Хадис

МУЗАРАҒА БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 866-тарау · 6 хадис · № 5379–5384

МУЗАРАҒА БӨЛІМІ

Хадистер

Музараға – егіншіліктегі серіктестік келісімі. Бір тарап жерін, екінші тарап еңбегін қосады. Екеуі алынған өнімді алдын ала келіскен үлеспен бөліседі. Әр тараптың үлесі өнімнің жартысы, үштен бірі не үштен екісі түрінде күні бұрын белгіленеді. Төмендегі хадистерден көрінгендей, бұл – сүннетте негізі бар, шариғатта рұқсат етілген келісім. Музараға келісімін «мухабара» немесе «муақала» деп те атайды.

Музараға келісімінің төрт тірегі бар: егістік, тұқым, еңбек және егінге жегілетін мал не қолданылатын техника. Серіктестердің өнімнен алатын үлесі осының бірін не бірнешеуін қосуына қарай өзгеріп отырады.

• Мысалы, жер мен тұқымды бір тарап, еңбек пен жегін малын немесе техниканы екінші тарап ұсынуы мүмкін.

• Жерді, тұқымды және жегін малын бір тарап беріп, еңбекті екінші тарап атқаруы мүмкін.

• Бір тарап жер беріп, екінші тарап еңбекті, тұқымды және жегін малын қосуы мүмкін.

Келісім осы үш түрде де жарамды.

Музараға келісімі жарамды болуы үшін сегіз шарт орындалуы керек.

1) Келісушілер мәміле жасауға қабілетті, ақыл-есі дұрыс болуы керек. Балиғатқа толмаған бала да қамқоршысының рұқсатымен осындай келісім жасай алады.

2) Егін егуге қолайлы мерзім көрсетілуі керек. Мысалы, бір жыл не екі жыл.

3) Тұқымды қай тарап беретіні көрсетілуі керек.

4) Қандай дақыл егілетіні көрсетілуі керек.

5) Келісушілердің әрқайсысының бүкіл өнімнен алатын үлесі жартысы, үштен бірі секілді ортақ үлеспен көрсетілуі керек. Үлес осылай анықталмаса немесе өнімнің орнына басқа нәрсе беру шарт етілсе, келісімге рұқсат жоқ.

6) Жер егін егуге жарамды болуы керек.

7) Егістік оны өңдейтін адамның қолына тапсырылуы керек.

8) Өнім келісушілерге ортақ болуы керек. Бұл мәселенің егжей-тегжейін фиқһ кітаптарының тиісті тарауларынан қараған жөн.

Музарағаға рұқсат

5379
Кутуб ситтә, № 5379 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَعْطَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خَيْبَرَ بِشَطْرِ مَا يَخْرُجُ مِنْهَا مِنْ ثَمَرٍ أَوْ زَرْعٍ، فَكَانَ يُعْطِي أَزْوَاجَهُ كُلَّ سَنَةٍ مِائَةَ وَسْقٍ، ثَمَانِينَ وَسْقًا مِنْ تَمْرٍ وَعِشْرِينَ وَسْقًا مِنْ شَعِيرٍ. فَلَمَّا وَلِيَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَسَمَ خَيْبَرَ، وَخَيَّرَ أَزْوَاجَ النَّبِيِّ ﷺ أَنْ يُقْطِعَ لَهُنَّ الْأَرْضَ وَالْمَاءَ، أَوْ يَضْمَنَ لَهُنَّ الْأَوْسَاقَ فِي كُلِّ عَامٍ، فَاخْتَلَفْنَ. فَمِنْهُنَّ مَنِ اخْتَارَتِ الْأَرْضَ وَالْمَاءَ، وَمِنْهُنَّ مَنِ اخْتَارَتِ الْأَوْسَاقَ، وَكَانَتْ عَائِشَةُ وَحَفْصَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا مِمَّنِ اخْتَارَ الْأَرْضَ وَالْمَاءَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар жерін жеміс пен егін өнімінің жартысын алу шартымен жергілікті жұртқа берді. Жұбайларына жыл сайын жүз уасқ өнім, яғни сексен уасқ кепкен құрма, жиырма уасқ арпа беретін. Омар (р.а.) билікке келгенде Хайбарды бөліп, Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайларына жер мен судан үлес алу немесе бұрынғыдай жыл сайын өнім алу мүмкіндігін ұсынды. Бірі жер мен суды, бірі өнімді таңдады. Айша мен Хафса (р.а.) жер мен суды таңдағандардың қатарында еді».1

