Хадис

ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 869-тарау · 6 хадис · № 5395–5400

ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢ БӨЛІМІ

Хадистер

Ислам шектен шықпай, орнымен әзілдесуге рұқсат берген. Ислам әдебін сақтап айтылған әзіл көңіл сергітіп, адамдардың арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Әзіл айтпау байсалдылық болып көрінгенімен, кез келген істің шектен асқаны құпталмайды. Тұнжырап жүру де ұнамсыз. Әзіл тым көбейсе, аз әзілден гөрі теріс салдары көп болуы мүмкін.

Дініміз әзілді құптай отырып, оның өлшеміне көңіл бөледі. Хадис кітаптарында бұл тақырып қамтылған. Кейбірінде «Китабул-мизах» деген жеке бөлім болса, кейбірінде «Бабул-мизах» деген тарауша бар. «Тәйсирул-усул» және оның негізі болған «Әл-Жамиғул-усул» әзілге жеке бөлім арнаған.

Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінде де әзілге орын болған. Әнас (р.а.): «Алла елшісі балалармен ең көп әзілдесетін», – деген. Жанында жүрген әйелдер мен ерлерге айтқан әзілдерінің талай үлгісі хадис кітаптарында кездеседі.

Алла елшісі (с.а.с.) әзілдің әдебін де үйреткен. Мысалы, қалжыңға өтірік араластырмау, адамды әжуалап кемсітпеу, отпен не қарумен қорқытпау керек. Әзілге рұқсат бар, бірақ шектен шығуға және жұртты күлдіруді кәсіпке айналдыруға болмайды.

• «Әзіл айтамын, бірақ тек шындықты айтамын».

• «Мұсылманның мұсылман бауырын қорқытуына болмайды».

• «Бауырыңмен дауласпа, оны келеке етіп әзілдеспе».

• «Жұртты күлдіру үшін өтірік айтқан адамға обал!»

• «Құл әзілдеп болса да өтірік айтуды, өзінікі дұрыс болса да дауласа беруді қоймайынша, кәміл мүмін бола алмайды».

• «Әзілдеп болса да өтірік айтпаған адамға жәннаттан бір үй берілетініне кепілмін».

Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларының арасында әзілдерімен танылғандар бар. Әбу Һурайра, Нуайман, Абдулла ибн Хузафа, Зәйд ибн Сәбит, Бурайда әл-Әсләми, тіпті Омардың да (р.а.) әзілдері жайлы деректер кездеседі. Мұны көбіне Алла елшісінің (с.а.с.) кеңпейілдігімен түсіндіруге болады. Ол адам табиғатына тән әзілқойлыққа бөгет жасамай, белгілі бір шек қойған. Әзілқойлығымен аты шыққан Нуайман (р.а.) Алла елшісімен де қалжыңдасқан. Айтуынша, Мәдинаға ерте піскен жеміс не жақсы бір зат келсе, несиеге алып, оны Алла елшісіне «сыйлық» деп әкеледі екен. Ақы төлейтін уақыт келгенде, Алла елшісінен сол «сыйлықтың» ақысын сұрайтын. Ол: «Мұны маған сыйламап па едің?» – десе, Нуайман: «Жақсы зат екен, сізге лайық көрдім. Өзімде ақша болмаған соң, осылай істедім», – дейтін. Алла елшісі оны үнемі күлімсіреп қарсы алып, ашуланбайтын. Тіпті кездесе қалса, күлкісін тыя алмайтын. Нуайманның бір сапарда досы Суайбитке ашуланып, оны «құлым» деп сатып жібергені бар. Бұл да оның әйгілі қалжыңдарының бірі.

5395
Кутуб ситтә, № 5395 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّكَ تُدَاعِبُنَا. قَالَ: إِنِّي لَا أَقُولُ إِلَّا حَقًّا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір топ сахаба: “Уа, Алланың елшісі! Бізбен әзілдесесіз ғой”, – деді. Ол: “Мен шындықты ғана айтамын”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Түсіндірушілердің айтуынша, сахабалар «Бізбен әзілдесесіз ғой» дегенде, Алла елшісінің (с.а.с.) «Бауырыңмен дауласпа, оны келеке етіп әзілдеспе, орындай алмайтын уәде берме» деген сөзін меңзеген. Өйткені ол хадисте әзілге тыйым салынған.

Алла елшісі (с.а.с.) Алла Тағала сөзін де, ісін де қатеден сақтайтынына сүйеніп, әзілдескенде де шындықты ғана айтатынын білдірген. Тыйым өзге адамдардың әзіл үстінде өтірік айтып, қателесіп қалу қаупіне қатысты. Олардың қателеспейтініне кепілдік берілмеген.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 57 (1990, Жанан басылымында 1991).
5396
Кутуб ситтә, № 5396 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، احْمِلْنِي عَلَى بَعِيرٍ. فَقَالَ: إِنِّي حَامِلُكَ عَلَى وَلَدِ النَّاقَةِ. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا أَصْنَعُ بِوَلَدِ النَّاقَةِ؟ فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: وَهَلْ تَلِدُ الْإِبِلَ إِلَّا النُّوقُ؟». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُهُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Маған мінетін түйе беріңізші”, – деді. Ол: “Сені бір інгеннің баласына мінгіземін”, – деді. Әлгі кісі: “Уа, Алланың елшісі, інгеннің баласын қайтемін?” – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Түйені інгеннен басқа не туады?” – деді».1

Түсіндірме

Мінетін түйе сұраған кісіге Алла елшісі (с.а.с.): «Сені бір інгеннің баласына мінгізейін», – деп, оны таңғалдырып, көңіл күйін байқады. Әлгі адам не дерін білмей қалғанда: «Әр түйе бір інгеннің баласы емес пе?» – деп, сөзін әзілге бұрды.

