وَعَنْ سُوَيْدِ بْنِ غَفَلَةَ قَالَ: «خَطَبَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِالْجَابِيَةِ، فَقَالَ: نَهَى نَبِيُّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ لُبْسِ الْحَرِيرِ إِلَّا مَوْضِعَ إِصْبَعَيْنِ أَوْ ثَلَاثٍ أَوْ أَرْبَعٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Суәйд ибн Ғафала айтады: «Омар (р.а.) әл-Жабияда жұртқа сөз сөйлеп: “Алла елшісі (с.а.с.) екі, үш немесе төрт елі мөлшерінен басқа жібекті киюге тыйым салды”, – деді»1.
Түсіндірме
Кей жағдайда рұқсат берілгенімен, бұл риуаяттарда ерлердің жібек киюіне қатысты негізгі үкім – тыйым. Рұқсат пен тыйымды білдіретін риуаяттардың әртүрлілігі ғалымдардың түрлі пікір айтуына себеп болған. Әбу Бәкір ибн әл-Араби он пікір келтірген.
1) Барлық жағдайда харам.
2) Соғыста кию мүбаһ.
3) Сапарда кию адал.
4) Ауырған жағдайда ғана адал.
5) Тек жорық кезінде адал.
6) Киімге тек белгі немесе өрнек ретінде қолдану мүбаһ.
7) Әйелдерге де, ерлерге де харам.
8) Киім ретінде харам, төсеніш ретінде мүбаһ. Әбу Ханифа мен Ибн Мәжашун осы пікірде болған.
9) Барлық жағдайда мүбаһ.
10) Басқа матаға араласқанның өзінде харам.
Сапарда жібек киюге рұқсат дегендер тыйымды жібектің адам бойында тәкаппарлық оятуымен байланыстырған. Олар жау алдында айбар көрсетуге рұқсат деп санаған. Бұл пікірді ұстанғандар Алла Елшісінің (с.а.с.) Зубәйр мен Абдуррахманға (р.а.) жібек киюге рұқсат беруіне сүйенген. Осы риуаяттан үш себеп – сапар, жорық және ауру көрсетіледі.
Ибн әл-Араби тыйымның себебі ретінде әйелдерге еліктеу, ысырап және тәкаппарлық та аталғанын жазған.
Ибн әл-Араби тыйымның басты себебі ысырап деп санап, жібек киюге әуелде рұқсат беріліп, кейін тыйым салынғанын айтады. Кей хадистерде Алла Елшісінің (с.а.с.) жібек киімді киіп, артынша шешіп: «Бұл тақуаларға лайық киім емес», – дегені баяндалған. Ибн әл-Арабидің айтуынша, белгілі шарттармен жібек киюге рұқсат еткен хадистер осы тыйымнан кейін айтылған.
- 1Мүслим, «Киім және сән», № 2069, Суәйд ибн Ғафала жеткізген нұсқа.