وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا لَنَا إِذَا كُنَّا عِنْدَكَ رَقَّتْ قُلُوبُنَا، وَزَهِدْنَا فِي الدُّنْيَا، وَكَانَتِ الْآخِرَةُ كَأَنَّهَا رَأْيُ عَيْنٍ، وَإِذَا خَرَجْنَا مِنْ عِنْدِكَ فَعَافَسْنَا أَهْلِينَا وَشَمَمْنَا أَوْلَادَنَا أَنْكَرْنَا أَنْفُسَنَا؟ فَقَالَ عَلَيْهِ السَّلَامُ: لَوْ تَدُومُونَ عَلَى حَالِكُمْ عِنْدِي لَزَارَتْكُمُ الْمَلَائِكَةُ فِي بُيُوتِكُمْ، وَلَصَافَحَتْكُمْ فِي طُرُقِكُمْ، وَلَوْ لَمْ تَذْنِبُوا لَذَهَبَ اللَّهُ بِكُمْ وَلَجَاءَ بِخَلْقٍ جَدِيدٍ يُذْنِبُونَ وَيَسْتَغْفِرُونَ فَيَغْفِرُ لَهُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Біз: “Уа, Алланың елшісі! Қасыңызда отырғанда, жүрегіміз жібіп, дүниеге құмарлығымыз басылып, ақыретті көзімізбен көргендей боламыз. Қасыңыздан шығып, отбасымызбен араласып, балаларымызды иіскегенде, өзімізді өзіміз танымай қаламыз. Неге олай?” – дедік. Алла елшісі (с.а.с.): “Қасымдағы қалыптарыңды сақтасаңдар, періштелер үйлеріңе келіп, жолдарыңда қол алысып амандасар еді. Егер мүлде күнә жасамасаңдар, Алла сендерді алып кетіп, күнә жасайтын әрі кешірім тілейтін басқа бір жаратылыс келтірер еді де, оларды кешірер еді”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис адамның діни көңіл күйі үнемі бір қалыпта тұрмайтынын көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) қолайлы орта адамның рухани күйін көтеретінін, жағдай өзгерсе, ол күйдің бәсеңдейтінін айтқан. Бұл – табиғи құбылыс. Адамның бір рухани дәрежеде үнемі тұруы мүмкін емес, одан мұны талап ету де орынсыз. Мүслим келтірген бір риуаятта Ханзала ибн Рабиғ Алла елшісінің (с.а.с.) қасынан кеткенде рухани серпіні бәсеңдегенін екіжүзділік санап, соны айтып мұңын шаққан. Алла елшісі (с.а.с.): «Қасымда болғандағы қалпыңды сақтап, үнемі зікірде жүрсеңдер, періштелер төсектеріңде де, жолдарыңда да сендермен қол алысып амандасар еді», – деп, сыртқа шыққандағы бұл өзгерістің табиғи екенін түсіндіріп, Ханзала мен қасындағыларды жұбатқан.
2. Хадистегі екінші ой – күнә жасау мүмкіндігі адам табиғатына тән. Мүмін үшін күнә жасаудан да қатерлісі – тәубесіз қалу. Адам мүлде күнә жасамайтын күйге жетсе, жаратылыс хикметінің шегінен шыққандай болар еді. Осыдан күнә жасауға рұқсат деген ой тумауы керек. Алла Тағала Раззақ есімімен ризыққа мұқтаж жандарды жаратқаны секілді, Тәууаб және Ғафур есімдерімен тәубе етіп, кешірім тілейтін жандарды да жаратады. Осы есімдер көрініс табуы үшін тәубе мен кешірімнің шарттары мен себептері бар. Адамның өзін күнәсіз санап, Алланың алдында тәкаппарланып, наздануы – үлкен қатер. Ал күнәдан соң тәубе етіп, кешірім тілеп, дұғамен Аллаға жалбарынып, Оған бет бұруы – құлдық әдебіне сай ізгі іс.
- 1Тирмизи, «Жәннат», 2 (2526, Жанан басылымында 2528). Ибн Мәжа, «Сиям», 48 (1752), қатысты риуаят.