Хадис

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 870-тарау · 8 хадис · № 5401–5408

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Хадистер

Өлім – адам өміріндегі ең маңызды оқиға. Құлшылық пен сынақ үшін жаратылған адам баласының бұл дүниедегі сынағы өліммен аяқталады. Адам дүниеде өткізген өмірі мен істеген амалдарының қарымтасын көре бастайды. Өлім – ақиқатты көру үшін сынақ ұйқысынан шын ояну.

Өлім кездейсоқ оқиға да, біржола жоқ болу да емес. Аятта өлімнің де өмір сияқты жаратылғаны, Алланың еркі мен тағдырына сай келетіні айтылады. الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا ۚ وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ «Ол қайсыбірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, сендерді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол − Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (өте кешірімді)!»1

Өлім сырттай ауыр көрініп, жақындарының жүрегіне қайғы салып, көзіне жас келтіргенімен, тіршілік жалғасуы үшін қажет. Осы шағын дүниеден мәңгілік әлемге көбірек жеміс жетуі де сол айналымға байланысты. Осы тұрғыдан өлім – рақым. Орта есеппен елу-алпыс жылдық ғұмыр мәңгілік өмірге қол жеткізуге жетеді. Адам мұратына жетіп, сынағын өтеген соң, одан әрі өмір сүрудің мәні де қалмайды. Өмірге жаңадан келгендерге орын ашылуы үшін бұрынғылардың кетуі керек.

Алла елшісі (с.а.с.) өлімді жиі еске алып, терең ойлануға шақырған. Мұндағы мақсат – одан ғибрат алып, өткінші дүниеге деген бос құмарлықты басу.

Алла елшісінің қайтыс болуы

Сырқаттануы және өмірден озуы

5401
Кутуб ситтә, № 5401 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَقُولُ فِي مَرَضِهِ الَّذِي مَاتَ فِيهِ: يَا عَائِشَةُ، مَا أَزَالُ أَجِدُ أَلَمَ الطَّعَامِ الَّذِي أَكَلْتُ بِخَيْبَرَ، فَهَذَا أَوَانُ وَجَدْتُ انْقِطَاعَ أَبْهَرِي مِنْ ذَلِكَ السُّمِّ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) өмірінің соңғы сырқаты кезінде: “Уа, Айша! Хайбарда жеген асымның зардабын әлі де сеземін. Енді сол удан жүрек тамырым үзіліп бара жатқанын сезіп тұрмын”, – дейтін».1

Түсіндірме

Бұхари бұл хадисті муаллақ, яғни жеткізушілер тізбегін толық атамай келтірген. Өзге дереккөздерде сәнады толық берілген. Хадистен Алла елшісіне (с.а.с.) Хайбарды алған кезде жеген улы етінің әсері соңғы сырқатында да сезілгені көрінеді. Осыған сүйеніп, кей ғалымдар Пайғамбар шейіт болып дүние салған дейді.

Хадисте жүрек тамыры деп аударылған «әбһар» – жүрекке жалғасатын негізгі тамыр. Ибн әл-Әсир бұл жөнінде бірнеше түсінік келтіреді. Біріне қарағанда, әбһар – бастан аяққа дейін созылған негізгі тамыр. «Шараин» деп аталатын тармақ тамырлар соған қосылады. Оның бастағы бөлігі «нәғма», мойындағы бөлігі «уәрид», яғни күретамыр, кеудедегі бөлігі «әбһар», арқа тұсындағы бөлігі «уәтин» деп аталады. Жүрек осы соңғы бөлігіне жалғасады. Сандағы жалғасы «нәсә», сирақтағысы «сафин» деп аталады. Бұл тамырдың үзілуі – өлім. Араб тіліндегі өлім мағынасын беретін «инқитағул-әбһар» тіркесін «Қамус» сөздігі түрік тіліндегі «өті жарылды» деген тіркеспен берген. Ал ол тіркес «қатты қорықты» деген мағынада қолданылатындықтан, бұл баламаның дәлдігі күмәнді.

Хайбарда Алла елшісіне (с.а.с.) яһудилердің улы қой етін жегізгені туралы риуаятты бұған дейін егжей-тегжейлі қарастырдық.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 83 (4428).
5402
Кутуб ситтә, № 5402 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا ثَقُلَ النَّبِيُّ ﷺ وَاشْتَدَّ بِهِ وَجَعُهُ، اسْتَأْذَنَ أَزْوَاجَهُ أَنْ يُمَرَّضَ فِي بَيْتِي فَأَذِنَّ لَهُ، فَخَرَجَ بَيْنَ رَجُلَيْنِ أَحَدُهُمَا الْعَبَّاسُ بْنُ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ وَرَجُلٌ آخَرُ، تَخُطُّ رِجْلَاهُ فِي الْأَرْضِ. فَلَمَّا دَخَلَ بَيْتِي وَاشْتَدَّ وَجَعُهُ قَالَ: أَهْرِيقُوا عَلَيَّ مِنْ سَبْعِ قِرَبٍ لَمْ تُحْلَلْ أَوْكِيَتُهُنَّ، لَعَلِّي أَعْهَدُ إِلَى النَّاسِ. فَأَجْلَسْنَاهُ فِي مِخْضَبٍ لِحَفْصَةَ، ثُمَّ طَفِقْنَا نَصُبُّ عَلَيْهِ الْمَاءَ مِنْ تِلْكَ الْقِرَبِ حَتَّى طَفِقَ يُشِيرُ إِلَيْنَا أَنْ قَدْ فَعَلْتُنَّ. ثُمَّ خَرَجَ إِلَى النَّاسِ فَصَلَّى بِهِمْ وَخَطَبَهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) тағы былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) дерті күшейіп, халі ауырлағанда, менің үйімде күтім көру үшін жұбайларынан рұқсат сұрады. Олар рұқсат берді. Ол екі кісіге сүйеніп шықты. Бірі – көкесі Аббас ибн Абдулмутталиб, екіншісі – басқа бір кісі. Аяқтары жерге сүйретіліп келе жатты. Үйіме кіргенде, дерті одан бетер күшейді.