  1. 1Бұхари, «Музараға», 8, 9, 11 (2328), «Ижара», 22, «Ширкат», 11, «Шурут», 5, «Мағази», 40. Мүслим, «Мусақат», 2 (1551). Әбу Дәуіт, «Сауда», 35. Тирмизи, «Ахкам», 41 (1383). Нәсәи, «Музараға», 46 (7/53).
5380
Кутуб ситтә, № 5380 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ: «أَنَّهُ دَفَعَ إِلَى يَهُودِ خَيْبَرَ نَخْلَ خَيْبَرَ وَأَرْضَهَا عَلَى أَنْ يَعْتَمِلُوهَا مِنْ أَمْوَالِهِمْ، وَلِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ شَطْرُ ثَمَرِهَا».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің бір риуаятында: «Пайғамбар (с.а.с.) Хайбардың құрма бағы мен жерін жергілікті яһудилерге берді. Олар жерді өз қаражатымен өңдеуге, ал жемістің жартысын Алла елшісіне (с.а.с.) беруге міндеттенді», – делінген.1

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 5 (1551e).
5381
Кутуб ситтә, № 5381 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ فِي أُخْرَى: «لَمَّا افْتُتِحَتْ خَيْبَرُ سَأَلَتْ يَهُودُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُقِرَّهُمْ فِيهَا عَلَى أَنْ يَعْمَلُوا عَلَى نِصْفِ مَا خَرَجَ مِنْهَا مِنَ الثَّمَرِ وَالزَّرْعِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أُقِرُّكُمْ فِيهَا عَلَى ذَلِكَ مَا شِئْنَا. فَكَانَ الثَّمَرُ يُقْسَمُ عَلَى السُّهْمَانِ مِنْ نِصْفِ خَيْبَرَ، فَيَأْخُذُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْخُمُسَ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің тағы бір риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбарды алған кезде, яһудилер өздері өңдеген жерден шығатын жеміс пен егін өнімінің жартысын беру шартымен сонда қалуды өтінді. Алла елшісі (с.а.с.): “Осы шартпен сендерді өзіміз қалаған мерзімге қалдырамыз”, – деді. Хайбар жемісінің жартысы тиісті үлестерге бөлінді. Алла елшісі (с.а.с.) соның бестен бірін алатын».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы үш хадис те Хайбар жеріне қатысты.

Хайбар – Мәдина мен Шамның арасында, Мәдинадан тоғыз қонақтық жерде жатқан, суы мол, егінге қолайлы шұрат. Алла елшісінің (с.а.с.) заманында онда яһудилер тұрған. Мәдинада тұрақтай алмаған кейбір яһуди тайпалары да осында көшіп келіп, олардың санын көбейткен.

Пайғамбар (с.а.с.) Меккені алуға әзірленіп, Хұдайбия бітімінен кейін Хайбардан төнген қатерді жоюға кірісті. Мәдинаның іргесінде исламға қарсы, дәулетті әрі қарулы қауымның отыруы елеулі қатер еді. Саяси бітіммен де бұл қатерді сейілтуге болар еді. Бірақ олардың Ор шайқасы кезіндегі опасыздығы сын сағатта достығына сенім артуға болмайтынын көрсетті. Сондықтан қатер ошағын жойып, экономикалық қуатын әлсірету, қаруын тартып алып, қайта зиян келтіре алмайтындай ету қажет болды. Алла елшісі (с.а.с.) саяси көрегендік танытып, алдымен Хұдайбияда бітім жасасу арқылы меккеліктердің Хайбар жұртымен одақтасуына жол бермеді.

