وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: يَا ابْنَ آدَمَ، تَفَرَّغْ لِعِبَادَتِي أَمْلَأْ صَدْرَكَ غِنًى وَأَسُدَّ فَقْرَكَ، وَإِلَّا تَفْعَلْ مَلَأْتُ يَدَيْكَ شُغْلًا وَلَمْ أَسُدَّ فَقْرَكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Алла Тағаланың былай дегенін жеткізді: “Уа, Адам баласы! Өзіңді Маған ғибадат етуге арна. Көңіліңді байлыққа толтырып, мұқтаждығыңды өтейін. Олай етпесең, қолыңды бітпес іспен толтырамын, мұқтаждығыңды өтемеймін”».1
Түсіндірме
Бұл құдси хадис Алла Тағаланың ықыласпен құлшылық еткендерге көңіл байлығын беретінін хабарлайды. Кей хадистерде нағыз байлық көңіл байлығы деп түсіндірілген. «Нағыз байлық малдың көптігінде емес. Байлық – жүректің байлығы, көңілдің тоқтығы». Көңілі байымаған адам малға деген табиғи құмарлықтың жетегімен екі аңғар толы алтыны болса да, үшіншісін тілейді. Бұл ақиқат та хадистерде айтылған. Осы хадис адам баласына табиғи әлсіздігінің қатерінен құтылар жолды көрсетеді. Ол – өмірін шынайы құлшылыққа лайықтап құру. Мұның басы – ниет. Адам әрбір ісін Алла жолында, Оның разылығына сай, құлшылық ниетімен атқаруды көздеуі керек. Сонда саудасы да, егіншілігі де, ғылыммен айналысуы да ғибадатқа айналады. Осындай ықылас болмаса, ғибадаттың өзі рияға ұласуы мүмкін. Алла сақтасын.
- 1Тирмизи, «Қиямет», 31 (2466, Жанан басылымында 2467). Ибн Мәжа, «Зүһд», 2 (4107).