Ол: “Аузы әлі ашылмаған жеті торсықтан үстіме су құйыңдар. Бәлкім, жұртқа өсиет айта алармын”, – деді. Біз оны Хафсаның шылапшынына отырғызып, әлгі торсықтардан үстіне су құя бастадық. “Жетеді” дегендей ишара жасағанша құйдық. Содан кейін жұрт алдына шығып, намаз оқытты және уағыз айтты».

5403
Кутуб ситтә, № 5403 · тараудағы реті: 3

وَلَهُمَا فِي رِوَايَةٍ عَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَقُلْتُ لَهَا: أَلَا تُحَدِّثِينِي عَنْ مَرَضِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ قَالَتْ: بَلَى، ثَقُلَ النَّبِيُّ ﷺ، فَقَالَ: أَصَلَّى النَّاسُ؟ قُلْنَا: لَا، هُمْ يَنْتَظِرُونَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: ضَعُوا لِي مَاءً فِي الْمِخْضَبِ. قَالَتْ: فَفَعَلْنَا، فَاغْتَسَلَ، ثُمَّ ذَهَبَ لِيَنُوءَ فَأُغْمِيَ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَفَاقَ فَقَالَ: أَصَلَّى النَّاسُ؟ قُلْنَا: لَا، هُمْ يَنْتَظِرُونَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: ضَعُوا لِي مَاءً فِي الْمِخْضَبِ. قَالَتْ: فَفَعَلْنَا فَاغْتَسَلَ، ثُمَّ ذَهَبَ لِيَنُوءَ فَأُغْمِيَ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَفَاقَ فَقَالَ: أَصَلَّى النَّاسُ؟ قُلْنَا: لَا، هُمْ يَنْتَظِرُونَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: ضَعُوا لِي مَاءً فِي الْمِخْضَبِ، فَاغْتَسَلَ، ثُمَّ ذَهَبَ لِيَنُوءَ فَأُغْمِيَ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَفَاقَ فَقَالَ: أَصَلَّى النَّاسُ؟ قُلْنَا: لَا، هُمْ يَنْتَظِرُونَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَتْ: وَالنَّاسُ عُكُوفٌ فِي الْمَسْجِدِ يَنْتَظِرُونَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِصَلَاةِ الْعِشَاءِ الْآخِرَةِ. قَالَتْ: فَأَرْسَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى أَبِي بَكْرٍ أَنْ يُصَلِّيَ بِالنَّاسِ، فَأَتَاهُ الرَّسُولُ فَقَالَ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَأْمُرُكَ أَنْ تُصَلِّيَ بِالنَّاسِ. فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ، وَكَانَ رَجُلًا رَقِيقًا: يَا عُمَرُ، صَلِّ بِالنَّاسِ. قَالَتْ: فَقَالَ عُمَرُ: أَنْتَ أَحَقُّ بِذَلِكَ. قَالَتْ: فَصَلَّى بِهِمْ أَبُو بَكْرٍ تِلْكَ الْأَيَّامَ. ثُمَّ إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَجَدَ مِنْ نَفْسِهِ خِفَّةً فَخَرَجَ بَيْنَ رَجُلَيْنِ أَحَدُهُمَا الْعَبَّاسُ لِصَلَاةِ الظُّهْرِ، وَأَبُو بَكْرٍ يُصَلِّي بِالنَّاسِ. فَلَمَّا رَآهُ أَبُو بَكْرٍ ذَهَبَ لِيَتَأَخَّرَ، فَأَوْمَأَ إِلَيْهِ النَّبِيُّ ﷺ أَنْ لَا يَتَأَخَّرَ، وَقَالَ لَهُمَا: أَجْلِسَانِي إِلَى جَنْبِهِ. فَأَجْلَسَاهُ إِلَى جَنْبِ أَبِي بَكْرٍ، فَكَانَ أَبُو بَكْرٍ يُصَلِّي وَهُوَ يَأْتَمُّ بِصَلَاةِ النَّبِيِّ ﷺ، وَالنَّاسُ يَأْتَمُّونَ بِصَلَاةِ أَبِي بَكْرٍ، وَالنَّبِيُّ ﷺ قَاعِدٌ. قَالَ عُبَيْدُ اللَّهِ: دَخَلْتُ عَلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَبَّاسٍ فَقُلْتُ: أَلَا أَعْرِضُ عَلَيْكَ مَا حَدَّثَتْنِي عَائِشَةُ عَنْ مَرَضِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ قَالَ: هَاتِ. فَعَرَضْتُ حَدِيثَهَا عَلَيْهِ، فَمَا أَنْكَرَ مِنْهُ شَيْئًا غَيْرَ أَنَّهُ قَالَ: أَسَمَّتْ لَكَ الرَّجُلَ الَّذِي كَانَ مَعَ الْعَبَّاسِ؟ قُلْتُ: لَا. قَالَ: هُوَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслим келтірген бір риуаятта Убайдулла ибн Абдулла былай дейді: «Айшаға (р.а.) барып: “Алла елшісінің (с.а.с.) науқасы туралы айтып бересіз бе?” – дедім. Ол былай деді: “Пайғамбардың (с.а.с.) халі ауырлады. Ол: ‘Жұрт намаз оқыды ма?’ – деп сұрады. Біз: ‘Жоқ, уа, Алланың елшісі! Олар сізді күтіп отыр’, – дедік. ‘Шылапшынға су құйыңдар’, – деді. Біз су құйдық. Ол жуынып, орнынан тұрмақ болғанда есінен танып қалды. Есін жиып: ‘Жұрт намаз оқыды ма?’ – деп сұрады. ‘Жоқ, уа, Алланың елшісі! Олар сізді күтіп отыр’, – дедік. Тағы да: ‘Шылапшынға су құйыңдар’, – деді. Біз су құйдық. Ол жуынып, орнынан тұрмақ болғанда, тағы есінен танып қалды. Есін жиып: ‘Жұрт намаз оқыды ма?’ – деп сұрады. ‘Жоқ, уа, Алланың елшісі! Олар сізді күтіп отыр’, – дедік. Ол: ‘Шылапшынға су құйыңдар’, – деді. Жуынып, орнынан тұрмақ болғанда, қайтадан есінен танып қалды. Есін жиған соң: ‘Жұрт намаз оқыды ма?’ – деді. ‘Жоқ, уа, Алланың елшісі! Олар сізді күтіп отыр’, – дедік. Жамағат мешітте Алла елшісінің (с.а.с.) құптан намазына шығуын күтіп отырған еді.

Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірге жұртқа намаз оқытуды тапсырып, кісі жіберді. Жіберген адам оған келіп: ‘Алла елшісі (с.а.с.) саған жамағатқа намаз оқытуды тапсырды’, – деді. Жүрегі жұмсақ Әбу Бәкір: ‘Уа, Омар, жамағатқа сен намаз оқыт’, – деді. Омар: ‘Бұған өзің лайықсың’, – деді. Сол күндері жұртқа Әбу Бәкір намаз оқытты. Кейін Алла елшісі (с.а.с.) бойын жеңіл сезініп, екі адамға сүйеніп бесін намазына шықты. Бірі – Аббас еді. Әбу Бәкір жамағатқа намаз оқытып жатқан. Алла елшісін көріп, кейін шегінбек еді, Пайғамбар оған шегінбе дегендей ишара жасады. Екі кісіге: ‘Мені оның жанына отырғызыңдар’, – деді. Олар Алла елшісін Әбу Бәкірдің жанына отырғызды. Әбу Бәкір Пайғамбарға ұйып, жамағат Әбу Бәкірге ұйып намаз оқыды. Пайғамбар отырып намаз оқыды”».

Убайдулла былай дейді: «Абдулла ибн Аббасқа (р.а.) барып: “Айшаның (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) науқасы жайлы айтқанын жеткізейін бе?” – дедім. Ол: “Айт”, – деді. Естігенімді айтып бердім. Айтқандарымның бірін де теріске шығарған жоқ. Тек: “Аббаспен бірге болған екінші кісінің атын айтты ма?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. Ол: “Ол Әли (р.а.) еді”, – деді».

5404
Кутуб ситтә, № 5404 · тараудағы реті: 4

وَزَادَ الْبُخَارِيُّ فِي رِوَايَةٍ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَسْأَلُ فِي مَرَضِهِ يَقُولُ: أَيْنَ أَنَا غَدًا؟ أَيْنَ أَنَا غَدًا؟ يُرِيدُ يَوْمَ عَائِشَةَ. فَأَذِنَ لَهُ أَزْوَاجُهُ أَنْ يَكُونَ حَيْثُ شَاءَ. قَالَتْ: فَمَاتَ فِي بَيْتِي وَفِي يَوْمِي الَّذِي كَانَ يَدُورُ عَلَيَّ فِيهِ. ثُمَّ قَبَضَهُ اللَّهُ وَإِنَّ رَأْسَهُ لَبَيْنَ سَحْرِي وَنَحْرِي، وَخَالَطَ رِيقُهُ رِيقِي. دَخَلَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، وَمَعَهُ سِوَاكٌ يَسْتَنُّ بِهِ، فَنَظَرَ إِلَيْهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَقُلْتُ: أَعْطِنِي هَذَا السِّوَاكَ. فَأَعْطَانِيهِ، فَقَضَمْتُهُ ثُمَّ مَضَغْتُهُ، فَأَعْطَيْتُهُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَاسْتَنَّ بِهِ وَهُوَ مُسْتَنِدٌ إِلَى صَدْرِي». «السَّحْرُ» الرِّئَةُ، وَأَرَادَتْ أَنَّهُ مَاتَ عِنْدَهَا فِي حِضْنِهَا. وَ«الْفَصْمُ» بِالْفَاءِ وَالصَّادِ الْمُهْمَلَةِ: الْكَسْرُ مِنْ غَيْرِ إِبَانَةٍ، وَبِالْقَافِ وَالضَّادِ الْمُعْجَمَةِ: الْكَسْرُ مَعَ الْإِبَانَةِ.

Қазақша аудармасы

Бұхари бір риуаятта былай деп қосады: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқат кезінде: “Ертең қайда боламын? Ертең қайда боламын?” – деп, Айшаның кезегі қашан келетінін білгісі келді. Жұбайлары қалаған жерінде қалуына рұқсат берді».

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) менің үйімде, өзіме келетін кезекті күнінде қайтыс болды. Алла жанын алғанда, басы кеудем мен алқымымның арасында еді. Сілекейі сілекейіме араласты. Бауырым Абдуррахман ибн Әбу Бәкір (р.а.) қолындағы мисуакпен тісін тазалап кірді. Алла елшісі (с.а.с.) мисуакқа қарады. Бауырыма: “Мисуагыңды берші”, – дедім. Ол берді. Мисуактың ұшын тісіммен кеміріп, шайнап жұмсарттым да, Алла елшісіне (с.а.с.) бердім. Ол басын кеудеме сүйеп отырып, сонымен тісін тазалады».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 83, «Уду», 45, «Азан», 39, 46, 47, 51, 67, 68, 70, «Һиба», 14, «Хумус», 4, «Әнбия», 19, «Тыбб», 21, «Иғтисам», 5. Мүслим, «Салат», 90 (418). Тирмизи, «Жанаиз», 8 (978, 979). Нәсәи, «Жанаиз», 6 (4/6–7).
5405
Кутуб ситтә, № 5405 · тараудағы реті: 5