Бітімнің меккеліктер қойған талаптары мұсылмандарға ауыр көрініп, Омар бастаған сахабалар бұған наразы болған еді. Соған қарамастан, Хұдайбия бітімін жасаудың түпкі мақсаты Хайбарды алуға қолайлы саяси жағдай туғызу болған шығар. Өйткені негізгі мақсат – Меккені алу үшін әуелі осы қатердің көзін жою керек еді. Ислам әскері Мәдинадан алыстаса, Хайбар елеулі қауіп төндірер еді. Һижраның алтыншы жылы аяқталып, жетінші жылы мұсылман әскері Хайбарға аттанды. Қамалдар қоршауға алынып, бірнеше күнге созылған қарсылықтан кейін хайбарлықтар бітім шарттарын қабылдауға мәжбүр болды. Байлығы мен қару-жарағы алынды. Өз жерінде егінші болып қалып, өнімнің жартысын мұсылмандарға беретін болды. Қанша уақыт қалатыны мұсылмандардың қалауына байланысты еді. Олар Алла елшісі (с.а.с.) мен Әбу Бәкірдің (р.а.) тұсында сонда қалды. Омар (р.а.) бұрын жасалған келісімнің шартына сүйеніп, Хайбар яһудилерін Тәймаға көшірді. Автор Тәйманы Мәдинадан жеті-сегіз қонақтық, Құдыстан атпен бір күндік жердегі, Иорданияның шығысындағы тік жолмен көтерілетін таулы мекен деп сипаттайды. Алла елшісінің (с.а.с.) өлер алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі яһудилер мен христиандарды Араб түбегінен көшіру еді. Омардың оларды Тәймаға көшіруі хадистегі «Араб түбегі» дегенде Хижаз меңзелгенін аңғартады. Тәйма Араб түбегіне кіргенімен, Хижазға кірмейді.

2. Ислам ғалымдары Хайбар жерінің құқықтық мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтқан. Бұл жер бітіммен алынды ма, соғыспен алынды ма?

• Бірі соғыспен алынды деген.

• Бірі бітіммен алынды деген.

• Бірі тұрғындары тастап кеткендіктен, соғыссыз алынды деген.

• Бір бөлігі соғыспен, бір бөлігі бітіммен, тағы бір бөлігі тұрғындары шегінгенде алынды дегендер де бар.

Осы пікірлердің әрқайсысын қуаттайтын риуаят бар. Ғалымдар олардың қайсысына сүйену керектігі жөнінде келіспегендіктен, әртүрлі қорытындыға келген.

Мусақат пен музарағаны рұқсат санаған ғалымдардың ең күшті дәлелі – осы риуаяттар. Оларда Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар жұртымен өнімнің жартысын соларға қалдыруға келіскені айтылады. Жеміс өнімін бөлісу келісімі «мусақат», егін өнімін бөлісу келісімі «музараға» деп аталады.

Имам Шафиғи, имам Мәлик, Ахмет ибн Ханбал, Ләйс ибн Сағд, Суфиян әс-Сәури секілді фақиһтар, хадис ғалымдары, заһирилер және фақиһтардың көпшілігі мусақатқа рұқсат деген.

Имам Ағзам мен Зуфардың пікірінше, мусақатқа да, музарағаға да рұқсат жоқ. Әбу Ханифа хадисте аталған уағдаластықты Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар халқына жасаған жақсылығы деп түсіндірген. Оның пікірінше, Хайбар соғыс олжасы ретінде алынғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) яһудилерге ештеңе бермеуіне де болатын еді.

