عَنْ مُطَرِّفِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ، عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «انْطَلَقْتُ فِي وَفْدِ بَنِي عَامِرٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقُلْنَا: أَنْتَ سَيِّدُنَا. فَقَالَ: السَّيِّدُ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى. قُلْنَا: وَأَفْضَلُنَا فَضْلًا وَأَعْظَمُنَا طَوْلًا. فَقَالَ: قُولُوا بِقَوْلِكُمْ أَوْ بَعْضِ قَوْلِكُمْ، وَلَا يَسْتَجْرِيَنَّكُمُ الشَّيْطَانُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَمَعْنَى الْحَدِيثِ: تَكَلَّمُوا بِمَا يَحْضُرُكُمْ مِنَ الْقَوْلِ، وَلَا تَسْجَعُوا كَأَنَّمَا تَنْطِقُونَ عَلَى لِسَانِ شَيْطَانٍ. وَفِي قَوْلِهِ: «أَوْ بَعْضِ قَوْلِكُمْ» حَذْفٌ وَاخْتِصَارٌ، وَمَعْنَاهُ: دَعُوا بَعْضَ قَوْلِكُمْ وَاتْرُكُوهُ، وَأَرَادَ بِذَلِكَ اقْتِصَادًا فِي الْمَقَالِ.
Мутарриф ибн Абдулла әкесінің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Бәни Амирдің өкілдерімен бірге Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Біз: “Сіз біздің мырзамызсыз!” – дедік. Ол: “Мырза – ұлық Алла Тағала”, – деді. Біз: “Арамыздағы ең ізгіміз де, мәрттігі ең зоры да өзіңізсіз”, – дедік. Ол: “Осы сөздеріңді немесе соның бір бөлігін ғана айтыңдар. Шайтан сендерді желіктірмесін”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис «сәйид», яғни «мырза» сөзін толық мағынасында адамға телуден тыяды. Адамдарды шын мәнінде билейтін – Алла Тағала. Дегенмен ғалымдар бұл сөзді жекелеген адамдарға тар мағынасында қолдануға болады деген. Алла елшісі (с.а.с.): «Мен Адам ұрпағының мырзасымын. Мұны мақтан үшін айтпаймын», – деген. Яғни: «Мұны Алланың маған берген нығметін еске алу үшін айтамын», – дегені. Бұхаридің бір риуаятында Омар (р.а.) Біләлді меңзеп: «Әбу Бәкір – біздің мырзамыз. Ол мырзамызды азат етті», – деген.
2. «Таул» сөзі достарына жомарт, дұшпандарының алдында айбарлы болуды білдіреді. Біз оны «мәрттік» деп аудардық.
3. «Осы сөздеріңді айтыңдар» деп аударылған тіркес бірнеше мағынаға келеді. Түсіндірушілер оны «Екі ауыз сөзбен шектеліңдер, әсірелемеңдер», «Кішіпейілділікте шектен шықпау үшін сөздеріңнің бірін ғана айтыңдар» немесе «Не үшін келдіңдер, соны айтыңдар. Өздеріңе қатысы жоқ, мақсаттарыңа сай келмейтін сөзді қойыңдар» деп ұққан.
4. Хадис әсіре мақтауды шайтанның өз жолына салып желіктіруі деп суреттейді. يَسْتَجْرِيَنَّكُمْ сөзі «батылдық» мағынасындағы түбірден тараған болуы да мүмкін. Бұл жағдайда сөз «Шайтан сендерді орынсыз сөз айтуға батылдандырмасын» деген мағынаға келеді.
«Ән-Ниһаяда» хадистің «Шайтан сендерден басым түсіп, өзіне елші не өкіл етпесін» деген мағына беретінін айтады. Онда: «Олар Алла елшісін (с.а.с.) мақтаған. Ол бұл қылықты құп көрмей, осылай тыйған», – делінген. «Мирқатта» сөздің «Ойларыңа келген қарапайым сөзбен сөйлеңдер. Шайтанның елшісі мен өкіліндей жасандылыққа салынып, оның тілімен сөйлемеңдер» деген мағынасы да көрсетілген.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 10 (4806).