіндірме

Үммі Сәләма (р.а.) жат жерде қайтыс болды деп күйеуі Әбу Сәләманы (р.а.) меңзеген. Әбу Сәләма меккелік еді, Мәдинада дүние салды. Меккеліктер үшін Мәдина жат жер саналатындықтан, Үммі Сәләма оны туған жерінен жырақта дүние салған адам деп сипаттаған.

Хадистегі «Сағид» сөзі Мәдинаның шетіндегі биіктеу аймақты білдіреді. Әйелдер жиналып, бірге дауыс салып жылайтын. Үммі Сәләма (р.а.) әйелдің «маған көмектескісі келді» дегенде, оның қайғысына ортақтасып, бірге жоқтап жылауды қалағанын айтып отыр.

Бір хадисте жат жерде дүниеден өткен адам шейіт болатыны айтылған. Бұл үкім жат жерде жүргеннің бәріне бірдей қатысты емес. Оны шариғат шеңберінен шықпай, жат жерде өмір сүрген адамға қатысты деп түсінген орынды.

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 10 (922).
5430
Кутуб ситтә, № 5430 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا جَاءَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَعْيُ زَيْدِ بْنِ حَارِثَةَ وَجَعْفَرِ بْنِ أَبِي طَالِبٍ وَعَبْدِ اللَّهِ بْنِ رَوَاحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، جَلَسَ يُعْرَفُ فِيهِ الْحُزْنُ، وَأَنَا أَطَّلِعُ مِنْ شَقِّ الْبَابِ. فَأَتَاهُ رَجُلٌ فَقَالَ: إِنَّ نِسَاءَ جَعْفَرَ، وَذَكَرَ بُكَاءَهُنَّ، فَأَمَرَهُ بِأَنْ يَنْهَاهُنَّ. فَذَهَبَ، ثُمَّ أَتَى فَقَالَ: قَدْ نَهَيْتُهُنَّ، وَذَكَرَ أَنَّهُنَّ لَمْ يُطِعْنَهُ. فَأَمَرَهُ الثَّانِيَةَ أَنْ يَنْهَاهُنَّ، فَذَكَرَ أَنَّهُنَّ لَمْ يُطِعْنَهُ. فَقَالَ: انْهَهُنَّ، فَذَهَبَ. ثُمَّ أَتَاهُ الثَّالِثَةَ فَقَالَ: وَاللَّهِ لَقَدْ غَلَبْنَنِي، أَوْ غَلَبْنَنَا، يَا رَسُولَ اللَّهِ. فَقَالَ: احْثُ فِي أَفْوَاهِهِنَّ التُّرَابَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Зәйд ибн Хариса, Жағфар ибн Әбу Талиб және Абдулла ибн Рауаханың (р.а.) қаза тапқаны туралы хабар жеткенде, Алла елшісі (с.а.с.) отырды. Жүзінен қайғысы байқалып тұрды. Мен есіктің саңылауынан қарап тұрдым. Бір кісі келіп: “Жағфардың үйіндегі әйелдер…” – деп, олардың дауыс салып жылап жатқанын айтты. Алла елшісі (с.а.с.) оларды тыюды бұйырды. Ол барып, қайтып келді де: “Тыйып көрдім, бірақ сөзіме құлақ аспады”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) екінші мәрте тыйып келуін тапсырды. Ол әйелдердің тағы да сөзін тыңдамағанын айтты. Алла елшісі (с.а.с.): “Оларды тый!” – деді. Әлгі кісі үшінші мәрте келіп: “Уа, Алла елшісі! Аллаға ант етемін, олар маған, не бізге, бой бермеді”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ауыздарына топырақ шаш!” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 41, 46, «Мағази», 44. Мүслим, «Жанаиз», 30 (935). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 25 (3122). Нәсәи, «Жанаиз», 14 (4/15).
5431