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَقُولُ وَهُوَ صَحِيحٌ: لَنْ يُقْبَضَ نَبِيٌّ حَتَّى يَرَى مَقْعَدَهُ مِنَ الْجَنَّةِ، ثُمَّ يُحَيَّا أَوْ يُخَيَّرَ. فَلَمَّا نُزِلَ بِهِ، وَرَأْسُهُ عَلَى فَخِذِي، غُشِيَ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَفَاقَ فَأَشْخَصَ بَصَرَهُ إِلَى سَقْفِ الْبَيْتِ، ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ فِي الرَّفِيقِ الْأَعْلَى. قُلْتُ: إِذًا لَا يَخْتَارُنَا. وَعَرَفْتُ أَنَّهُ الْحَدِيثُ الَّذِي كَانَ يُحَدِّثُنَا بِهِ وَهُوَ صَحِيحٌ، فَكَانَتْ تِلْكَ آخِرَ كَلِمَةٍ تَكَلَّمَ بِهَا: اللَّهُمَّ فِي الرَّفِيقِ الْأَعْلَى». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الرَّفِيقُ الْأَعْلَى» هُمُ النَّبِيُّونَ الَّذِينَ يَسْكُنُونَ أَعْلَى عِلِّيِّينَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) сау кезінде: “Ешбір пайғамбар жәннаттағы орнын көрмей жан тапсырмайды. Содан кейін оған өмірін жалғастыру не ақыретке өту таңдауы беріледі”, – дейтін.

Ажал таяғанда, басы тіземде жатып есінен танып қалды. Есін жиған соң көзін үйдің төбесіне қадап: “Уа, Алла, Рафиқ Ағланы қалаймын”, – деді. Сонда ішімнен: “Демек, бізбен қалуды қаламады”, – дедім. Оның сау кезінде бізге айтқан хадисі осы сәтке қатысты екенін түсіндім.

Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы сөзі: “Уа, Алла, Рафиқ Ағланы қалаймын”, – болды».1 «Рафиқ Ағла» – жәннаттың ең жоғары дәрежесіндегі пайғамбарлар қауымы.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 83–84, «Тәпсир», «Ниса», 13, «Марда», 19, «Дағауат», 29, «Риқақ», 41. Мүслим, «Фадаил», 87 (2444). Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 46 (1/238–239). Тирмизи, «Дағауат», 77 (3490).
5406
Кутуб ситтә, № 5406 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا حُضِرَ النَّبِيُّ ﷺ وَفِي الْبَيْتِ رِجَالٌ، فِيهِمْ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَلُمُّوا أَكْتُبْ لَكُمْ كِتَابًا لَنْ تَضِلُّوا بَعْدَهُ. قَالَ عُمَرُ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَدْ غَلَبَهُ الْوَجَعُ، وَعِنْدَكُمُ الْقُرْآنُ، حَسْبُكُمْ كِتَابُ اللَّهِ. فَاخْتَلَفَ أَهْلُ الْبَيْتِ، فَمِنْهُمْ مَنْ يَقُولُ: قَرِّبُوا يَكْتُبْ لَكُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَمِنْهُمْ مَنْ يَقُولُ مَا قَالَ عُمَرُ. فَلَمَّا أَكْثَرُوا اللَّغَطَ وَالِاخْتِلَافَ، قَالَ ﷺ: قُومُوا عَنِّي، وَلَا يَنْبَغِي عِنْدِي التَّنَازُعُ. فَخَرَجَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَهُوَ يَقُولُ: إِنَّ الرَّزِيَّةَ كُلَّ الرَّزِيَّةِ مَا حَالَ بَيْنَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَبَيْنَ كِتَابِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الرَّزِيَّةُ» الْمُصِيبَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) ажалы таяғанда, үйде бірнеше кісі бар еді. Солардың арасында Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) та болды. Алла елшісі (с.а.с.): “Жақындаңдар, сендерге жазып берейін. Содан кейін адаспайсыңдар”, – деді. Омар: “Алла елшісінің (с.а.с.) дерті меңдеп тұр. Қолдарыңда Құран бар. Алланың кітабы сендерге жеткілікті”, – деді. Үйдегілер дауласып қалды. Бірі: “Жақындатыңдар, Алла елшісі (с.а.с.) сендерге жазып берсін”, – десе, енді бірі Омардың айтқанын қайталады.