Хадис естіген сөзіңнің байыбына жетіп, астары мен мағынасын аңғармай жатып, оны бірден теріске шығарып, қарсы дау айтуға асықпау керектігін көрсетеді.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 57 (1991, Жанан басылымында 1992). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 92 (4998).
5397
Кутуб ситтә, № 5397 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ لَهُ: يَا ذَا الْأُذُنَيْنِ، يَعْنِي بِهِ أَنَّهُ يُمَازِحُهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) өзіне әзілдеп: «Әй, қос құлақ!» – дегенін жеткізеді.1

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 57 (1992, Жанан басылымында 1993). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 92 (5002).
5398
Кутуб ситтә, № 5398 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Усәйд ибн Худайр

وَعَنْ أُسَيْدِ بْنِ حُضَيْرٍ: «أَنَّ رَجُلًا مِنَ الْأَنْصَارِ كَانَ فِيهِ مِزَاحٌ، فَبَيْنَمَا هُوَ يُحَدِّثُ الْقَوْمَ وَيُضْحِكُهُمْ إِذْ طَعَنَهُ النَّبِيُّ ﷺ فِي خَاصِرَتِهِ بِعُودٍ كَانَ فِي يَدِهِ. فَقَالَ: أَصْبِرْنِي يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: اصْطَبِرْ. فَقَالَ: إِنَّ عَلَيْكَ قَمِيصًا وَلَيْسَ عَلَيَّ قَمِيصٌ. فَرَفَعَ النَّبِيُّ ﷺ قَمِيصَهُ، فَاحْتَضَنَهُ وَجَعَلَ يُقَبِّلُ كَشْحَهُ، وَقَالَ: إِنَّمَا أَرَدْتُ هَذَا يَا رَسُولَ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «أَصْبِرْنِي» أَيْ: أَقِدْنِي وَمَكِّنِّي مِنْ نَفْسِكَ لِأَقْتَصَّ مِنْكَ. وَ«الْكَشْحُ» مَا فَوْقَ شَدِّ الْإِزَارِ مِنْ جَانِبِ الْبَطْنِ، وَهُمَا كَشْحَانِ.

Қазақша аудармасы

Усайд ибн Худайр (р.а.) былай дейді: «Ансардың арасында бір әзілқой кісі бар еді. Жұртқа әңгіме айтып, күлдіріп тұрғанда, Пайғамбар (с.а.с.) қолындағы шыбықпен оның бүйірінен түртті. Ол: “Уа, Алланың елшісі, мен де дәл солай істеуге рұқсат етіңіз”, – деді. Пайғамбар: “Істей бер”, – деді. Әлгі кісі: “Сіз көйлек киіп тұрсыз, ал менің үстімде көйлек жоқ еді”, – деді. Пайғамбар көйлегін көтерді. Сонда әлгі кісі оны құшақтап, бүйірінен қайта-қайта сүйді де: “Көздегенім осы еді, уа, Алланың елшісі!” – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 160 (5224).
5399
Кутуб ситтә, № 5399 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ السَّائِبِ بْنِ يَزِيدَ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَأْخُذْ أَحَدُكُمْ عَصَا أَخِيهِ لَاعِبًا أَوْ جَادًّا، فَمَنْ أَخَذَ عَصَا أَخِيهِ فَلْيَرُدَّهَا إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Саиб ибн Язид әкесі арқылы атасынан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Араларыңнан ешкім бауырының таяғын әзілдеп те, шындап та алмасын. Кім бауырының таяғын алған болса, өзіне қайтарсын».1

Түсіндірме

1. Келесі хадис осы риуаяттың басқа нұсқасы болуы мүмкін. Немесе сахабалардың бірі әзілден шошынған оқиға осы хадистің айтылуына себеп болған болуы мүмкін.

2. Хаттаби біреудің затын әзілдеп алу мен шындап алуды былай ажыратады. Қайтармақ ниетпен алса, әзілдеп алғаны. Қайтармау ниетімен алса, шындап алғаны.

Хадистің бір нұсқасында «әзілдеп тұрып шындап» делінеді. Хаттаби мұны «бастапқыда әзіл ниетімен алып, кейін қайтармауға шешім қабылдау» деп түсіндірген.

3. Өзгенің затын қайтармаймын деп әдейі алу – ұрлық. Ұрлыққа тыйым салынғаны белгілі. Ал әзілдеп алудың пайдасы жоқ, көбіне иесін ашуландырып, әуреге салады. Мүміннің басқаға қиындық тудыруына рұқсат жоқ. Сондықтан өзгені әуреге салатын әрекеттен аулақ болған жөн.

  1. 1Тирмизи, «Фитән», 3 (2160, Жанан басылымында 2161). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 93 (5003), нұсқасында алғашқы сөйлемде «бауырының заты» делінген.
5400
Кутуб ситтә, № 5400 · тараудағы реті: 6

وَعَنِ ابْنِ أَبِي لَيْلَى قَالَ: «حَدَّثَنَا أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَنَّهُمْ كَانُوا يَسِيرُونَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَنَامَ رَجُلٌ مِنْهُمْ، فَانْطَلَقَ بَعْضُهُمْ إِلَى حَبْلٍ كَانَ مَعَهُ فَأَخَذَهُ فَفَزِعَ. فَقَالَ ﷺ: لَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يُرَوِّعَ مُسْلِمًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Ләйла былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары онымен бірге сапарда болғанын айтты. Араларындағы бір кісі ұйықтап қалғанда, бір серігі оның арқанын алып қойды. Әлгі кісі оянғанда арқанын таппай, шошып кетті. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылманның мұсылманды қорқытуына болмайды”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 93 (5004).