Кутуб ситтә, № 5431 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ عَتِيكٍ قَالَ: «جَاءَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَعُودُ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ ثَابِتٍ، فَوَجَدَهُ قَدْ غُلِبَ عَلَيْهِ، فَصَرَخَ بِهِ فَلَمْ يُجِبْهُ، فَاسْتَرْجَعَ وَقَالَ: غُلِبْنَا عَلَيْكَ أَبَا الرَّبِيعِ. فَصَاحَ النِّسَاءُ وَبَكَيْنَ، فَجَعَلَ ابْنُ عَتِيكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُسَكِّتُهُنَّ. فَقَالَ ﷺ: دَعْهُنَّ يَبْكِينَ، فَإِذَا وَجَبَ فَلَا تَبْكِيَنَّ بَاكِيَةٌ. قَالُوا: وَمَا وَجَبَ؟ قَالَ: إِذَا مَاتَ. فَقَالَتِ ابْنَتُهُ: وَاللَّهِ إِنْ كُنْتُ لَأَرْجُو أَنْ تَكُونَ شَهِيدًا فَإِنَّكَ قَدْ قَضَيْتَ جِهَازَكَ. فَقَالَ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ قَدْ أَوْقَعَ أَجْرَهُ عَلَى قَدْرِ نِيَّتِهِ، وَمَا تَعُدُّونَ الشَّهَادَةَ فِيكُمْ؟ قَالُوا: الْقَتْلَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ شُهَدَاءَ أُمَّتِي إِذًا لَقَلِيلٌ. الْمَطْعُونُ شَهِيدٌ، وَالْغَرِيقُ شَهِيدٌ، وَصَاحِبُ ذَاتِ الْجَنْبِ شَهِيدٌ، وَالْمَبْطُونُ شَهِيدٌ، وَصَاحِبُ الْحَرِيقِ شَهِيدٌ، وَالَّذِي يَمُوتُ تَحْتَ الْهَدْمِ شَهِيدٌ، وَالْمَرْأَةُ تَمُوتُ بِجُمْعٍ شَهِيدَةٌ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «الِاسْتِرْجَاعُ» عِنْدَ الْمُصِيبَةِ أَنْ يَقُولَ: إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ. وَيُقَالُ: مَاتَتِ الْمَرْأَةُ «بِجُمْعٍ»، بِضَمِّ الْجِيمِ وَإِسْكَانِ الْمِيمِ، إِذَا مَاتَتْ وَوَلَدُهَا فِي بَطْنِهَا.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Атик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдулла ибн Сәбиттің халін сұрай барды. Ауруы меңдеп, ес-түссіз жатыр екен. Дауыстап тіл қатты, бірақ жауап болмады. Алла елшісі (с.а.с.) إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ “Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз”1 деп, сөзін жалғады: “Уа, Әбу Рабиғ, Алланың әміріне біздің шамамыз жетпеді”. Мұны естіген әйелдер дауыс салып жылады. Ибн Атик (р.а.) оларды тыймақ болды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Қоя бер, жыласын. Ажал жеткенде, ешбірі дауыс салып жыламасын”, – деді. “Ажал жеткенде дегеніңіз не?” – деп сұрады қасындағылар. “Жан тапсырғанда”, – деді. Сонда қызы: “Аллаға ант етемін, шейіт боларсың деп үміттеніп едім. Өйткені жорыққа қажетті жабдықтарыңды әзірлеп қойған едің”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла оған ниетіне қарай сауабын берді. Сендер кімді шейіт санайсыңдар?” – деп сұрады. “Алла жолында қаза тапқанды”, – деді олар. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Олай болса, үмбетімнің шейіттері тым аз екен. Обадан өлген – шейіт, суға батып өлген де – шейіт. Өкпе қабығының қабынуынан және іш ауруынан өлген – шейіт. Өрттен өлген – шейіт, үйінді астында қалып өлген – шейіт, құрсағында баласы бар күйі дүниеден өткен әйел де – шейіт”».2