Дау-дамай мен шу көбейгенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Қасымнан тұрып кетіңдер. Қасымда сөз таластыруға болмайды”, – деді». Ибн Аббас (р.а.) сыртқа шығып бара жатып: «Ең үлкен қасірет – Алла елшісінің (с.а.с.) сол жазбаны жазуына кедергі болғаны», – деді.1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 83, «Илм», 39, «Жиһад», 176, «Жизия», 6, «Иғтисам», 26. Мүслим, «Уасия», 22 (1637).
5407
Кутуб ситтә, № 5407 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا حُضِرَ النَّبِيُّ ﷺ جَعَلَ يَتَغَشَّاهُ الْكَرْبُ، فَقَالَتْ فَاطِمَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: وَاكَرْبَ أَبَاهُ! فَقَالَ لَهَا: لَيْسَ عَلَى أَبِيكِ كَرْبٌ بَعْدَ الْيَوْمِ. فَلَمَّا مَاتَ قَالَتْ: يَا أَبَتَاهُ، أَجَابَ رَبًّا دَعَاهُ! يَا أَبَتَاهُ، مَنْ جَنَّةُ الْفِرْدَوْسِ مَأْوَاهُ! يَا أَبَتَاهُ، إِلَى جِبْرِيلَ نَنْعَاهُ! فَلَمَّا دُفِنَ قَالَتْ: يَا أَنَسُ، كَيْفَ طَابَتْ أَنْفُسُكُمْ أَنْ تَحْثُوا عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ التُّرَابَ؟». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) ажалы таяғанда, жан азабы күшейе берді. Фатима (р.а.): “Әкешім-ай, неткен ауыр азап!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Бүгіннен кейін әкең қиналмайды”, – деді. Ол қайтыс болғанда, Фатима: “Әкешім-ай, Раббысы шақырғанда, шақыруына үн қатты! Әкешім-ай, мекені – Фирдаус жәннаты! Әкешім-ай, қазаңды Жәбірейілге естіртеміз!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) жерленгенде: “Әнәс, Алла елшісінің (с.а.с.) үстіне топырақ салуға қалай дәттерің барды?” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 83 (4462). Нәсәи, «Жанаиз», 13 (4/13). Ибн Мәжа, «Жанаиз», 65 (1629).
5408
Кутуб ситтә, № 5408 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَرَّ الْعَبَّاسُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِمَجْلِسٍ فِيهِ قَوْمٌ مِنَ الْأَنْصَارِ يَبْكُونَ حِينَ اشْتَدَّ بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَجَعُهُ، فَقَالَ: مَا يُبْكِيكُمْ؟ قَالُوا: ذَكَرْنَا مَجْلِسَنَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَدَخَلَ الْعَبَّاسُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَخْبَرَهُ، فَعَصَبَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَأْسَهُ بِعِصَابَةٍ دَسْمَاءَ، أَوْ قَالَ: بِحَاشِيَةِ بُرْدٍ، وَخَرَجَ فَصَعِدَ الْمِنْبَرَ وَخَطَبَ النَّاسَ، وَأَثْنَى عَلَى الْأَنْصَارِ خَيْرًا وَأَوْصَى بِهِمْ، فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ خَيَّرَ عَبْدًا بَيْنَ الدُّنْيَا وَبَيْنَ مَا عِنْدَهُ، فَاخْتَارَ مَا عِنْدَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةِ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ عِنْدَ الْبُخَارِيِّ: «فَبَكَى أَبُو بَكْرٍ وَقَالَ: فَدَيْنَاكَ بِآبَائِنَا وَأُمَّهَاتِنَا. فَعَجِبْنَا لَهُ، وَقَالَ النَّاسُ: انْظُرُوا إِلَى هَذَا الشَّيْخِ، يُخْبِرُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ عَبْدٍ خَيَّرَهُ اللَّهُ بَيْنَ أَنْ يُؤْتِيَهُ مِنْ زَهْرَةِ الدُّنْيَا وَبَيْنَ مَا عِنْدَهُ، وَهُوَ يَقُولُ: فَدَيْنَاكَ بِآبَائِنَا وَأُمَّهَاتِنَا. فَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ هُوَ الْمُخَيَّرَ، وَكَانَ أَبُو بَكْرٍ هُوَ أَعْلَمَنَا بِهِ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) тағы былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты меңдегенде, Алла елшісінің көкесі Аббас (р.а.) бір жиынның жанынан өтіп бара жатып, ондағы бір топ ансардың жылап отырғанын көрді. “Неге жылайсыңдар?” – деп сұрады. Олар: “Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырған кездеріміз есімізге түсті”, – деді. Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдына кіріп, көргенін айтты. Алла елшісі (с.а.с.) басына қара сұр орамал байлады. Рауи шапанның шетімен байлады деп те жеткізеді. Содан соң сыртқа шығып, мінберге көтерілді. Жұртқа сөз сөйлеп, ансарларды мақтады, оларға жақсы қарауды өсиет етті. Сөзін жалғап: “Алла бір құлына осы дүние мен Өз құзырындағының бірін таңдауға ерік берді. Ол Алланың құзырындағыны таңдады”, – деді». Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) Бұхариде келген риуаятында былай делінеді: «Сонда Әбу Бәкір жылап: “Әке-шешеміз сіз үшін құрбан болсын!” – деді. Біз бұған таңғалдық. Жұрт: “Мына қарияға қараңдаршы! Алла елшісі (с.а.с.) Алла бір құлына дүниенің қызығы мен Өз құзырындағының бірін таңдауға ерік бергенін айтып тұр. Ал ол: ‘Әке-шешеміз сіз үшін құрбан болсын!’ – дейді”, – десті. Сөйтсек, таңдау еркі берілген құл Алла елшісінің (с.а.с.) өзі екен. Мұны арамызда ең жақсы түсінген Әбу Бәкір (р.а.) еді».1

Түсіндірме

Жоғарыдағы сегіз хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаттануы мен дүниеден өтуі баяндалады. Пайғамбарымыздың дүниемен қоштасуға әзірленген осы соңғы күндері, яғни сырқаты басталғаннан ақтық демі үзілгенге дейінгі оқиғалар кітабымызда тұтас қамтылмады. Сондықтан хадистерде келтірілмеген кейбір деректерді қоса отырып, сол күндерді ретімен баяндаймыз.

Мәдинаға һижреттің он бірінші жылы, сафар айының он сегізінен он тоғызына қараған сәрсенбіден бейсенбіге өтер түні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаның сыртына шығып, қараңғыда Бақи қорымын зиярат етті. Қабірдегілерге сәлем беріп, Алладан оларға кешірім тіледі. Сөзін: «Иншалла, жақында біз де сендердің араларыңа қосыламыз», – деп аяқтап, кері қайтты. Тірілермен қоштасқанындай, дүниеден өткендермен де қоштасты. Сол жерден бірден жұбайы Маймунаның (р.а.) үйіне барды.

Үйге келгенде бойындағы өзгерісті сезді. Бұл соңғы сырқатының алғашқы белгісі еді. Ажалға алып баратын қызбаға шалдыққан екен. Содан былай қызуы жиі көтеріліп, араға көп уақыт салмай қайта-қайта ұстай бастады.

