وَلَهُ فِي أُخْرَى: «لَمَّا افْتُتِحَتْ خَيْبَرُ سَأَلَتْ يَهُودُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُقِرَّهُمْ فِيهَا عَلَى أَنْ يَعْمَلُوا عَلَى نِصْفِ مَا خَرَجَ مِنْهَا مِنَ الثَّمَرِ وَالزَّرْعِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أُقِرُّكُمْ فِيهَا عَلَى ذَلِكَ مَا شِئْنَا. فَكَانَ الثَّمَرُ يُقْسَمُ عَلَى السُّهْمَانِ مِنْ نِصْفِ خَيْبَرَ، فَيَأْخُذُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْخُمُسَ».
Мүслимнің тағы бір риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбарды алған кезде, яһудилер өздері өңдеген жерден шығатын жеміс пен егін өнімінің жартысын беру шартымен сонда қалуды өтінді. Алла елшісі (с.а.с.): “Осы шартпен сендерді өзіміз қалаған мерзімге қалдырамыз”, – деді. Хайбар жемісінің жартысы тиісті үлестерге бөлінді. Алла елшісі (с.а.с.) соның бестен бірін алатын».1
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы үш хадис те Хайбар жеріне қатысты.
Хайбар – Мәдина мен Шамның арасында, Мәдинадан тоғыз қонақтық жерде жатқан, суы мол, егінге қолайлы шұрат. Алла елшісінің (с.а.с.) заманында онда яһудилер тұрған. Мәдинада тұрақтай алмаған кейбір яһуди тайпалары да осында көшіп келіп, олардың санын көбейткен.
Пайғамбар (с.а.с.) Меккені алуға әзірленіп, Хұдайбия бітімінен кейін Хайбардан төнген қатерді жоюға кірісті. Мәдинаның іргесінде исламға қарсы, дәулетті әрі қарулы қауымның отыруы елеулі қатер еді. Саяси бітіммен де бұл қатерді сейілтуге болар еді. Бірақ олардың Ор шайқасы кезіндегі опасыздығы сын сағатта достығына сенім артуға болмайтынын көрсетті. Сондықтан қатер ошағын жойып, экономикалық қуатын әлсірету, қаруын тартып алып, қайта зиян келтіре алмайтындай ету қажет болды. Алла елшісі (с.а.с.) саяси көрегендік танытып, алдымен Хұдайбияда бітім жасасу арқылы меккеліктердің Хайбар жұртымен одақтасуына жол бермеді.
Бітімнің меккеліктер қойған талаптары мұсылмандарға ауыр көрініп, Омар бастаған сахабалар бұған наразы болған еді. Соған қарамастан, Хұдайбия бітімін жасаудың түпкі мақсаты Хайбарды алуға қолайлы саяси жағдай туғызу болған шығар. Өйткені негізгі мақсат – Меккені алу үшін әуелі осы қатердің көзін жою керек еді. Ислам әскері Мәдинадан алыстаса, Хайбар елеулі қауіп төндірер еді. Һижраның алтыншы жылы аяқталып, жетінші жылы мұсылман әскері Хайбарға аттанды. Қамалдар қоршауға алынып, бірнеше күнге созылған қарсылықтан кейін хайбарлықтар бітім шарттарын қабылдауға мәжбүр болды. Байлығы мен қару-жарағы алынды. Өз жерінде егінші болып қалып, өнімнің жартысын мұсылмандарға беретін болды. Қанша уақыт қалатыны мұсылмандардың қалауына байланысты еді. Олар Алла елшісі (с.а.с.) мен Әбу Бәкірдің (р.а.) тұсында сонда қалды. Омар (р.а.) бұрын жасалған келісімнің шартына сүйеніп, Хайбар яһудилерін Тәймаға көшірді. Автор Тәйманы Мәдинадан жеті-сегіз қонақтық, Құдыстан атпен бір күндік жердегі, Иорданияның шығысындағы тік жолмен көтерілетін таулы мекен деп сипаттайды. Алла елшісінің (с.а.с.) өлер алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі яһудилер мен христиандарды Араб түбегінен көшіру еді. Омардың оларды Тәймаға көшіруі хадистегі «Араб түбегі» дегенде Хижаз меңзелгенін аңғартады. Тәйма Араб түбегіне кіргенімен, Хижазға кірмейді.
2. Ислам ғалымдары Хайбар жерінің құқықтық мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтқан. Бұл жер бітіммен алынды ма, соғыспен алынды ма?
• Бірі соғыспен алынды деген.
• Бірі бітіммен алынды деген.
• Бірі тұрғындары тастап кеткендіктен, соғыссыз алынды деген.
• Бір бөлігі соғыспен, бір бөлігі бітіммен, тағы бір бөлігі тұрғындары шегінгенде алынды дегендер де бар.
Осы пікірлердің әрқайсысын қуаттайтын риуаят бар. Ғалымдар олардың қайсысына сүйену керектігі жөнінде келіспегендіктен, әртүрлі қорытындыға келген.