  1. 1«Бақара» сүресі, 156-аят.
  2. 2Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 36 (1/233–234). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 15 (3111). Нәсәи, «Жанаиз», 14 (4/13–14). Жананның түрікше аудармасында суға батуға қатысты сапардың Аллаға бойсұну жолында болуы шарт деп қосылған. Жинақтағы арабша мәтінде бұл шарт айтылмаған.
5432
Кутуб ситтә, № 5432 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «عَادَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ سَعْدَ بْنَ عُبَادَةَ، وَمَعَهُ عَبْدُ الرَّحْمَٰنِ بْنُ عَوْفٍ، وَسَعْدُ بْنُ أَبِي وَقَّاصٍ، وَعَبْدُ اللَّهِ بْنُ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَوَجَدَهُ فِي غَشْيَتِهِ فَقَالَ: قَدْ قُضِيَ؟ قَالُوا: لَا. فَبَكَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَلَمَّا رَأَى الْقَوْمُ بُكَاءَهُ بَكَوْا. فَقَالَ: أَلَا تَسْمَعُونَ؟ إِنَّ اللَّهَ لَا يُعَذِّبُ بِدَمْعِ الْعَيْنِ وَلَا بِحُزْنِ الْقَلْبِ، وَلَكِنْ يُعَذِّبُ بِهَذَا، وَأَشَارَ إِلَى لِسَانِهِ، أَوْ يَرْحَمُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуррахман ибн Ауф, Сағд ибн Әбу Уаққас және Абдулла ибн Мәсғудты (р.а.) ертіп, Сағд ибн Убаданың (р.а.) халін сұрай барды. Оны ес-түссіз көріп: “Дүниеден өтіп кеткен бе?” – деп сұрады. Жанындағылар: “Жоқ”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) жылады. Оның жылағанын көрген жұрт та жылады. Алла елшісі (с.а.с.): “Естіңдер! Алла көздің жасы мен жүректің қайғысы үшін азаптамайды. Ал мынау үшін азаптайды немесе рақымына алады”, – деп, тілін нұсқады».1

Түсіндірме

Бұл хадис науқас үшін немесе қайтыс болған адамды жоқтап, үнсіз көз жасын төгудің, іштей қайғырудың айыбы жоқ екенін көрсетеді. Айып тілден туады. Қайғыға шыдамай бақырып-шақырып жылау, қарғап-сілеу, налып жөнсіз сөз айту шариғат шеңберінен шығуға жатады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 45 (1304). Мүслим, «Жанаиз», 12 (924).
5433
Кутуб ситтә, № 5433 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيْسَ مِنَّا مَنْ ضَرَبَ الْخُدُودَ وَشَقَّ الْجُيُوبَ وَدَعَا بِدَعْوَى الْجَاهِلِيَّةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қайғы үстінде бетін ұрғылап, киімінің өңірін жыртып, жаһилият дәуіріндегідей зар салған адам бізден емес”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисінде жақыны дүниеден өткенде есінен адасқандай денесін ұрып-соғып, үсті-басын жыртудың, өзіне бәле мен қасірет тілеудің жөнсіздігін білдірген. Жаһилият дәуірінде мұндай әдет болған. Ислам оған тыйым салған.

2. Ғалымдар «бізден емес» деген сөзді «біздің сүннетімізді ұстанғандардан емес» деп түсіндірген. Оны «иман тұрғысынан бізден емес, яғни күпірлік еткен» деп түсіндіргендер де бар. Ғалымдар сөздің осылай қатқыл айтылуын сол қылықтан барынша тыюдың бір жолы деп бағалаған. «Дінімізді кемел түрде ұстанғандардан емес» деп те түсіндірген. Өйткені адам дінін кемел ететін бір амалдан бас тартады.