Сырқаты басталғанда, жан досы Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Рұқсат етсеңіз, айыққанша сізге қызмет етейін», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның өтінішін қабылдамай: «Уа, Әбу Бәкір, осы күндері маған үй ішім қызмет етсе, олардың жан азабы арта түседі. Алла саған сауабын жазсын», – деді.

Сырқатының алғашқы бес күнін әдеттегідей жұбайларының жанында кезекпен өткізді. Дүйсенбіде сырқаты асқынғанда, жанында болған кездерде өзіне Алладан уахи түсіп жүрген Айшаның (р.а.) бөлмесінде қалуға басқа жұбайларынан рұқсат сұрады. Көңілдеріне тимесін деп, мұны ашық айтпай: «Ертең қай үйде, кімнің жанында боламын?» – деп сұрап жүрді. Жұбайлары оның қалауын түсініп: «Қалаған жеріңізде болыңыз», – деді. Бәрі де Айшаның (р.а.) бөлмесінде қалуына келісім берді.

Қызудан қатты әлсіреп, дәрмені қалмаған еді. Әли мен Аббас (р.а.) оны екі қолтығынан демеп, Айшаның (р.а.) бөлмесіне жеткізді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ақтық демі үзілгенше сонда болды. Бойы жеңілдеп, әл кірген кездері мешітке барып, жамағатқа намаз оқытты. Дүниеден өтуіне үш күн қалғанға дейін шамасы келген сайын намазға шықты. Жамағатқа өзі оқытқан соңғы намаз бейсенбі күнгі ақшам намазы еді. Басы қатты ауырғандықтан, орамал байлап шықты. Намазда «Мурсалат» сүресін оқыды.

Намаздан соң Айшаның (р.а.) бөлмесіне оралды. Әл-дәрмені құрып, жамағатқа имамдық ете алмайтын күйге жетті. Құптан уақыты кіргенде, Біләл Хабаши (р.а.) әдеттегідей бөлме алдына келіп: «Уа, Алла елшісі! Намаз уақыты кірді», – деді.

Алла елшісі (с.а.с.): «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. «Жоқ, сізді күтіп отыр», – деді жанындағылар. Мұны естігенде: «Жуынсам, бойым жеңілдер. Шылапшынға су дайындаңдаршы», – деді. Су дайын болғанда, отырып жуынды.

Мешітке бармақ болып түрегелгенде, төсекке құлап, есінен танып қалды. Есін жиған соң қайтадан: «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. «Жоқ, уа, Алла елшісі, олар сізді күтіп отыр», – деді жанындағылар.

Алла елшісі (с.а.с.) тағы да су дайындатып, салқын сумен жуынды. Мешітке бару үшін орнынан тұрғанда, тағы да есінен танып құлады. Есін жиған соң: «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. Жанындағылар жамағаттың әлі намаз оқымай, өзін күтіп отырғанын айтты. Қайта су дайындатып, отырып салқын сумен жуынды. Мешітке бармақ болып түрегелгенде, есінен тағы танды.

Төртінші рет есін жиғанда да сол жағдай қайталанды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деді. Айша (р.а.) әкесінің жүрегі жұмсақ, көңілі бос кісі екенін білетін. Сондықтан Алла елшісінің орнына тұрып, намаз оқыта алмас деп ойлап, ол міндеттің әкесіне жүктелмеуін қалады. «Уа, Алла елшісі! Әбу Бәкір – жүрегі жұмсақ адам. Құран оқыса, жылап жібереді. Сіздің орныңызға тұрып, намаз оқыта алмас», – деді. Кей риуаяттарда Айшаның бұл сөзді Хафсаға айтқызғаны баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.): «Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деп тапсырмасын қайталады. Олар да уәждерін қайта айтты. Сонда ол сәл ренжіп: «Сендер Жүсіптің қасындағы әйелдер секілдісіңдер. Қане, Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деді.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл ісімен мұсылмандарға кейін билік пен кімнің оған лайықты екені туралы мәселе туғанда, ақиқаттың қай жағында екенін аңғартқысы келген еді. Ол көзі тірісінде Әбу Бәкірді намаз сияқты аса маңызды діни міндетте мұсылмандарға имам етті. Оның артында өзі де намаз оқымақ еді. Осылайша әр мәселеде сүннетке сүйенетін әһлі сүннет уәл-жамағатқа халифалыққа Әбу Бәкірдің лайығырақ екеніне сүннеттен дәлел қалдырды.

Жанындағылар Алла елшісінің (с.а.с.) тапсырмасымен Әбу Бәкірге барып, жамағатқа имамдық етуді бұйырғанын жеткізді. Ол жұмаға қараған түнгі құптаннан дүйсенбі күнгі таң намазына дейін Алла елшісінің (с.а.с.) өкілі ретінде жамағатқа он жеті уақыт намаз оқытты.

Әбу Бәкір (р.а.) жамағатқа намаз оқытып жүрген күндердің бірінде Алла елшісі (с.а.с.) түс кезінде бойы сәл жеңілдегенін сезді. Риуаяттарда бұл оның дүниеден өтуінен бес күн бұрынғы бесін немесе екінді кезі екені айтылады2. Сонда: «Айша, жеті құдықтан жеті торсыққа су толтыртып, аузын байлаған күйі әкелсін. Суды үстіме құйыңдар. Бәлкім, сырқатым жеңілдеп, жұртқа насихат айта алармын», – деді. Суды айтқанындай әкелді. Оны Хафсаның (р.а.) шылапшынына отырғызып, үстіне су құя бастады. Біраздан соң ол қолымен жеткілікті деген ишара жасады.