Демек, оларды өнімнің жартысын алу шартымен өз жерінде қалдыру – көрсетілген жеңілдік. Мұны «хараж муқасама» деп атайды. «Хараж таузиф» сияқты, мұндай салыққа да рұқсат бар.

Хараж муқасама – мұсылман билеушісінің өнімнің үштен бірі, төрттен бірі не оннан бірі секілді белгілі бір үлесін салыққа алып, жерді иелеріне қалдыруы. Бұл тәртіп жер иелерін қорғайды. Салық өнімге байланысты, ал өнім шықпаса, салық та алынбайды. Автор бұл салықты өзге дін өкілдерінен алынатын жизияның орнына жүрген деп түсіндіреді. Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкірдің (р.а.) және Омардың (р.а.) тұсында яһудилерден бұған қосымша жизия алынғаны риуаяттарда айтылмайды. Демек, «бұл салық жизия орнына жүрген, әйтпесе жизия бөлек алынар еді» деген пікір бар. Бұл жағдай Имам Ағзамның түсіндіруін қуаттайды.

Хараж муаззаф – зиммилердің егінге жарамды жерінің әр дөнүмінен бір сағ өнім және бір дирһам мөлшерінде алынатын салық.

Мусақатқа рұқсат берген ғалымдар оның қандай жеміс ағаштарына қолданылатыны жөнінде келіспеген.

• Имам Шафиғи оны құрма мен жүзімге ғана қолданған.

• Имам Мәлик оны ағаштың барлық түріне қолданған.

• Дәуіт әз-Заһири оны тек құрмаға қолданған.

Имам Шафиғи мен бірқатар ғалым жеке жасалатын музарағаға рұқсат бермегенімен, оны мусақатқа қоса жасауға болады деген. Имам Мәлик музарағаға бөлек те, мусақатқа қосымша түрінде де рұқсат бермеген. Ханафилерден Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед, Куфаның өзге ғалымдары, хадисшілер, Ибн Әбу Ләйла, имам Ахмет, Ибн Шубрума және бірқатар ғалым музараға мен мусақатты бірге де, бөлек те жасауға болады деген. Имам Нәуауи: «Айқын әрі басым саналатын пікір – осы», – дейді.

3. Заһирилер хадистегі «Сендерді өзіміз қалаған мерзімге дейін осында қалдырамыз» деген сөзге сүйеніп, мусақат пен музарағаны мерзімін белгілемей-ақ жасауға болады деген. Ғалымдардың көпшілігі мусақатты жалдау шарты секілді белгілі бір мерзімге ғана жасауға рұқсат деген. Олардың түсіндіруінше, Хайбар яһудилеріне берілген мүмкіндік – жасалған жақсылық.

Мусақат келісімінде жерді қолға алған адам жыл сайын атқарылатын жұмысқа жауап береді. Оған ағашты суару, бұтау, телу, түбін аршу, қопсыту, жемісті қорғап, піскенде жинау және кептіру жатады. Қоршау тұрғызу, ор қазу секілді жыл сайын жасала бермейтін жұмыстар мүлік иесінің міндетінде.

4. Соғыспен алынған жерге қатысты да ғалымдардың пікірі әртүрлі.

• Имам Ағзам мен Куфа ғалымдары мұны билеушінің еркіне қалдырған. Ол жағдайға қарай жерді жорыққа қатысқан әскерге бөліп бере алады немесе иелеріне қалдырып, олардан хараж салығын алады.

• Мәликилер: «Билеуші жерді мұсылмандардың игілігіне уақып етеді. Мысалы, Омар (р.а.) Ирак жерін уақып еткен», – деген.

• Нәуауидің айтуынша, Хайбар яһудилерімен келісім олжа әскерге бөлініп берілгеннен кейін, сол әскердің келісімімен жасалған.