Ибн Хажар әл-Асқалани былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы тыйымының мәнін Әбу Мұса (р.а.) жеткізген бір хадис айқындай түседі. Ол хадисте Алла елшісі (с.а.с.) аза тұтып бақырып-шақырғаннан, үсті-басын жыртқаннан және шашын тақырлап алғаннан аулақ екенін білдіреді. “Аулақ болу” бір нәрседен бөлініп, одан ажырауды білдіреді. Осы хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мұндай адамды, мысалы, шапағатынан тыс қалуы мүмкін екенін айтып, сақтандырған секілді». Ибн Хажар сөзін жалғап: «Суфиян әс-Сәуриден жеткен риуаят бойынша, ол мұндай хадистерді жоруды ұнатпаған. “Бұлай жорудан тартынған жөн. Сонда хадис адамның иманынан айырылып қаламын деген қаупін оятып, жүрегіне тереңірек әсер етеді, мұндай қылықтан пәрмендірек тыяды”, – деген», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 36, 39–40, «Мәнәқиб», 8. Мүслим, «Иман», 165 (103). Тирмизи, «Жанаиз», 22 (999). Нәсәи, «Жанаиз», 19 (4/20).
5434
Кутуб ситтә, № 5434 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مَيِّتٍ يَمُوتُ فَيَقُومُ بَاكِيهِ فَيَقُولُ: وَا جَبَلَاهُ، وَا سَيِّدَاهُ، وَنَحْوَ ذَلِكَ، إِلَّا وَكَّلَ اللَّهُ بِهِ مَلَكَيْنِ يَلْهَزَانِهِ وَيَقُولَانِ: أَهَكَذَا كُنْتَ؟». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «اللَّهْزُ»: الدَّفْعُ فِي الصَّدْرِ بِجَمْعِ الْكَفِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) айтты: “Бір адам дүниеден өтіп, жоқтаушысы тұрып: ‘Асқар тауым-ай! Ардағым-ай!’ – деген сияқты сөздерді айтса, Алла марқұмға екі періште жібереді. Олар кеудесінен түйіп: ‘Сен сондай ма едің?’ – деп сұрайды”».1

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 24 (1003).
5435
Кутуб ситтә, № 5435 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أُغْمِيَ عَلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ رَوَاحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَجَعَلَتْ أُخْتُهُ عَمْرَةُ تَبْكِي: وَا جَبَلَاهُ، وَا كَذَا، وَا كَذَا، تُعَدِّدُ عَلَيْهِ. فَلَمَّا أَفَاقَ قَالَ: وَاللَّهِ مَا قُلْتِ مِنْ شَيْءٍ إِلَّا وَقِيلَ لِي: أَهَكَذَا كُنْتَ؟ قِيلَ: فَلَمَّا مَاتَ لَمْ تَبْكِ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) былай дейді: «Абдулла ибн Рауаха (р.а.) есінен танып қалды. Қарындасы Амра: “Асқар тауым-ай! Пәленім-ай! Түгенім-ай!” – деп зар жылап, оның қасиеттерін тізе бастады. Абдулла есін жиған соң: “Аллаға ант етемін, әр сөзіңнен кейін менен ‘Сен сондай ма едің?’ деп сұрады”, – деді. Айтуларынша, Абдулла дүниеден өткенде, Амра оны жоқтап жыламаған».1

Түсіндірме

Соңғы екі хадис бірін-бірі толықтырады. Екіншісі алғашқы хадисте айтылған жайға мысал болады. Ауыр науқастың немесе марқұмның артынан бақырып-шақырып, жөнсіз сөз айту оған пайда әкелмей, зиянын тигізеді.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 44 (4267).
5436
Кутуб ситтә, № 5436 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِيَدِ عَبْدِ الرَّحْمَٰنِ بْنِ عَوْفٍ فَانْطَلَقَ بِهِ إِلَى ابْنِهِ إِبْرَاهِيمَ، فَوَجَدَهُ يَجُودُ بِنَفْسِهِ، فَأَخَذَهُ ﷺ فِي حِجْرِهِ فَبَكَى. فَقَالَ لَهُ عَبْدُ الرَّحْمَٰنِ: أَتَبْكِي؟ أَوَلَمْ تَكُنْ نَهَيْتَ عَنِ الْبُكَاءِ؟ فَقَالَ: لَا، وَلَكِنْ نَهَيْتُ عَنْ صَوْتَيْنِ أَحْمَقَيْنِ فَاجِرَيْنِ: صَوْتٍ عِنْدَ مُصِيبَةٍ، خَمْشِ وُجُوهٍ، وَشَقِّ جُيُوبٍ، وَرَنَّةِ شَيْطَانٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдулла (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуррахман ибн Ауфты (р.а.) қолынан ұстап, ұлы Ибраһимге бірге барды. Ұлы жан тапсырайын деп жатыр екен. Алла елшісі (с.а.с.) оны бауырына басып, жылады. Абдуррахман: “Жылап тұрсыз ба? Бізді жылаудан тыйған өзіңіз емес пе едіңіз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, мен екі жөнсіз, арсыз дауысқа тыйым салдым. Соның бірі – қайғы үстінде бетін тырнап, киімінің өңірін жыртып, шайтанша зар салған дауыс”, – деді».1