Жуынып, біраз сергіген соң, Әли мен Фазл ибн Аббас (р.а.) оны екі қолтығынан демеп мешітке алып барды. Әлсіздіктен аяқтары жер сыза басып келе жатты. Әбу Бәкір (р.а.) намазды бастап кеткен еді. Алла елшісінің (с.а.с.) келгенін сезіп, имамдық орнын бермек болып кейін шегіне берді. Алла елшісі (с.а.с.) орнында қала беруін ишаралап, өзін Әбу Бәкірдің сол жағына отырғызуды тапсырды. Отырған күйі имамдық етті де, Әбу Бәкір оқып жатқан сүрені тоқтаған жерінен жалғады. Әбу Бәкір Алла елшісіне (с.а.с.), ал жамағат Әбу Бәкірге ұйыды. Әбу Бәкір тәкбірлерді жамағатқа естіртіп тұрды.

Намаз біткен соң, Алла елшісі (с.а.с.) мінбердің төменгі басқышына отырды. Жамағат оған барынша жақындап, тізе бүкті. Аллаға мадақ айтып, сахабаларымен бақұлдасты. Содан соң: «Уа, жұрт! Кімнің арқасынан ұрған болсам, міне, арқам, келсін де, мені ұрсын. Кімнің менен алашағы болса, келіп алсын!» – деді.

Жамағаттан бір кісі тұрып: «Уа, Алла елшісі! Бірде сіздің бұйрығыңызбен біреуге үш дирһам садақа беріп едім», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) сол ақшаны дереу өтеп берді. Сөзін жалғап: «Алла тағала бір құлына дүниенің тіршілігі мен нығметтерін немесе ақыреттің өмірі мен нығметтерін таңдауға ерік берді. Ол құл ақыреттің өмірі мен нығметтерін таңдады», – деді.

Сөздің төркінін бірден ұққан Әбу Бәкірдің (р.а.) көңілі босап, жылап жіберді. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Әбу Бәкір, жылама! Достығы мен дүние-мүлкі жағынан маған ең көп жақсылық жасаған кісі – Әбу Бәкір. Үмбетімнен біреуді жан досым етіп таңдар болсам, Әбу Бәкірді таңдар едім. Ислам бауырластығы бәрімізді жақындастырды. Ол туыстықтан да берік байланыс. Мешітке ашылатын есіктердің бәрі жабылсын. Әбу Бәкірдің есігі ашық қалсын!» – деді.

Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өтерінен төрт күн бұрын, сәрсенбіде, жанында бірқатар беделді сахаба отырған кезде, кейін тууы мүмкін даулардың алдын алу үшін өсиет жаздырғысы келді. «Маған жазу құралын әкеліңдер. Менен кейін жолдан таймауларың үшін сендерге өсиет жаздырайын», – деді. Баста Омар (р.а.) бар бірқатар сахаба: «Алла елшісінің сырқаты меңдеп тұр. Қолымызда Құран бар. Бізге Алланың кітабы жеткілікті», – деп, өсиет жаздырудың қажеті жоқ деп білді. Жиналғандар екі пікірге бөлінді. Бірі: «Жазу құралын әкелейік, өсиетін жазсын», – десе, екіншісі: «Бізге Құран жеткілікті», – деді. Дауыс көбейіп, сөз таласы күшейгенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Қане, тұрыңдар! Алла елшісінің алдында дауласпаңдар. Мені оңаша қалдырыңдар. Қазір Раббыма қайтуға қамданып, ойымды Оған бұрған күйім сендер мені айналыстырмақ болған істен қайырлы», – деді. Сөйтіп өсиет жаздырмай, мына үш өсиетті ауызша айтты:

1) Араб түбегінде мұсылман еместерді қалдырмаңдар.

2) Қауымдар мен тайпалар жіберген елшілер мен делегацияларға жақсы қараңдар, сый-сияпат көрсетуді естен шығармаңдар.

3) Риуаятты жеткізген Ибн Аббас үшінші өсиетті ұмытып қалғанын айтады. Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы сөзі намаздарды уақытында оқу жөнінде болғаны айтылады.

Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты бірде жеңілдеп, бірде асқынып отырды.

Сенбіде Жәбірейіл (а.с.) келіп, халін сұрады. Жексенбіде тағы келіп, жағдайын білген соң, өзін пайғамбар деп жариялаған Әсуад әл-Ансидің қаза тапқанын жеткізді. Кейін жеткен хабарлар мұны растады.

Алла елшісі (с.а.с.) Усаманың (р.а.) қолбасшылығымен Сирияға аттандырмақ болған әскер Пайғамбардың сырқаты күшейгендіктен сенбіде де, жексенбіде де жолға шықпады. Усама келіп, оның халін біліп тұрды.

Жексенбіде сырқаты әбден меңдегенде, жұбайлары Аббаспен (р.а.) ақылдасып, зәтулжәнбке қарсы дәрі бермек болды. Алла елшісі (с.а.с.) дәріден бас тартты. «Дәріні ішіңіз, зәтулжәнбке ем болады», – десе де, көнбеді. Есінен танған сәтте дәріні аузына құйды. Есін жиғанда, дәрі ішкізгендерін сезіп: «Мен зәтулжәнбпен ауырған жоқпын. Менің емім басқа. Сол дәріден өздерің де ішесіңдер», – деді де, сол жердегілерге жаза ретінде дәріден ішкізді. Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты қызбадан болғандықтан, салқын сумен жуынғанда ыстығы басылып, бойы сәл сергитін.3

Дүниеден өткен дүйсенбі күні таңертең бойы едәуір жеңілдеді. Пердені ашып, мешітке қарады. Жамағат қаз-қатар сап түзеп, таң намазын оқып жатыр екен. Оларды көріп, қатты қуанды. Қуанышы жүзінен де, үнінен де білінді. Бойына сәл әл кіргенде, мешітке барғысы келіп, ішке өтті. Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) келгенін сезіп, имамдық орнын бермек болды. Алла елшісі (с.а.с.) оған орнында қала беруін ишаралады. Бұл жолы таң намазын Әбу Бәкірге ұйып, отырып оқыды.

