وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: «وَمَا تَوَاضَعَ عَبْدٌ لِلَّهِ إِلَّا رَفَعَهُ اللَّهُ، وَأُحَدِّثُكُمْ حَدِيثًا فَاحْفَظُوهُ. إِنَّمَا الدُّنْيَا لِأَرْبَعَةِ نَفَرٍ: عَبْدٍ رَزَقَهُ اللَّهُ مَالًا وَعِلْمًا فَهُوَ يَتَّقِي فِيهِ رَبَّهُ وَيَصِلُ فِيهِ رَحِمَهُ وَيَعْلَمُ لِلَّهِ فِيهِ حَقًّا، فَهَذَا بِأَفْضَلِ الْمَنَازِلِ. وَعَبْدٍ رَزَقَهُ اللَّهُ عِلْمًا وَلَمْ يَرْزُقْهُ مَالًا فَهُوَ صَادِقُ النِّيَّةِ، يَقُولُ: لَوْ أَنَّ لِي مَالًا لَعَمِلْتُ بِعَمَلِ فُلَانٍ، فَهُوَ بِنِيَّتِهِ، فَأَجْرُهُمَا سَوَاءٌ. وَعَبْدٍ رَزَقَهُ اللَّهُ مَالًا وَلَمْ يَرْزُقْهُ عِلْمًا فَهُوَ يَخْبِطُ فِي مَالِهِ بِغَيْرِ عِلْمٍ، لَا يَتَّقِي فِيهِ رَبَّهُ، وَلَا يَصِلُ فِيهِ رَحِمَهُ، وَلَا يَعْلَمُ لِلَّهِ فِيهِ حَقًّا، فَهَذَا بِأَخْبَثِ الْمَنَازِلِ. وَعَبْدٍ لَمْ يَرْزُقْهُ اللَّهُ مَالًا وَلَا عِلْمًا، فَهُوَ يَقُولُ: لَوْ أَنَّ لِي مَالًا لَعَمِلْتُ فِيهِ بِعَمَلِ فُلَانٍ، فَهُوَ بِنِيَّتِهِ، فَوِزْرُهُمَا سَوَاءٌ». «الْخَبْطُ» فِعْلُ الشَّيْءِ عَلَى غَيْرِ نِظَامٍ، وَكَذَلِكَ فِي الْقَوْلِ.
Бір риуаятта мына сөздер де бар: «Құл Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді. Сендерге бір сөз айтамын, естеріңде сақтаңдар! Дүниедегі адамдар төрт түрлі болады.
· Алла бір құлға мал-мүлік те, білім де берген. Ол мал-мүлкін жұмсағанда Раббысынан қорқады, сол малымен туыстық байланысын сақтайды және онда Алланың ақысы барын біледі. Бұл – ең абзал дәреже.
· Алла бір құлға білім беріп, мал-мүлік бермеген. Оның ниеті шынайы. “Малым болса, пәленшенің қайырлы ісін мен де істер едім”, – дейді. Оған ниетіне қарай сауап жазылады. Екеуінің сауабы бірдей.
· Алла бір құлға мал-мүлік беріп, білім бермеген. Ол малын біліксіздікпен орынсыз шашады, оны жұмсағанда Раббысынан қорықпайды, сараңдығы мен надандығынан сол малымен туыстық байланысын сақтамайды, онда Алланың ақысы барын білмейді. Бұл – ең төмен дәреже.
· Алла бір құлға мал-мүлік те, білім де бермеген. Ол: “Малым болса, пәленшенің істегенін мен де істер едім”, – дейді. Оған ниетіне қарай күнә жазылады. Екеуінің күнәсі бірдей».1
Түсіндірме
Хадис білімі мен дәулеті жоқ адамның да ниетіне қарай ғалым мен байдың сауабына немесе күнәсіне ортақтаса алатынын көрсетеді. Автор сахих деп келтірген бір хадисте «Мүміннің ниеті амалынан қайырлы» делінген. Қол жеткізуі қиын, жауапкершілігі мол білім мен мал-мүлік бұйырмаған мүмінге мұнда ғалым мен байдың ақыреттік табысына жетудің оңай жолы көрсетіледі. Ол – ізгі ниет. Мүмін ақылға жүгініп, парыздарын орындаған соң, жақсы ойда болып, қайырлы іске ниет етсе, оны іс жүзінде атқармаса да, өзі үлгі тұтқан адамдардың сауабына ортақтасады. Үлгі тұтатын адамдардың да мүмкіндігінше ізгі істе озық болғаны жөн.
Керісінше жағдай да болуы мүмкін. Білімі де, дәулеті де жоқ адам: «Ақшам болса, пәленшедей өмір сүрсем», – деп, дүниені ғана ойлаған, дінмен ісі жоқ адасқан танымал адамдардың тірлігіне қызығып, солардай болуды армандауы мүмкін. Сонда ол олардың жаман істеріне ортақтасқан саналады. Хақ Тағала мүміндерді осындай зияннан сақтасын.
Ғалым мен байдың, яғни өзінің шамасы жетпейтін істердің сауабына ниет арқылы ортақтасқысы келген мүмін шамасы келетін қайырлы істен шет қалмауы керек. Әуелі парыз ғибадаттарын орындауы қажет. Шамасы жете тұра парызын орындамаған, харамнан сақтанбаған адамның ниет етумен ғана хадисте уәде етілген мол сауапқа жетуі неғайбыл.
- 1Тирмизи, «Зүһд», 17 (2325, Жанан басылымында 2326). Ибн Мәжа, «Зүһд», 21 (4228). Кішіпейілділік туралы алғашқы сөйлемнің мағыналас нұсқасы Мүслимде, «Бирр», 69 (2588).