Түсіндірме

«Шайтанша зар салу» деп аударған رَنَّةُ الشَّيْطَانِ тіркесін ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Кейбірі оны музыка мен аспаптың үні деген. Көпшілік оны аза тұту кезінде шығатын дауыс деп түсінген. Оны шайтанға телуге хадистегі «Алғаш аза тұтқан – Ібіліс» деген түсіндірме негіз болған. Тирмизи хадистің түпнұсқасында мұнан да көп сөз барын айтып, қысқартылғанын ескерткен. Бәйһақидегі нұсқа сол кем тұсты толықтырады: «Мен жылауға тыйым салмаймын. Екі арсыз, жөнсіз дауысқа тыйым саламын. Бірі – сауық-сайранның әуені мен шайтанның аспабы, екіншісі – қайғыға тап болғанда бетін тырнап, үсті-басын жыртып, зар салу. Ал жылау – мейірімнің белгісі. Мейірім танытпағанға мейірім көрсетілмейді».

Бұл оқиға Бұхари мен Мүслимнің «Сахихтарында» Әнәстің (р.а.) риуаятымен берілген.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 25 (1005).
5437
Кутуб ситтә, № 5437 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әсма бинт Язид ибн әс-Сәкән

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ يَزِيدَ بْنِ السَّكَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَتِ امْرَأَةٌ مِنَ النِّسْوَةِ: مَا هَذَا الْمَعْرُوفُ الَّذِي لَا يَنْبَغِي لَنَا أَنْ نَعْصِيَكَ فِيهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: لَا تَنُحْنَ. قَالَتْ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ بَنِي فُلَانٍ كَانُوا قَدْ أَسْعَدُونِي عَلَى عَمِّي، فَلَا بُدَّ لِي مِنْ قَضَائِهِمْ. فَأَبَى عَلَيْهَا فَعَاوَدَتْهُ مِرَارًا. قَالَتْ: فَأَذِنَ لِي فِي قَضَائِهِنَّ، فَلَمْ أَنُحْ بَعْدُ فِي قَضَائِهِنَّ وَلَا فِي غَيْرِهِ حَتَّى السَّاعَةِ، وَلَمْ يَبْقَ مِنَ النِّسْوَةِ امْرَأَةٌ إِلَّا وَقَدْ نَاحَتْ غَيْرِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Язид ибн әс-Сәкән (р.а.) былай дейді: «Бір әйел: “Уа, Алла елшісі! Сізге қарсы келмеуге тиіс ізгі амал деген не?” – деп сұрады. Ол: “Дауыс салып жоқтау айтпаңдар”, – деді. Әйел: “Уа, Алла елшісі! Әкемнің бауыры дүние салғанда, пәлен әулеттің әйелдері маған қосылып жоқтау айтты. Енді мен де олардың алдында борышымды өтеуім керек”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат бермеді. Әйел қайта-қайта өтінді». Әйел кейін былай деген: «Ақыры Алла елшісі (с.а.с.) борышымды өтеуге рұқсат берді. Содан бері сол әйелдер үшін де, басқалар үшін де дауыс салып жоқтау айтқаным жоқ. Менен басқа жоқтау айтпаған әйел қалмады».1

Түсіндірме

Хадисте арабтардың ежелгі дәстүрі және Алла елшісінің (с.а.с.) адамның жағдайын ескеріп шығарған үкімі баяндалады. Бір әйел қайғысына ортақтасып, араб дәстүрімен аза тұтуға қатысқан әйелдерге сондай жақсылықпен жауап беруді борышым деп санаған. Алла елшісі (с.а.с.) бұған тыйым салса да, әйел өзін қарыздар санап, қайта-қайта рұқсат сұраған. Алла елшісі (с.а.с.) жақсылыққа жақсылықпен жауап берсем деген көңілін ескеріп, рұқсат берген. Түсіндірушілердің айтуынша, бұл рұқсат бетін тырнап, өзін ұрып-соғып, бақырып-шақыратын жоқтауға емес, араб салты бойынша көңіл айтып, қайғыға ортақтасуға берілген.