Намаздан соң Айшаның (р.а.) бөлмесіне қайтты. Пердені түсірмек болғанда, дәрмені жетпей, жанындағылар түсіріп берді.

Алла елшісінің (с.а.с.) қатарларына қосылғанын көрген жамағат оны айықты деп қуанды. Тіпті Әбу Бәкір (р.а.) рұқсат сұрап, Мәдина маңындағы Сунхта тұрған үйіне кетті. Бірақ бұл кей адамның ақтық демі үзілер алдында бой жазып қалатынындай өткінші жеңілдік еді. Түстен кейін сырқаты меңдеп, есінен жиі тана бастады. Әкесінің қиналғанына шыдамаған Фатима (р.а.): «Әкешім-ай, неткен ауыр азап! Әкешім-ай, шақырған Раббысының шақыруына үн қатқан әкешім! Мекені Фирдаус жәннаты болған әкешім! Қазаңды Жәбірейілге естіртеміз, әкешім!» – деп күңіренді. Алла елшісі (с.а.с.): «Қызым, бүгіннен кейін әкең қиналмайды», – деп жұбатты.

Сол кезде Айшаның (р.а.) бауыры Абдуррахман қолына мисуак ұстап кірді. Басын Айшаның кеудесіне сүйеген Алла елшісінің (с.а.с.) назары мисуакқа түсті. Мұны байқаған Айша мисуакты Абдуррахманнан алып, ұшын тісімен шайнап жұмсартып, Алла елшісінің қолына берді. Ол мисуакпен тісін тазалады.

Сол кезде Усама (р.а.) кірді. Оны көрген Алла елшісі (с.а.с.): «Алланың берекесімен енді жолға шық!» – деді. Усама дереу Мәдина сыртындағы әскеріне барып, аттануға бұйрық берді. Сол сәтте Алла елшісінің (с.а.с.) қайтыс болғаны туралы хабар жетті. Усама әскерді тоқтатты.

Дүйсенбі күні түстен кейін Алла елшісінің (с.а.с.) халі ауырлап, тынысы тарылды. Бойы бір сәт жеңілдегенде, құлдарға жақсы қарауды, намазға салғырт болмауды өсиет етті.

Алла елшісі (с.а.с.) қасындағы тостағанға әлсін-әлсін қолын малып, жүзін сулап отырды. «Лә иләһа иллаллаһ», – деп, аяттар оқып, дұға етті. Оқыған аяттарының бірі – وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَأُولَٰئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ مِنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ ۚ وَحَسُنَ أُولَٰئِكَ رَفِيقًا «Кімде-кім Аллаға және расулына тиісінше бойсұнса, міне, солар Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші!»4

Оның оқыған дұғаларының бірі мынау еді: «Лә иләһа иллаллаһ, лә иләһа иллаллаһ, лә иләһа иллаллаһ. Өлімнің де өз ауыртпалығы, жанды есеңгіретер азабы бар. Уа, Раббым, өлімнің азабын тартқан шағымда маған жәрдем бер. Уа, Раббым, мені кешір! Уа, Раббым, мені кешір!»

Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак жүзі бірде сарғайып, бірде қызарды. Ақыры тынысы тарылып, қимылы ауырлады. Қолын көтеріп, мүбәрак саусағымен көкті нұсқап, үш мәрте: «Рафиқ ағлаға, ұлық әрі мәртебесі биік Досқа, мені Рафиқ ағлаға жеткіз», – деді. Бұл оның соңғы сөзі еді. Қолы сылқ түсіп, қимылсыз қалды. Ашық қалған көзі төбеге қарады. Мүбәрак рухы өзі қалаған ең ұлық Досына, Рахымды Раббысына қауышты. Аллаһумма салли уә сәллим уә бәрик ала сәйидинә Мұхаммадин уә ала әли сәйидинә Мұхаммадин би-адади сәуаби умматиһи уә би-адади зарратил-каинат. (Уа, Алла! Пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның әулетіне үмбетінің сауаптары мен ғалам бөлшектерінің санындай салауат, сәлем және береке нәсіп ет!)

Барлық пәни жан секілді Алла елшісі (с.а.с.) де дүниеден өтті. Артында исламды өркениетті дүниенің төрт бұрышына жеткізер ізгі жамағат – сахабалар қалды. Олар Құран мен сүннет жолында ештеңесін аямады. Сүннеттің бір сөзін, тіпті бір әрпін анықтау үшін бір айлық машақатты сапардан тайынбады. Бір ғана хадиске қатысты күмәнін сейілту үшін Мәдинадан Мысырға дейін барды. Алла елшісінің (с.а.с.) көңілі тоқ еді. Ол Раббысы жүктеген дінді жеткізу міндетін толық атқарып, соның есебін беруге әзір болды.

Раббымыз бізді оның шапағатынан мақұрым етпесін, шариғатынан айырмасын, сүннетінен ажыратпасын. Әумин.

  1. 1Бұхари, «Салат», 80 (466), «Фадаил асхаб ән-нәби», 3 (3654). Аббас пен Әбу Бәкірдің ансарлармен кездесуі және ансарлар туралы құтпа Бұхаридің «Мәнәқиб әл-ансар» тарауында (3799–3800) келтірілген. Жинақтың арабша мәтінінде Тирмизи аталған. Әбу Бәкірдің сөздері мен жұрттың жауабы Бұхаридің №3904 риуаятында Әбу Сағид әл-Худриден жеткен.
  2. 2Ибн Хажар риуаяттарда бесін мен екінді уақыттарының қатар аталуын осы оқиғаның екі бөлек күні қайталанғанымен түсіндіреді. Бірі бесінге, екіншісі екіндіге тура келген.
  3. 3Кітабымыздың медицинаға арналған бөлімінде қызуды түсіру үшін салқын су қолдану қазіргі медицинада да кездесетінін айттық (11-том, 228-бет). (Ибраһим Жанан.).
  4. 4«Ниса» сүресі, 69-аят.