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 4 (1551d).
5382
Кутуб ситтә, № 5382 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَتِ الْمَزَارِعُ تُكْرَى عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَنَّ لِرَبِّ الْأَرْضِ مَا عَلَى رَبِيعِ السَّاقِي مِنَ الزَّرْعِ وَطَائِفَةٌ مِنَ التِّبْنِ، لَا أَدْرِي كَمْ هُوَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ. «الرَّبِيعُ» النَّهْرُ الصَّغِيرُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында егістік мына шартпен жалға берілетін: су жүретін арық бойындағы егін мен сабанның бір бөлігі жер иесіне тиесілі болатын. Сабанның қанша екенін білмеймін».1

  1. 1Нәсәи, «Музараға», 46 (7/53).
5383
Кутуб ситтә, № 5383 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ مَالِكٍ قَالَ: «بَلَغَنِي أَنَّ عَبْدَ الرَّحْمَنِ بْنَ عَوْفٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ تَكَارَى أَرْضًا، فَلَمْ تَزَلْ فِي يَدَيْهِ حَتَّى مَاتَ. قَالَ ابْنُهُ: فَمَا كُنْتُ أُرَاهَا إِلَّا لَنَا مِنْ طُولِ مَا مَكَثَتْ فِي يَدَيْهِ، حَتَّى ذَكَرَهَا لَنَا عِنْدَ مَوْتِهِ، وَأَمَرَنَا بِقَضَاءِ شَيْءٍ كَانَ عَلَيْهِ مِنْ كِرَائِهَا ذَهَبٍ أَوْ وَرِقٍ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен дерекке қарағанда, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) бір егістікті жалға алған. Жер ол қайтыс болғанша қолында болған. Ұлы былай дейді: “Бұл жер әкемнің қолында көптен бері болған соң, өзіміздікі деп ойлап жүрдім. Әкем өлер алдында оның біздікі емес екенін айтты да, жалдау ақысынан қалған қарызын алтынмен не күміспен өтеуді тапсырды”».1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Кираул-ард», 4 (2/712).
5384
Кутуб ситтә, № 5384 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ قَيْسِ بْنِ مُسْلِمٍ، عَنْ أَبِي جَعْفَرٍ قَالَ: «مَا كَانَ بِالْمَدِينَةِ أَهْلُ بَيْتِ هِجْرَةٍ إِلَّا يُزَارِعُونَ عَلَى الثُّلُثِ وَالرُّبُعِ. وَزَارَعَ عَلِيٌّ، وَسَعْدُ بْنُ مَالِكٍ، وَابْنُ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ». وَعَنِ الْقَاسِمِ وَعُرْوَةَ مِثْلُهُ، وَزَادَ: «وَآلُ أَبِي بَكْرٍ، وَآلُ عُمَرَ، وَآلُ عُثْمَانَ، وَآلُ عَلِيٍّ، وَابْنُ سِيرِينَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Қайс ибн Мүслим Әбу Жағфардың мына сөзін жеткізеді: «Мәдинадағы мұһажир отбасыларының бәрі өнімнің үштен бірі не төрттен бірі есебімен егін еккен. Әли, Сағд ибн Мәлик және Ибн Мәсғуд та (р.а.) осылай егіншілік келісімін жасаған». Әл-Қасым ибн Мұхаммед пен Уруадан да осы мазмұнда риуаят жеткен. Онда: «Әбу Бәкірдің әулеті, Омардың әулеті, Османның әулеті, Әлидің әулеті және Ибн Сирин де», – деген қосымша бар.1

Түсіндірме

Басқа дереккөздерде сәнады толық келетін бұл риуаятты Бұхари сәнадын үзінді күйінде берген. Риуаят сахабалардың алдыңғы қатарлылары да музараға тәртібімен жер жалдағанын көрсетеді. Жердің жағдайына және жалдаушының тұқым беру, егу, суару секілді іске қосқан үлесіне қарай, ақыға өнімнің үштен бірі, төрттен бірі не жартысы берілген. Бұхари мұны музараға келісімінің рұқсат екенін көрсету үшін келтірген.

  1. 1Бұхари, «Музараға», 8, тараудың кіріспесінде.