Хадис түсіндірмелерінде аза тұтуға рұқсат алған әйелдер бірнешеу болғаны айтылады. Арасында Үммі Сәләма әл-Ансария, Үммі Атия да бар.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Мумтахина» (3304).
5438
Кутуб ситтә, № 5438 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Хузайфа

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ حِينَ حُضِرَ: «إِذَا أَنَا مِتُّ فَلَا يُؤْذِنْ عَلَيَّ أَحَدٌ، إِنِّي أَخَافُ أَنْ يَكُونَ نَعْيًا، وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَنْهَى عَنِ النَّعْيِ. فَإِذَا أَنَا مِتُّ فَصَلُّوا عَلَيَّ وَسُلُّونِي إِلَى رَبِّي سَلًّا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ إِلَى قَوْلِهِ: «عَنِ النَّعْيِ». وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) ажалы таяғанда былай деген: «Мен дүние салғанда, ешкім жұртқа жар салмасын. Мұның қазаны дабыралап жариялау болып кетуінен қорқамын. Алла елшісінің (с.а.с.) қазаны дабыралап жариялауға тыйым салғанын естідім. Дүниеден өткен соң, жаназамды оқып, Раббыма үн-түнсіз аттандырыңдар».1

Түсіндірме

Хадистен Хузайфаның (р.а.) қаза хабарын жар салып жариялауға тыйым салғаны аңғарылады. Бұл тыйымның шарты көрсетілмеген. Ғалымдар басқа хадистерден қазаны естіртуге мысал келтіреді. Мәселен, Зәйд ибн Хариса, Жағфар ибн Әбу Талиб және Абдулла ибн Рауаха (р.а.) Мұта шайқасында шейіт болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) олардың қазасын жұртқа естірткен. Нәжәшидің қазасын да жариялаған. Тіпті мешітті сыпырып жүретін әйел дүниеден өткенде: «Маған неге хабар бермедіңдер?» – деген.

Ғалымдардың түсіндіруінше, мұнда жаһилият дәуіріндегідей қазаны дабыралап жариялауға тыйым салынған. Ол кезде атақты, дәулетті адам дүние салса, жақын туысы атқа мініп, ел аралап: «Пәленше қайтыс болды!» – деп жар салатын.

Ибн әл-Араби қаза хабарын естіртудің үкімдерін былай түсіндірген:

• Жақын туыстың, достың немесе ізгі адамның қазасын естірту – сүннет.

• Мақтану, ел назарын аудару үшін қаза хабарын жариялау – мәкруһ.

• Қазаны бақырып-шақырып, дауыс салып жоқтау арқылы естірту – харам.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 12 (986). Ибн Мәжа, «Жанаиз», 14 (1476). Соңғы сөйлем Разиннен алынған.
5439
Кутуб ситтә, № 5439 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ النَّائِحَةَ وَالْمُسْتَمِعَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) дауыс салып жоқтау айтқан әйелге де, оны тыңдаған әйелге де лағынет айтты».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 28 (3128).
5440
Кутуб ситтә, № 5440 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ رَأَى فُسْطَاطًا عَلَى قَبْرِ عَبْدِ الرَّحْمَٰنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: يَا غُلَامُ، انْزِعْهُ، فَإِنَّمَا يُظِلُّهُ عَمَلُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Абдуррахман ибн Әбу Бәкір әс-Сыддықтың (р.а.) қабірі үстінде шатыр көріп: «Балам, мына шатырды алып таста. Оған көлеңке болар нәрсе – өзінің амалы», – деген.1

Түсіндірме

Басқа риуаяттардан Айшаның (р.а.) бауыры Абдуррахманның қабіріне шатыр тіктіріп, басына бір құлды күзетке қойғаны аңғарылады. Шатыр мен күзетшіні көрген Ибн Омар (р.а.) шатырды алып тастауды бұйырған.

Хадис марқұмға тірісінде істеген амалдары пайда беретінін, ал қабірінің үстіндегі шатыр мен құрылыстың оған пайдасы тимейтінін ұқтырады. Қабір үстіне шатыр тігіп не құрылыс салып, ішінде отырудың өзі марқұмға зиян келтірмейді. Алайда отырғандар теріс сөз сөйлесе, оның зияны өздеріне тиюі мүмкін.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 82. Риуаят мұғаллақ түрде берілген.