Мусақат пен музарағаны рұқсат санаған ғалымдардың ең күшті дәлелі – осы риуаяттар. Оларда Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар жұртымен өнімнің жартысын соларға қалдыруға келіскені айтылады. Жеміс өнімін бөлісу келісімі «мусақат», егін өнімін бөлісу келісімі «музараға» деп аталады.
Имам Шафиғи, имам Мәлик, Ахмет ибн Ханбал, Ләйс ибн Сағд, Суфиян әс-Сәури секілді фақиһтар, хадис ғалымдары, заһирилер және фақиһтардың көпшілігі мусақатқа рұқсат деген.
Имам Ағзам мен Зуфардың пікірінше, мусақатқа да, музарағаға да рұқсат жоқ. Әбу Ханифа хадисте аталған уағдаластықты Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар халқына жасаған жақсылығы деп түсіндірген. Оның пікірінше, Хайбар соғыс олжасы ретінде алынғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) яһудилерге ештеңе бермеуіне де болатын еді.
Демек, оларды өнімнің жартысын алу шартымен өз жерінде қалдыру – көрсетілген жеңілдік. Мұны «хараж муқасама» деп атайды. «Хараж таузиф» сияқты, мұндай салыққа да рұқсат бар.
Хараж муқасама – мұсылман билеушісінің өнімнің үштен бірі, төрттен бірі не оннан бірі секілді белгілі бір үлесін салыққа алып, жерді иелеріне қалдыруы. Бұл тәртіп жер иелерін қорғайды. Салық өнімге байланысты, ал өнім шықпаса, салық та алынбайды. Автор бұл салықты өзге дін өкілдерінен алынатын жизияның орнына жүрген деп түсіндіреді. Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкірдің (р.а.) және Омардың (р.а.) тұсында яһудилерден бұған қосымша жизия алынғаны риуаяттарда айтылмайды. Демек, «бұл салық жизия орнына жүрген, әйтпесе жизия бөлек алынар еді» деген пікір бар. Бұл жағдай Имам Ағзамның түсіндіруін қуаттайды.
Хараж муаззаф – зиммилердің егінге жарамды жерінің әр дөнүмінен бір сағ өнім және бір дирһам мөлшерінде алынатын салық.
Мусақатқа рұқсат берген ғалымдар оның қандай жеміс ағаштарына қолданылатыны жөнінде келіспеген.
• Имам Шафиғи оны құрма мен жүзімге ғана қолданған.
• Имам Мәлик оны ағаштың барлық түріне қолданған.
• Дәуіт әз-Заһири оны тек құрмаға қолданған.
Имам Шафиғи мен бірқатар ғалым жеке жасалатын музарағаға рұқсат бермегенімен, оны мусақатқа қоса жасауға болады деген. Имам Мәлик музарағаға бөлек те, мусақатқа қосымша түрінде де рұқсат бермеген. Ханафилерден Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед, Куфаның өзге ғалымдары, хадисшілер, Ибн Әбу Ләйла, имам Ахмет, Ибн Шубрума және бірқатар ғалым музараға мен мусақатты бірге де, бөлек те жасауға болады деген. Имам Нәуауи: «Айқын әрі басым саналатын пікір – осы», – дейді.
3. Заһирилер хадистегі «Сендерді өзіміз қалаған мерзімге дейін осында қалдырамыз» деген сөзге сүйеніп, мусақат пен музарағаны мерзімін белгілемей-ақ жасауға болады деген. Ғалымдардың көпшілігі мусақатты жалдау шарты секілді белгілі бір мерзімге ғана жасауға рұқсат деген. Олардың түсіндіруінше, Хайбар яһудилеріне берілген мүмкіндік – жасалған жақсылық.
Мусақат келісімінде жерді қолға алған адам жыл сайын атқарылатын жұмысқа жауап береді. Оған ағашты суару, бұтау, телу, түбін аршу, қопсыту, жемісті қорғап, піскенде жинау және кептіру жатады. Қоршау тұрғызу, ор қазу секілді жыл сайын жасала бермейтін жұмыстар мүлік иесінің міндетінде.
4. Соғыспен алынған жерге қатысты да ғалымдардың пікірі әртүрлі.
• Имам Ағзам мен Куфа ғалымдары мұны билеушінің еркіне қалдырған. Ол жағдайға қарай жерді жорыққа қатысқан әскерге бөліп бере алады немесе иелеріне қалдырып, олардан хараж салығын алады.
• Мәликилер: «Билеуші жерді мұсылмандардың игілігіне уақып етеді. Мысалы, Омар (р.а.) Ирак жерін уақып еткен», – деген.
• Нәуауидің айтуынша, Хайбар яһудилерімен келісім олжа әскерге бөлініп берілгеннен кейін, сол әскердің келісімімен жасалған.
- 1Мүслим, «Мусақат», 4 (1551d).